«ҚАБІЛЕТІ ЖОҒАРЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРЫМЫЗ – ӨҢІРДІҢ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН БАСТЫ КҮШ»

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп, «Дарынды балалар – интеллектуалды ұлт негізі: қолдау мен дамытудың заманауи институционалдық экожүйесі» дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Партияның Әйелдер қанаты үйлестіретін «Ғылымдағы әйелдер» бағыты бойынша өткізілген іс-шара 12 сәуір – Ғылым күні апталығына арналды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту бағытындағы заманауи тәсілдер мен тиімді тәжірибелерді талқылау, осы саладағы институционалдық экожүйені жетілдіру жолдарын қарастыру, сондай-ақ педагогтер мен мамандар арасында тәжірибе алмасу арқылы зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған бірлескен іс-қимылды нығайту мәселелеріне арналған жиынға педагогтар, білім беру ұйымдарының жетекшілері, әдіскерлер және дарынды балалармен жұмыс жүргізетін мамандар қатысты.

Жиынның ашылуында сөз алған облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева бүгінгі басқосу тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен бірге өңіріміздің ертеңіне тікелей әсер ететін стратегиялық бағыттарды айқындайтын маңызды диалог алаңы екенін айтты.

— Түркістан облысы – демографиялық тұрғыдан да, рухани-мәдени әлеуеті жағынан да ерекше өңір. Біздің ең үлкен байлығымыз – табиғи ресурстар емес, адам капиталы. Әсіресе, білімге құштар, ойы ұшқыр, қабілеті жоғары дарынды балаларымыз өңірдің болашағын айқындайтын басты күш. Осы бағытта «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесінің отырысында бірқатар ұсыныстар көтерілді. Өткізіліп отырған дөңгелек үстел – сол бастамалардың заңды жалғасы. Мұнда біз тек мәселені айтып қана қоймай, нақты шешімдерге жол ашатын заманауи тәсілдер мен тәжірибелерді бірге саралаймыз. Бәсекеге қабілетті ел болудың негізі білімді ұрпақ екені белгілі. Ал білімді ұрпақ өздігінен қалыптаспайды, ол жүйелі ізденіс, сапалы тәрбие және уақытылы қолдаудың нәтижесінде қалыптасады. Сондықтан дарынды балаларды ерте кезеңнен анықтау, олардың қабілетін дамыту және жан-жақты қолдау көрсету біздің ортақ міндетіміз, — деді Қалыйма Жантөреқызы.

Мәжіліс одан әрі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жанар Темірбекованың модераторлығымен өтті. Жиында қазіргі заман бізден жаңа көзқарасты талап ететіні, дарынды баланы шығармашылық ойлау қабілетімен, инновациялық идеяларымен, цифрлық сауаттылығымен және әлеуметтік белсенділігімен бағалауымыз қажет екені айтылды. Білім беру жүйесінің жаңа парадигмасы ортақ жауапкершілікті күшейту арқылы түзілетініне баса мән берілді. Бала тәрбиесі мен білім сапасы тек мектептің немесе бір мекеменің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның, ата-ананың, мемлекеттік құрылымдардың және саяси институттардың бірлескен жұмысы екені назарға алынды.

Жиын барысында бейнеконференц режимі арқылы сөз алған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Қостанай облысы бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру орталығы директорының орынбасары Жахонгир Гаппаров дарынды балаларды анықтау және қолдау жүйесін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Дарынды балалармен жұмыс жүргізуде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Осы орайда педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде арнайы бағдарламалар, тренингтер мен әдістемелік қолдауларды күшейту қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, ұстаздың кәсіби деңгейі неғұрлым жоғары болса, баланың қабілетін ерте тану мүмкіндігі де соғұрлым артады.

Сонымен қатар ол өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу, заманауи диагностикалық әдістерді енгізу және жеке білім беру траекторияларын қалыптастыру арқылы әрбір талантты баланың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Түркістан облыстық білім басқармасының «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы» мекемесінің атынан сөз алған Азат Амиртаев, аталған орталық, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген тізімге енген 30-дан астам олимпиадалар мен байқаулардың облыстық кезеңін ұйымдастырып, республикалық, халықаралық кезеңге оқушыларды қатыстырғанын жеткізді. Биылғы оқу жылында мектепшілік білім сайыстарына 368 563 оқушы қатысқанын, бұл облыстағы жалпы оқушылардың 70 пайызын құрайтынын жеткізді.

— 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап облыста 20-дан астам олимпиада мен байқаудың облыстық кезеңдері ұйымдастырылып, оған шамамен 5000 оқушы қатысты. Оның ішінде 2452 оқушы – ауыл мектептерінің оқушылары. Нәтижесінде 280 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды, олардың 93-і ауыл мектептерінің оқушылары болды. Айта кету керек, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы 2025 оқу жылында тұңғыш рет бас жүлдені жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды, — деді өз сөзінде мекеме өкілі.

Білім олимпиадаларына оқушылардың қатысу көрсеткіштері әр ауданда әрқилы екеніне назар аударған мекеме басшысы, қатысушылар көрсеткіштері төмен аумақтар санатында Арыс, Кентау қалаларын, Төлеби және Шардара аудандарын жекелей атап өтті. Жоғары көрсеткішке қол жеткізген аудандардың тиімді тәжірибесін төмен көрсеткіш көрсеткен аудандарға енгізу, әдістемелік қолдау көрсету және дайындық жүйесін жетілдіру қажеттілігі туралы ұсынысын білдірді.

Сондай-ақ жиын барысында Түркістан қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдын Тусупжанов сөз алып, дарынды балаларды дамытудағы заманауи білім беру экожүйесінің рөліне тоқталды. Ол өз баяндамасында қазіргі білім беру кеңістігінде дарынды оқушылармен жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру – тек мектептің ішкі міндеті емес, ол өңірлік деңгейде қалыптасқан кешенді қолдау инфрақұрылымын талап ететінін атап өтті. Дарынды балаларды анықтауда халықаралық тәжірибеде қолданылып жүрген көпдеңгейлі диагностикалық тәсілдердің маңызына тоқталып, Қазақстан жағдайында да осы бағыттағы әдістемелерді кеңінен енгізу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, оқушының тек пәндік білім деңгейін емес, оның зерттеушілік дағдысын, жобалық ойлау қабілетін және командамен жұмыс істеу мәдениетін бағалау – дарындылықты айқындаудың жаңа стандарты болуы тиіс.

Сонымен қатар мектеп директоры педагогтердің кәсіби дамуы мен тәжірибе алмасуының үздіксіз жүйесін қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Бұл ретте университеттер, орта білім беру ұйымдары және біліктілікті арттыру орталықтары арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту дарынды балалармен жұмыстың сапасын арттыратынын жеткізді. Ол сондай-ақ ауыл мектептеріндегі талантты оқушыларды қолдауға арналған арнайы менторлық бағдарламаларды кеңейту, цифрлық платформалар арқылы қашықтан сүйемелдеу тетіктерін енгізу – тең мүмкіндік қағидатын қамтамасыз етудің маңызды құралы екенін атап өтті.

Жиынды қорытындылай келе, қатысушылар көтерілген барлық ұсыныстар мен бастамалардың өңірлік білім беру саясатын жетілдіруге және дарынды балаларды қолдаудың институционалдық экожүйесін нығайтуға негіз болатынын атап өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын, білім мен ғылымды дамыту, дарынды жастарды қолдау және зияткер ұлт қалыптастыру мәселелері партияның стратегиялық басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Әйелдер қанаты бастамашы болған мұндай іс-шаралар өңірдегі әлеуметтік-рухани дамуға серпін беріп, білім беру саласындағы жаңа серіктестіктер мен нақты нәтижелерге жол ашатыны айтылды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды