ЕУРОКУБОК СЫНЫ: ҚАЗАҚ КЛУБТАРЫ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢГЕ ӨТЕ АЛА МА?

Шілде айы қазақстандық футбол үшін ең жауапты кезеңдердің бірі болғалы тұр. Дәл осы уақытта ел намысын халықаралық аренада қорғайтын клубтар УЕФА Чемпиондар және Конференция лигаларының іріктеу кезеңдерінде бақ сынайды. Биыл Қазақстан атынан төрт команда – «Қайрат», «Астана», «Тобыл» және «Елімай» келесі кезең жолдамасы үшін күреседі.

Қағаз жүзінде қазақстандық клубтардың кейбірі фаворит көрінгенімен, қазіргі еурокубоктарда оңай қарсылас жоқ. Балқан, Балтық жағалауы және Шығыс Еуропа командалары соңғы жылдары қарқынды дамып, өз чемпионаттарының деңгейін көтеріп келеді. Сондықтан әр жұптағы текетірес тартысты өтпек.

 

«ҚАЙРАТ» – БАСТЫ ҮМІТ

Қазақстан чемпионы «Қайрат» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубымен кездеседі. Алғашқы матч Алматыда, қарымта ойын Никшич қаласында өтеді.

«Сутьеска» – Черногория футболындағы ең тұрақты клубтардың бірі. Ел чемпионатында бірнеше мәрте топ жарған команда еурокубоктардың тұрақты қатысушысы болғанымен, топтық кезеңге шыға алған емес. Команда тәртіпті қорғанысымен және жылдам қарсы шабуылдарымен ерекшеленеді.

Қазіргі құрам сапасы, ойыншылардың шеберлігі және ішкі чемпионаттағы нәтижесіне қарап, «Қайрат» бұл жұпта фаворит саналады. Алматылық клубтың техникалық деңгейі жоғары, шабуыл шебі де әлдеқайда қауіпті.

Болжам:

  • «Қайрат» – 70%
  • «Сутьеска» – 30%

Бұл жұптағы басты мәселе – сырт алаңдағы ойын. Егер «Қайрат» Алматыдағы кездесуде екі доп айырмасымен жеңіске жетсе, келесі кезеңнің жолдамасы айтарлықтай жақындай түседі. Сондықтан жалпы жеңісті жақындату үшін өз алаңында барынша ірі есеп тіркегені абзал.

 

«АСТАНА» ТӘЖІРИБЕГЕ ҮМІТ АРТАДЫ

Елордалық клуб Конференция лигасының алғашқы ойынын Албанияның «Динамо Сити» командасына қарсы өткізеді.

Бірінші кездесу – 9 шілде, Тиранада.

Қарымта матч – 16 шілде, Астанада.

«Динамо Сити» соңғы маусымдарда Албания чемпионатының көшбасшылары қатарына қосылды. Команда қарқынды әрі жылдам футбол ойнайды. Әсіресе өз алаңында өте қауіпті қарсылас саналады.

Еурокубок тәжірибесі жөнінен Қазақстан клубтарының ішінде ешкім «Астанамен» теңесе алмайды. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының негізгі кезеңдерінде ойнаған тәжірибе мұндай кездесулерде шешуші фактор болуы мүмкін.

Болжам:

  • «Астана» – 60%
  • «Динамо Сити» – 40%

Егер «Астана» Тиранадан тең нәтижемен немесе минималды жеңіліспен оралса, өз алаңында қарсыластан басым түсуге толық мүмкіндігі бар. Биылғы құрамы әлсіздеу көрінгенімен елордалық клуб өз алаңында кез келген қарсыласты тығырыққа тірей алады.

 

«ТОБЫЛҒА» СЕНІМ АЗ

Қостанайлық «Тобыл» УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Паневежис» клубымен кездеседі.

  • Алғашқы ойын – 23 шілде, Литваның Паневежис қаласында.
  • Қарымта кездесу – 30 шілде, Қостанайда өтеді.

«Паневежис» – Литва футболындағы кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқан клубтардың бірі. Команда 2023 жылғы маусымда ел чемпионы атанып, кейінгі жылдары еурокубоктарға тұрақты қатысып келеді. Литва футболына тән тәртіпті қорғаныс пен жоғары физикалық дайындық бұл клубтың басты ерекшелігі.

Құрамында тәжірибелі легионерлер жеткілікті болғанымен, ойыншылардың нарықтық құны жағынан «Тобылмен» шамалас деуге болады.

Қостанайлық клубтың басты артықшылығы – халықаралық тәжірибе. Соңғы жылдары «Базель», «Дерри Сити» секілді клубтарға қарсы лайықты ойын көрсеткен тәжірибесі бар. Дей тұрғанмен, биыл «Тобыл» ең сүреңсіз маусымның бірін өткізуде. Маусым басталарда чемпиондыққа таласады деп күткен команда қазір премьер-лигада турнир кестесінің соңында келеді.

Болжам:

  • «Тобыл» – 55%
  • «Паневежис» – 45%

Егер Литвадағы алғашқы кездесуде жеңіліс болмаса немесе бір доптан артық ұтылмаса, Қостанайдағы жауапты ойында жанкүйерлер қолдауы «Тобылдың» басты артықшылығына айналуы тиіс.

 

«ЕЛІМАЙ» ҮШІН ТАРИХИ СӘТ

Семейдің «Елім-ай» клубы тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еурокубок жолына шыққалы отыр. Команда Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Арменияның «Алашкерт» клубымен кездеседі.

«Алашкерт» – Армения чемпиондарының бірі болған, Еуропада тәжірибесі мол клуб. Соңғы он жылда Чемпиондар лигасы мен Конференция лигасының іріктеу кезеңдерінде тұрақты ойнап келеді.

Бұл жағынан армян клубының тәжірибесі басым.

«Елімайдың» басты артықшылығы – ойыншылардың жігері мен мотивациясы. Алғашқы еурокубок маусымында өздерін көрсету үшін команда бар күшін салатыны анық.

Болжам:

  • «Алашкерт» – 55%
  • «Елімай» – 45%

Бұл жұптағы бәсеке өте жоғары. Егер семейліктер алғашқы ойында өз қақпасына гол жібермесе, тосын нәтиже көрсетуі әбден мүмкін.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Биылғы еурокубок маусымы Қазақстан клубтары үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Әр команда әртүрлі деңгейдегі қарсыластармен кездескенімен, олардың барлығына ортақ міндет – Қазақстанның УЕФА рейтингіндегі орнын жақсарту.

Қазіргі күш арақатынасына сүйенсек, «Қайрат» – келесі кезеңге шығуға ең басты үміткер. «Астана» – тәжірибесінің арқасында өз мүмкіндігін тиімді пайдалануға қауқарлы. «Тобыл» мен «Паневежис» жұбында фаворит анық емес. Бірақ жауапты ойынның Қостанайда өтуі қазақстандық клубқа аз да болса басымдық береді. «Елім-ай» үшін бұл – халықаралық аренадағы алғашқы үлкен сынақ. Тәжірибе жағынан қарсыласы алда болғанымен, футбол тосынсыйларға толы ойын.

Егер төрт клубтың үшеуі келесі кезеңге өте алса, бұл Қазақстан футболының еурокубоктардағы соңғы жылдардағы ең табысты бастамаларының бірі болмақ. Ал мұндай нәтиже елдің УЕФА коэффициентін жақсартып қана қоймай, алдағы маусымдарда қазақстандық клубтардың еурокубоктардағы мүмкіндігін кеңейтуге де ықпал етпек.

 

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды