БІЛІМ, БІЛІК, ДАҒДЫ – ТАБЫСТЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «DIGITAL дәуірдегі көшбасшы: білім мен дағдының рөлі» атты өңірлік форумын өткізді. Біз өмір сүріп жатқан цифрлық дәуірге қажетті білім мен білікті беретін, қарым мен қабілетті шыңдайтын іс-шараға студент жастар, жас кәсіби мамандар, іскерлік ортаға қадам басқан жас кәсіпкерлер қатысты. Болашақтың білімін арқау еткен маңызды платформаға жиналғандардың басым көпшілігін «AMANAT» партиясының жаңа толқын белсенділері құрады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Форум жұмысы терең білім, еңбекқорлық және отансүйгіштік құндылықтарын жастар арасында кеңінен насихаттауға, сондай-ақ цифрлық дәуірде бәсекеге қабілетті, көшбасшы тұлғаларды қалыптастыруға арналды. Іс-шараның мазмұнын баяндаған облыстық партия филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы, форум қатысушылары тұлғалық даму, цифрлық дағдылар және жасанды интеллект пен инновациялар бағыттары бойынша кешенді білім алатынын айтып өтті. Форум аясында мотивациялық кездесулер мен тренингтер арқылы жастардың көшбасшылық қасиеттері шыңдалып, мақсат қою мен уақытты тиімді басқару дағдылары жетілдірілетінін түсіндірді. Сонымен қатар, ораторлық өнер, пікірсайыс мәдениеті, креативті ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған практикалық сабақтар ұйымдастырылатынын атап өтті.

Форум жұмысының ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып, мұндай алаңдардың маңыздылығына, жастарға беретін пайдасына тоқталды:

— Жастардың арасында болу әрдайым қызықты. Бүгінгі жас толқын – білімді, талапты, өршіл буын. «AMANAT» партиясы әрқашан жастарды қолдап келеді және бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Кешегі референдум кезінде де жастар күндіз-түні еңбек етіп, ел болашағы үшін өз үлесін қосты. Нағыз азаматтық ұстанымды, жасампаз патриоттық рухты көрсетті. Білім, білік, дағды – табыстың негізгі тірегі. Білімді адамның сөзі көркем, ойы биік болады. Сондықтан әр жастың өзіне деген талабы жоғары болуы керек. Біздің буынның кезінде жасанды интеллект, цифрлық мүмкіндіктер болған жоқ. Әр дәуірдің өз арманы мен өз мүмкіндігі бар. Ал қазіргі жастар үшін мүмкіндіктер есігі айқара ашық. Ең бастысы, сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу маңызды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін жастар тек білімді ғана емес, икемді, креативті әрі жауапкершілігі жоғары болуы қажет. Бұл форум – сіздердің өз әлеуеттеріңізді ашуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және болашаққа нақты қадам жасауға берілген мүмкіндік, – деді ол.

Көшбасшы болу тек алға шығу емес, ол – жауапкершілік алу, қоғамға пайда келтіру дегенді айтқан Қалыйма Жантөреқызы жаңа Конституция қабылдау бойынша өткен референдумда азаматтық белсенділігімен танылған бірқатар жастарға Қазақстан Республикасы Президентінің және Жалпыұлттық коалиция төрағасының Алғыс хаттарын тапсырды.

Облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы адамның ішкі мақсаттарын, өмірлік армандарын айқындап, сол армандарды нақты жоспарға айналдыруға көмектесетін мотивациялық-практикалық тренинг өткізсе, «Сана» орталығының спикері Ақан Бесбаев нәтижелі әрекет тренингіне жетекші болды. Бұл практикалық оқыту форматында адамның өз мақсатын нақты айқындап, сол мақсатқа жету үшін тиімді жоспар құру, уақытты дұрыс басқару және әрекетті нәтижеге бағыттау дағдылары үйретілді.

Облыстағы бірқатар белсенді жастарымыз «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» республикалық жастар қанатының «Жас көшбасшылар мектебі» платформасында білімдерін жетілдірген болатын. Жастар белсенділерінің осы шоғыры форум барысында Нетворкинг – коммуникация орнату дағдылары бойынша замандастарына шеберлік дәрістерін өткізді. Осы байланыстар арқылы ақпарат, мүмкіндік, тәжірибе және ресурстар алмасу мүмкіндігі жөнінде пайдалы ойындар ұйымдастырды. Атап өтуіміз қажет, бұл ұғым қазіргі цифрлық дәуірде өте маңызды болып отыр. Бұрын таныстық көбіне жеке кездесулер арқылы қалыптасса, қазір әлеуметтік желілер, кәсіби платформалар және форумдар арқылы да нетворкинг жасауға болады.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жастарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Мұндай бастамалар жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, ел болашағын қалыптастыратын білікті әрі заманауи буынды тәрбиелеуге ықпал етеді деп білеміз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды