ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БОЙЫНША БЕС АЙЛЫҚ ЖОСПАР 103,9 ПАЙЫЗҒА ОРЫНДАЛДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте халықты жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы қаралды. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова баяндама жасап, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 19 жоба арқылы 136 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланғанын айтты. Бүгінде 3 жоба іске асырылып, 41 жұмыс орны ашылған.

Сондай-ақ, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша бес айда 383 жаңа жұмыс орны құрылып, жоспар 93 пайызға орындалған. Тұрақты жұмыспен қамту бағытында 1794 азамат жұмысқа жолданса, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 1232 адам қамтылып, бес айлық жоспар 103,9 пайызға орындалды.

Мәжіліс барысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ұлттық жобалар аясындағы көрсеткіштерді арттыру, еңбек шарттарын тіркеу және міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар жауапты сала басшыларына жоспарлы индикаторлардың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды