ДАЙЫН ӨНІМ ШЫҒАРАТЫН ӨНДІРІСТІ КӨБЕЙТУ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІНІҢ БІРІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің импортқа тәуелділігін төмендету, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Өңір басшысы өндірісті дамыту, экспортты арттыру маңызды екенін атап өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Біз әлі күнге дейін шикізаттық тәуелділіктен толық арыла алмай отырмыз. Сондықтан импортты алмастыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет. Шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту – өңір экономикасының басты міндеттерінің бірі. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін әлемдік ірі инвесторларды тартып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілуі тиіс. Импортты алмастыруға бағытталған барлық инвестициялық жобалар сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда болуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары импортты алмастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.

Өңірдің экспорттық әлеуеті тұрақты артып келе жатқаны айтылды. 2024 жылы Түркістан облысынан 1 млн 357 мың тонна өнім экспортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 млн 571 мың тоннаға жетіп, 16 пайызға өскен. Ал биылғы төрт айда 795,3 мың тонна өнім экспортталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері – 576,6 мың тонна, мал шаруашылығы өнімдері – 20,5 мың тонна, қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері – 198,1 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар импорт көлемінің төмендеу үрдісі қалыптасқан. 2024 жылы өңірге 761 мың тонна өнім импортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 748 мың тоннаға дейін азайды. Биылғы төрт айда импорт көлемі 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 255,5 мың тоннадан төмен болды.

Өңірде импортты алмастыру бағытында еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен қатар мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерін шығаратын жаңа өндірістер жүзеге асырылып жатыр.

Жүргізілген талдау нәтижесінде республикадан шикізат күйінде экспортталатын мыс, алюминий, темір, полипропилен және өзге де өнімдерді Түркістан облысында терең өңдеуге мүмкіндік бары анықталды. Осыған сәйкес мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс материалдары, металл конструкциялары, полипропиленнен жасалатын тұрмыстық бұйымдар және басқа да дайын өнімдер шығаратын 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әрқайсысына инвестициялық паспорт дайындалған.

Сондай-ақ Сайрам индустриялық аймағында сыр, ірімшік және құрғақ сүт өндіретін зауыттар, Сауран ауданында көкөніс өңдеу және консервілеу, томат пастасын шығару өндірісі, Мақтаарал ауданында кілем өндірісі, ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында балалар тағамын өндіретін зауыт салу ұсынылды.

Мәжілісте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету бағытындағы жобалар да қаралды. Қазіргі таңда облыс халқы көкөніс, бақша, картоп, жүзім, сиыр, қой және жылқы еті, сондай-ақ сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен құс етімен қамтамасыз ету деңгейі – 21 пайыз, жұмыртқа – 47 пайыз, шұжық өнімдері – 50 пайызды құрайды.

Осы тапшылықты жою үшін жалпы құны 60 млрд. теңгені құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін зауыт салынып жатыр. Ордабасы ауданында құс етін өндіру көлемі ұлғайтылып, Бәйдібек ауданында жұмыртқа өндіретін кешеннің құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге Отырар және Шардара аудандары мен Арыс қаласында жаңа өнеркәсіптік құс кешендерін іске асыру ұсынылды.

Бұдан бөлек, етті терең өңдеу бағытындағы үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Түлкібас және Төлеби аудандарында заманауи сүт-тауарлы фермалар салыну үстінде. Ал Сауран мен Бәйдібек аудандарында сүт өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланған.

2026-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобалардың жол картасы аясында жалпы құны 269 млрд. теңгені құрайтын 43 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 115 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл құны 96,3 млрд. теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделсе, бүгінге дейін құны 17,4 млрд. теңгелік 5 жоба пайдалануға беріліп, 140 жаңа жұмыс орны ашылған.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне импортты алмастыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуды, жаңа өндірістерді іске қосуды және барлық жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды