ЖЕҢІС ОҢАЙ КЕЛМЕДІ

Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін өз алаңында өткізген «Барыс» ресейлік команда «Сочиді» қабылдаған болатын. Екі ұжым негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмады.

Бірінші болып қонақтар есеп ашты (0:1 — 06:44 Мосалёв). «Барыс» есепті жылдам теңестіреді деп ойлағанбыз. Керісінше, «Сочи» ойыншылары белсенділік танытып, біздің қақпаға жиі қауіп төндірумен болды. Қақпашы Хенрик Карлсонның шеберлігі қонақтардың есепті еселеуіне мүмкіндік берген жоқ.

Екінші таймда Кевин Даллмэн (1:1 — 27:08), үшінші таймда Андре Петерссон (2:1 — 46:26) көзге түсіп, «Барысты» алға шығарған. Алайда қонақтар ойынның негізгі уақыты аяқталуына 1 минут қалғанда есепті теңестіріп кетті.

Қосымша 5 минуттықта командалар шайба соға алмады. Ал буллит орындауда қақпашымыз қонақтардың көзге түсуіне мүмкіндік бермесе, Роман Старченко мен Даррен Диц нәтижелі соққы жасап, ойынды тамашалауға жиналған 8 мыңнан астам жанкүйердің қошеметіне бөленді.

Айта кетейік, қаңтардың 10-ы күні ойламаған жерден қытайлық «Куньлунь РС» командасына 1:3 есебімен есе жіберіп қойған еді. «Барыс» келесі ойынды 15 қаңтарда мәскеулік «Спартакқа» қарсы өткізеді.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған