ӘР АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖЕКЕ-ДАРА ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңес бюросының бүгінгі отырысы партиямыздың атынан сайланған аудан әкімдерінің атқарған жұмыстарын жан-жақты саралауға арналды. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен жиынға Саяси кеңес бюросының мүшелері: Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары, азаматық ұйым белсенділері, партия қызметкерлері қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Партия қабылдаған шешімдердің нақты жүзеге асырылуын қадағалайтын алқалы жұмысшы органның отырысына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков және Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев арнайы шақырылған болатын. Атап өтуіміз қажет, мәжіліске шақырылған аудан әкімдері, 2023 жылы Түркістан облысында пилоттық режимде өткен аудан әкімдерінің сайлауында «AMANAT» партиясының тікелей қолдауымен, халық сенімі мен партиялық жауапкершілікті мойнына алған басшылар екені ерекше атап өтілді.

Жиын барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев партияның сенім мандатын алған аудан әкімдерінің қызметіне принципті саяси баға берді.

— Бүгінгі Саяси кеңес бюросының отырысы – «AMANAT» партиясының сенім мандатын алған аудан әкімдерінің қызметін кешенді түрде бағалауға арналған маңызды саяси алаң. Түркістан облысында 2023 жылы үш аудан басшысы партия атынан сайланып, халықтың тікелей қолдауына ие болды. Артылған сенім ең алдымен, жоғары деңгейдегі саяси жауапкершілік пен нақты міндеттемелерді жүктеді. Сайланған аудан әкімдері тек атқарушы орган басшысы ғана емес, «AMANAT» партиясының өкілі ретінде оның саяси ұстанымы мен беделін айқындайтын тұлға ретінде танылды. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, әлеуметтік міндеттемелердің орындалу деңгейі партиямыздың Сайлауалды бағдарламасымен тығыз байланысты екенін жақсы білесіздер. Сондықтан, оның әрбір тармағының сапалы әрі мерзімінде орындалуы – сіздердің тікелей қызметтік міндеттеріңіз. Біз үшін есептің көлемі емес, оның мазмұны мен нақты нәтижесі маңызды. Әрбір көрсеткіштің артында халықтың тұрмыс сапасы, әлеуметтік жағдайы және өңірдің даму қарқыны тұруы тиіс. Партиямыз әкімдердің қызметін ең алдымен халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен бағалайды, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Мәжілістің күн тәртібіне қатысты пікір білдірген Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы мәселені нақты әрі талапшыл тұрғыда көтерді.

— Бүгінгі отырыстың негізгі мақсаты «AMANAT» партиясының сенім мандатын алған аудан әкімдерінің халық алдындағы есептілігін қамтамасыз ету. Сондықтан мұндай есепті үшінші тұлға емес, тікелей сол сенім мандатын алған басшының өзі беруі тиіс. Белгілі болғандай, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев уақытша жұмыста болмауына байланысты, жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков қатысып отыр. Алайда, партиялық мандат – жеке жауапкершілік. Оны ешкімнің атынан алмастыруға болмайды. Осыған байланысты, Шардара ауданы әкімінің есебін кейінге қалдыруды ұсынамын. Партияның сеніміне ие болған басшы өзі келіп, өз жұмысына өзі саяси есеп беруі қажет. Бұл – партия алдындағы да, халық алдындағы да ашықтық пен жауапкершіліктің басты қағидаты,- деді Нұралы Әлмаханұлы.

Аталған ұсыныс бюро мүшелері тарапынан толық қолдау тауып, Шардара ауданы әкімінің есебін жеке қарау туралы шешім қабылданды.

Мәжілісте Мақтаарал және Созақ аудандарының басшылары өз өңірлерінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің динамикасы және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты есеп берді. Инфрақұрылымдық жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, жол құрылысы, ауыз су және электрмен қамту салаларындағы проблемалық мәселелер көтерілді. Ауыл шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау бағытында партия бекіткен межелі көрсеткіштердің орындалуына талдау жүргізілді. Әсіресе, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту, заңсыз берілген жерлерді қайтарып алу, оларды ортақ жайылымдық жер ретінде қайта айналымға қосу мәселелеріндегі түйткілдер талқыға түсті.

Партия өкілдері әр ауданның әлеуметтік даму көрсеткіштерін де жеке-дара қарастырды. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және халықтың өмір сапасын арттыру бағытындағы нақты жұмыстарды саралады. Жаңа мектептер мен медициналық нысандардың құрылысы, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қолдау шараларының динамикасы таразыланды.

Жиын барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков аталған аудандарда жүргізілген кешенді талдау қорытындылары мен партиялық бақылау аясында анықталған өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. Жүргізілген мониторинг нәтижелері, Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының жекелеген тармақтарын іске асыруда жүйелі мәселелер бар екені анықталған.

Атап айтқанда, кейбір инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу мерзімдерінің сақталмауы, жобалық-сметалық құжаттамалардың уақытылы әзірленбеуі және мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігінің жеткіліксіздігі байқалатыны айтылды. Әлеуметтік нысандар құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы және оларды пайдалануға беру мерзімдерінде бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді. Кейбір елді мекендерде мектеп, медициналық нысандар мен мәдениет үйлері бойынша жұмыстардың қарқынын арттыру тиіс екені мәлімделді. Жол картасында көзделген бірқатар жобалар бойынша нақты орындалу көрсеткіштері жоспарланған деңгейге жетпей отырғаны ескертілді.

Жиында облыстың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысына Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар арнайы тоқталды. Жүргізілген экономикалық талдау мен тиімділіктерді баяндады. Өңіріміздің өзіндік экономикалық бағыты мен әлеуетіне сәйкес өсім нүктелері жөнінде мағлұмат берді. Бұл ретте Жол картасында көзделген индикаторлардың орындалуы өңірлік дамудың негізгі өлшемі ретінде қарастырылғанын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев қаралған мәселелерге нақты саяси баға беріп, қабылданған шешімдердің маңызын айқындады. Жұмыс мәжілісі партияның сенім мандатын алған аудан әкімдерінің қызметіне берілген жүйелі әрі әділ саяси бағалау болғанын атап өтіп, көтерілген мәселелер мен айтылған сын-ескертпелер партия бақылауында болатынына баса мән берді.

— Ең басты талап – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының сапалы әрі толық орындалуы. Біз бүгін тек атқарылған жұмыстарды тыңдап қана қойған жоқпыз. Біз нақты кемшіліктерді ашық айттық, жүйелі проблемаларды анықтадық. Ендігі міндет – сол олқылықтарды жою бойынша нақты шаралар қабылдау. Жұмысты созбалаңға салу, мерзімдерді бұзу, көрсеткіштерді жасанды түрде орындау сияқты әрекеттерге жол берілмейді, — деп нақты айтты.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы тарапынан әрбір аудан бойынша Жол картасының орындалуын тұрақты түрде қаралып, тиісті қорытындылар жасалатын болады. Қажет болған жағдайда, нақты саяси және ұйымдастырушылық шешімдер қабылданады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды