ЖАС КЕМЕ МОДЕЛЬДЕУШІ АСТАНАДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Адам баласының арманы шексіз, қиялы ұшқыр. Әсіресе, балаң шақтан бастап үлкен мақсаттарға құлаш ұрған жастың қадамы әрқашан сүйсінтеді. Сондай сүйсініс пен зор мақтаныш сезімін сыйлаған тағы бір сүйінші хабар Елордамыз Астана қаласынан жетті. Бас қалада кеме модельдеу спортынан Қазақстан Республикасының ХХХІ чемпионаты өз мәресіне жетті. Сарыарқаның төрінде өткен осынау дүбірлі сында Төлеби аудандық оқушылар үйінің Кеме модельдеу үйірмесінің шәкірті — Тулапбеков Үмиджан бақ сынап, F4-A класы бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді.

Бұл — жай ғана темір мен ағаштан, пластиктен жасалған шағын макеттердің жарысы емес. Бұл — толқынмен алысқан алып кемелердің заңдылықтарын, физика мен математиканың сырын ерте ұққан, қиялымен көк теңізді тербеткен жас дариялардың бәйгесі. Үмиджан өзінің қолдан құраған кеме моделімен төрешілер алдын баурап, туған ауданының мерейін үстем етті, абыройын аспандатты.

Әрбір сәтті туындының артында көз майын тауысқан бейнет пен таңбалы еңбек жататыны хақ. Бұл жетістік те — Үмиджанның айлар бойғы талмай ізденісі мен төзімділігінің жемісі. Қиын сызбаларды сызып, әр бөлшекті дәлдікпен құрастыру үлкен қажырлылықты талап етеді.

Десе де, ұстазсыз шәкірт тұл. Жас таланттың бойындағы ұшқынды байқап, оны үлкен лаулаған жалынға айналдыра білген үйірме жетекшісі — Кебекбаев Назарбектің еңбегі ерен. Ұстаздың кәсіби біліктілігі, тынымсыз ізденісі мен шәкіртіне деген қамқорлығы осы жеңістің алтын тұғырына айналды. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы үндестік пен шығармашылық белсенділігі Төлеби мақтаныштарын биікке көтерді.

Біз Төлеби ауданының атын республикаға танытқан жас жеңімпазымыз Тулапбеков Үмиджанды және оның білікті тәлімгері Кебекбаев Назарбекті осынау зор табыстарымен шын жүректен құттықтаймыз! Балалық арманы толқын жарып, алып мұхиттарға жол тартқан Үмиджанның алдағы уақытта да халықаралық додаларда толағай табыстарға жетуіне, биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз. Арман кемелеріңіз ешқашан суға батпай, жеңісті күндеріңіз көп болғай!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды