ҚАНАТ ИСЛАМ ШАРШЫ АЛАҢҒА ҚАШАН ОРАЛАДЫ?

Кәсіпқой бокста 25 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен жерлесіміз Қанат Исламның шаршы алаңға шықпағанына жылдан асты. «Кәсіпқой боксты қойғаны жөн» деп кеңес беретіндер де көп. Олардың ақылы қаншалықты құлаққа қонымды? Ал Қанаттың өзі не дейді?

Қанаттың арманы көп. Бүгін-ертең боксты қоя саламын деген ой санасына кіріп те шықпаған. Денсаулығы жарап тұрса, қырыққа дейін қолғабын шешпеуге дайын.

Денсаулық демекші, осы уақытқа дейін жекпе-жек өткізе алмай жүрген себебі де сонда. Жаттығу кезінде аяғын жарақаттап алған екен. Соның салдарынан жұдырықтасу былай тұрсын, дайындығын пысықтауға мүмкіндігі болмай келіпті.

– Мен отаны Америкада жасаттым. Ол жақтағы дәрігерлер желтоқсан айына дейін аяққа салмақ салмауымды сұрады. Шыдамым жетпей үш айға дейін алуға болмайтын гиспті бір айда шешіп тастадым, – дейді Қанат Ислам «SERIK NOYAN LIVE» атты Youtube-арнаға берген сұхбатында.

Бүгінде қандасымыз Алматыдағы Физикалық оңалту және қалпына келтіру орталықтарының бірінде ем қабылдап жүр екен. Бәрі ойдағыдай болып денсаулығы түзелсе, мамыр айында жекпе-жек өткізу ойында бар.

– Қазір маған Мэнни Пакьяо келіп «Қанат, қайтесің боксты, саған болмайды» десе, ойлануға болар еді. Ал өзі кәсіпқой бокстың не екенін білмейтін, рингке шықпаған, мұрны қанамаған біреу үйінде отырып алып саған баға берсе «кетші-ей ары» дейсің ғой, – дейді Қанат ақыл айтқыштарға.

Айта кетейік, 1984 жылы 13 қыркүйекте дүниеге келген Қанат Ислам биыл 35-ке келеді екен. Яғни, әуесқой бокста ардагер спортшы саналғанымен, бұл жаста кәсіпқой бокстың талай биігін бағындыруға мүмкіндігі бар. Ендеше, бауырымызға сәттілік жолдас болсын! Әлем чемпионы атанып, қалың жанкүйерін қуанта беруіне тілектеспіз.

Мирас ӘСЕМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған