КӘСІПОРЫН АЙ САЙЫН 55 ТОННАҒА ДЕЙІН ӨНІМДІ ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ЖЕТКІЗЕДІ

Жетісай ауданындағы Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Өркенді елді мекенінде «Ленгер балмұздағы» ЖШС-нің жаңа қоймасы өз жұмысын бастады. Осыған орай аудан әкімі Серік Мамытов кәсіпорынға арнайы барып, нысанның өндірістік әлеуетімен, сақтау жүйесімен және жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жалпы сыйымдылығы 180 тоннаны құрайтын қойма заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда балмұздақ өнімдерін ұзақ мерзімге сапасын сақтай отырып сақтау және тасымалдау үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Бүгінде қойма арқылы Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары толықтай балмұздақ өнімдерімен қамтамасыз етілуде. Кәсіпорын ай сайын орта есеппен 55 тоннаға дейін өнімді тұтынушыларға жеткізеді.

Жобаның маңызды артықшылықтарының бірі – жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуы. Кәсіпорында ауыл тұрғындары еңбек етіп, өңірдегі жұмыспен қамту деңгейінің артуына өз үлесін қосуда. Нысанды аралау барысында аудан әкімі Серік Мамытов қойманың материалдық-техникалық базасына, өнімдерді сақтау технологиясына және логистикалық мүмкіндіктеріне оң бағасын берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамалардың өңір экономикасының дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және азық-түлік нарығын тұрақтандыруға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.

Қазіргі таңда Жетісай ауданында кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауылдық округтерде жаңа өндіріс орындары мен кәсіпкерлік нысандарының ашылуы жергілікті экономиканы әртараптандыруға, салық түсімдерін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға оң әсерін тигізуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды