ӘЗ-НАУРЫЗ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕРЕКЕСI

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – түркі жұртының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақ сақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, бата береді.

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алайда осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда «Кешірім жолын ұстан» деп бұйырған.

Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген.

Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып біздер үшін бірлікпен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді.

Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Осы тұста, Наурыз мерекесі кезінде атқаратын бірқатар амалдарды айтып өтуді жөн санаймын.

Кейбір жылдары көктем айлары жауын-шашынсыз өтетіні белгілі. Осындай кезде ел болып екі ракат намазын жаңбыр тілеу оқиды. Мұны қазақ жұртында «тасаттық» деп те атайтын болған. Әбу Ханафи мазһабы бойынша жамағатпен жария оқу сүннет емес, жарамды мәндүп іс болып саналады (Ислам Ғылымхалы 177-бет).

Нұх Пайғамбар: «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені ол – өте жарылқаушы», – деді. «Ол сендерге аспаннан мол-мол жауын жіберді» (Нұх, 71/10-11). Мұса Пайғамбар жайлы: «Сол уақытта Мұса елі үшін су тіледі» (Бақара, 2/60). Жауын жаумаса, намаз бірнеше күн қайталанады.
Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарымыз жеріне жауын сұрап, Аллаға мінәжат етуге халқын жинап, далаға келе жатады. Сөйтсе, алдынан кішкене бір құмырсқаның аяғынан тік тұрып, екі қолын көкке көтеріп, Жаратқанға дұға тілеп тұрғанын көреді. Құмырсқа болса, «Я, мейірімді Алла! Біз сенің жаратылыстарыңның ішіндегі ең кішкене құмырсқасы боламыз. Адамдардың күнәлары мен қателіктері үшін, бізді жазалама, ризығымызды кеспе, жауын бер, бұл нәрден жеріміз көгеріп, бізге ризық беріледі» деп, тілеп тұрғанын естиді. Сонда, Сүлеймен (ғ.с.) барша жануар-жәндіктің тілін ұққандықтан, өз халқына бұрылып, «Кері қайтамыз. Бір құмырсқаның шынайы тілегінің өзі де жеткілікті» – деген екен.

Мұса (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсында Жаратқанның рақымының бір тамшысы жерге түспей, бәрі жиылып, тасаттық беріп, жауын тілейді. Алайда, жаңбыр жаумайды. Мұның себебін сұрай келген халықтан кейін, ол (ғ.с.) «Тұр» тауына шыққанда, оған «Ол жерге Өзім барамын» дейді Алла тағала. Сөйтіп, халық ұлан-асыр дайындықпен күтіп отырғанда, бір кембағал келіп, нан сұрайды. Халық болса, оның алқам – салқам түрі мен үстіне қарап, қуып шығады. Кешке дейін сарыла күткен халық наразыланып, Мұсаға (ғ.с.) қайырылғанда, жиналған халықтың ниетіне қарай жауынның жіберілмейтінін Алла Тағала жеткізеді. Сондығынан, тасаттық беру ниеттес болғандардың шынайы жүрекпен бірге тілектес болуы – маңызды шарт. Жаратқанның мейіріміне жетіп, жауын жаууының септігі де осында. Қыстың қолайлы, көктемнің сәуірлі, жаздың жайдарлы, күздің күреңді болуының да көп себебі – адамдардың ниеті, пейілі, адами қасиеті, Жаратқанға жақындауында.
Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер», – деген хадис жеткізген (Байһақи).

Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, орамал, тақия, шапан, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі. Наурызда кәде-сыйлық жасауды ұмытпайық.

Дініміз әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Бұл шын мәнінде, халықтығымызға, елдігімізге ежелден бері өте жақын мәселе десек артық айтқандық емес. Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199).
Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына бір хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).
Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни, қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім).

Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінген. Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жәй айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла Тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.

Халқымыздың тарапынан Наурыз мерекесiнде адамдарға ғана емес, табиғатқа да ерекше қамқорлық жасалып отырған. Ол жөнінде дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз қалдырған. Мұны Ислам дiнi ерекше қолдайтын дәстүр деуге болады. Асыл дiнiмiзде табиғатты аялау және оны қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» (Бухари риуаяты).

Ұлыстың ұлы күнiнiң өзге ұлттардың жаңа жылынан бiр ерекшелiгi – тән тазалығына ғана емес, жан тазалығына да үлкен мән берiледi. Яғни, Наурызда iшiмдiкке жол берiлмеуі керек. Бүгiнде Наурызға қатысты кейбiр жиындарда iшiмдiктерге жол берiлiп жататынын ара-кідік көрініс беріп жатады. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?», – деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады (Майда сүресі, 90-91 аяттары.) Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам» (Муслим Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи). Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, iшкенге, iшкiзгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып ақшасын пайдаланғанға деп келеді. Сондықтан, әз-Наурызда арақ-шарапқа жол берiлмегенi ләзiм.

Қазiргi күндерi Наурыз мерекесiн «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар жиі кездесiп жатады. Ханафи мазхабының шарттарымен Наурыз мерекесiн жақсы бидғат деп тануға толық негiз бар. Себебi, атақты Имам Ағзам құқықтық мектебiндегi үкiм берудiң жетi қайнар көзiнiң бiрi – «әдет-ғұрып» болып табылады.

Үкiм берудiң «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдiң бұрынғы салт-дәстүрлерi ислам негiздерiне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрi мұсылман құқығының үкiмi ретiнде қарастырылады. Бүгiнгi дәстүрiмiздегi Наурыз мерекесiнiң исламға ешқандай ала-бөтендiгi жоқ. Мәселен, Наурыз мерекесiнде дайындалатын «наурыз көженiң» ислам мәдениетiндегi «ашура тәттiсiмен» мазмұны бiр.

Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбiнде там-тұм қалған түрлi дақылдарды қазанға салып пiсiрiп, содан «ашура тәттiсiн» жасаған. Әрбiр жылы мұсылмандар Ашура мерекесi күндерi «ашура тәттiсiн» жасап, бiр-бiрiн қонақ етедi. Қазақтар да Наурыз мерекесiнде қыстан қалған дорбаның түбiндегi дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, бiр-бiрiне дәм таттырады. Яғни, қазақтың наурыз көже дайындау дәстүрi Ислам дiнiнiң жоралғыларына негiзделген.
Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін ізгі амалдар екені белгілі.
Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары, магистр

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған