ХАЛЫҚ ПЕН ЕЛБАСЫНЫ АЛДАҒАНЫ МА?

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 7 қарашадағы Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын орындау бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде барлық коммуналдық және интернет пен телефон байланысы қызметтерінің тарифтері төмендетілуі тиіс болатын. Коммуналдық қызметтер төмендеді. Бірақ ірі байланыс операторлары арасында қызметінің құнын түсіргісі келмей, тапсырманы айналып өтудің әдісін ойлап тапқандар бар екен. Иә, тек халықты ғана емес, Елбасының өзін алдағысы келетіндер де табылып жатыр.

Білетін боларсыздар, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлікпен ірі байланыс операторларының («Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Қазтранском» АҚ, «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС) қатысуымен интернет пен телефон байланысы қызметтеріне тарифтерді төмендету мәселелері бойынша кеңес өткен. Бір қызығы, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап халық үшін қолжетімді жаңа тарифтік жоспарлар енгізілу керек болса, бұл мәселені ақпан айында қарастырды. «Ештен кеш жақсы» демекші, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсірмеу үшін кештеу болса да кеңескеніне қуандық.

Сонымен интернет пен телефон байланысы қанша пайызға арзандады? Жоғарыда аталған қызметтер жайлы халықты құлағдар етуіне уақыт беріп, шолуымызды 1 ай өткен соң бастадық…

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми интернет-ресурсында жарияланған мәліметте «Қазақтелеком» АҚ-ның 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап интернетке жаңа тарифтік жоспар пакетін енгізгенін хабарлаған. Ол бұрын қолданыста болған ең арзан тарифтен 5,4 %-ға төмендепті. Яғни, бұрын айына 3 699 теңге болса, қазір 3 499 теңгеге түскен.

Бұл мәліметті тексеру үшін «Қазақтелеком» АҚ-ның сайтына кірдік. Ә дегеннен «Не қосқыңыз келеді?» деп өз қызметтерін ұсынған хабарлама жылт етті. Бірақ ондағы интернет тарифінде бір ғана 6499 теңге деген баға тұр (1-суретте). Ал мәзірдегі интернет қызметін қарап едік, «Тарифтер» бөлімінде ешқандай мәлімет жоқ болып шықты. Сонда да жаңа тарифті іздеуді қоймай, Megaline деген бөлімін басып көрдік. Ол жерде тарифтердің түрлері бар екен әйтеуір. Бірақ ең төменгі тарифтің аты жоқ (2-суретте). Қызық, интернетке қосылғысы келетіндер «Маған аты жоқ тарифті қосып беріңізші» дей ме? Бұл тұтынушыларды шатастыру емес пе?

Айтпақшы, сайттың орысша нұсқасынан іздеп көріп едік, «Тарифы» деген бөлімінде бағалары бар екен. Бірақ ондағы ұсынылған тарифтерде 3 499 теңгелік жаңасы жоқ болып шықты (3-суретте).

«Қазтранском» АҚ «халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы» үшін абоненттерді байланыс қызметтеріне қосу бойынша жұмыстарды жүргізуге 50 % жеңілдік қарастырыпты. Сондай-ақ телефонның абоненттік төлемі үшін ай сайын 10 % және интернет қызметтеріне абоненттік төлем үшін 15 % жеңілдікті қамтитын ерекше шарттар ұсынған. Бірақ қандай қызметтің құны қанша екені сайтта көрсетілмеген.

«Транстелеком» АҚ болса, зейнеткерлер, ҰОС қатысушылар мен мүгедектер және оған теңелген адамдар үшін интернет желісіне қол жеткізу қызметтеріне 5 % жеңілдік ұсынған. Бұл жерден Елбасы тапсырмасын орындауға деген ниет байқай алмадық. Кімді алдағысы келеді? Түсінбедік. Зейнеткерлер, ҰОС қатысушылар мен мүгедектер және оған теңелген адамдар ғана жеңілдік пе? Оны да көріп отырғанымыз жоқ. Интернет желісіне қол жеткізу қызметі дегеніңіз қосылу емес пе? Біздің білетініміз, интернетке қосылуға ниет білдірген кез келген тұтынушыға барлық қызмет түрлері бұрыннан тегін көрсетілетін. Тек тарифте көрсетілген бағаны төлесе болғаны. Сонда «Транстелеком» АҚ керісінше, 2019 жылдан бастап қосылу үшін де ақы талап ететін болған ба?

«Кар-Тел» ЖШС «Әлеуметтік», «Әлеуметтік плюс» тарифтік жоспарларының тізімі әзірленгенін хабарлаймыз. Аталған тарифтік жоспарлар бойынша абоненттерге мобильді байланыс қызметтері алдын ала төленген қызметтердің көлеміне байланысты 590 теңге және одан жоғары бағада ұсынылады» делінген. «Хабарлаймыз» деген Билайнның кімге және қалай хабарлап жатқанын түсінбедік. Сайттағы «Жаңалықтар» бөлімінде ақпарат атымен жоқ. «Әлеуметтік» деген сөзді сайтты ақтарып жүріп әзер таптық. Оның өзі 2018 жылы 1 маусымда жарияланған (4-суретте). Тарифтердің ішінен 590 теңгелігін таба алмадық. Интернеті жоқ тарифтердің өзі аптасына 450 теңгеден басталады (5-суретте). Ал жеңілдік қайда?

«Мобайл Телеком сервис» ЖШС «Қолжетімді» жаңа тарифтік жоспарын енгізгені туралы хабарлаған. Теле2 абоненттеріне ұсынған жаңа тариф те сайтта жоқ болып шықты.

«Кселл» АҚ бағаны төмендету жайында уәде бермеген. 1 немесе 2 топ мүгедектері, сондай-ақ есту бойынша кез келген топ мүгедектері үшін арнайы «Ерекше» тарифтік жоспарын әзірлейтінін мәлімдеген. Әйтеуір алдамапты. Activ/Kcell желісі ішіндегі қоңырауларға минутына 2 теңгеден 1 теңгеге, SMS жіберу 2 теңгеден 1 теңгеге түскен. Мобильді интернетке тариф МВ-на 2 теңгеден 0,5 теңгеге төмендеген. Ал әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арналған арзан тариф қарастырылмаған.

Міне, «2019 жылдан бастап мобильді байланыс пен интернет бағасы төмендейді» деп әлдеқандай етіп жариялаған түйедей жаңалығы түймедей де болмай қалды. Көпшілігі «Елбасының тапсырмасын орындап отырмыз» деген атқа бола тарифтер жасап шыққан. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасаған тарифтерін алға тартады. Сондай-ақ, көп жеңілдігін қызметтерін пайдалана бермейтін топтарға ғана жасап отыр. Ал зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тариф деген де, интернет те қызық емес. Кімді кім алдап отыр?

Мирас ӘСЕМ.

MIXNEWS.KZ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған