Түркістан қаласында еліміздегі бірегей туристік нысандардың бірі – «Turan» аквапарк-су саябағының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауқымды жоба «TURAN» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс нысанында 160 жұмысшы күндіз-түні еңбек етуде. Құрылыс үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Инвестордың мәліметінше, алғашқы кезеңді биылғы тамыз айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Құрылысы биыл наурыз айында басталған квапарк пен туристік-сауықтыру кешені 11,7 гектар аумақта орналасқан. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 200 мыңға дейін келушіні қабылдауға мүмкіндік береді. Нысан Түркістан тұрғындары мен қала қонақтарына заманауи демалыс пен ойын-сауық қызметтерін ұсынады.
Құрылыс барысын аралаған облыс әкімі жобаның өңір туризмін дамытудағы маңызына тоқталып, жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Түркістан үшін маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, жыл сайын туристер легі артып келеді. Бұл аквапарк те елімізге танымал туристік орынға айналып, өзге өңірлер мен шетелдерден де саяхатшылар келеді деген сенім мол. Жоба уақтылы әрі сапалы жүзеге асуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Жоба инвесторы, «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co.Ltd.» ЖШС-нің директоры Яньтао Ли Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, өңір басшылығының қолдауына ризашылығын білдірді.
Жоба аясында 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, толық аяқталуы 2028 жылға жоспарланған. Бірінші кезеңде саяхатшыларды қабылдау, тіркеу, киім ауыстыратын бөлмелері бар ғимарат және шомылатын орын, су аттракциондары пайдалануға беріледі. Айналмалы аквапарк салынады. Екінші және үшінші кезеңдерінде отбасылық демалыс аймағы, қонақ үй және ресторан салынады деп жоспарланған. Әлемдік стандарттарға сай су аттракциондары, алып толқын бассейндері және демалыс аймақтарымен қамтылады. Жалпы, заманауи аквапаркта демалушыларға барлық жағдай жасалады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, «Turan» аквапаркі-су саябағы Түркістандағы туризм индустриясын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жобалардың бірі саналады. Нысан іске қосылғаннан кейін өңірге келетін туристер санын арттырып, қаланың халықаралық туристік орталық ретіндегі әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.

