АРЫҢДЫ САҚТА БОЙЖЕТКЕН!

Адамның өмірін балалық, жастық, ересектік, егде жас, қарттық деп бірнеше кезеңге бөлуге болады. Бұл кезеңдердің бірінен екіншісіне өту үшін белгілі жас шектеуі жоқ. Бірақ даму сатысының анық белгілері болады. Бұл белгілер барлық адамдар үшін бірдей. Алдыңғы кезең келесі кезеңге өту сатысы секілді. Тұлғаның қандай адам болатындығы, шашының, терісі мен көзінің түстері, мінезі мен адами қасиеттері, эмоционалды-сезімдік реакциясы, бойы мен салмағы немесе ақыл-ой ерекшеліктері оның шыққан тегі-тұқымына және айналасындағы шарттарға байланысты.

Жасөспірімдік шақ балалықтан ересектікке өтудің кезеңі деп білінеді. Әртүрлі нәсілден, әртүрлі географикалық климаттарда, әртүрлі шарттарда өскен балалардың жасөспірімдік шаққа аяқ басуы да әртүрлі болады. Балалық шағының соңына қарай бала бойының ұзаруын жасөспірімдік шаққа өту белгісі ретінде қабылдайтын болсақ, қыздардың бойы 11-12 жаста, ер баланың бойы 13-15 жаста өте тез өсетінін көреміз.

Жасөспірімнің бойы мен дене бітімінде лезде өзгерістер пайда болып, ақыл-ойының шарықтап, қалауларының өзгере бастағанын байқаймыз. Бұл кезеңде әр жыныстың өзіндік физиологиялық және гормоналдық дамуы жүзеге асады. Қыздар ер балаларға қарағанда ертерек жетіледі. Көптеген мамандар жастық шақты балалық шақтың соңы мен ересектік кезеңнің басындағы «өтпелі кезең» деп қарастырады. Бұл кезең жылдам,  үздіксіз даму мен аяқасты өзгерістер кезеңі болып табылады. Бұл кезеңдегі жеткіншек ата-анасы мен айналасындағы ересектер тарапынан не толық ересек, не де бала ретінде қабылданатынын білмей әлек болады, ата-ана секілді үлкендер мен жеткіншектердің оларға не істеуге болатындығы мен  болмайтындығы туралы көзқарастары да сәйкес келе бермейді.

Бүгінгі күннің трагедиясы тәрбиеден басталып жатқан жайы бар. Біз көз жұма қарап жүрген бұл өзекті мәселенің мән-жайынан қалың көпшілік хабардар. Өрім­дей жасөспірім қыздардың басына түскен қасірет олардың өмірінде сызат қалдырды. Ашығын айтар болсақ, бұл күні жеткіншек қыздардың оң жақта отырып-ақ құрсақ көтеруі­ жиіледі. Бұрындары қысылғанда қуыс таппайтын құбылыс енді бір-екі жел сөзге ұласып, жабулы қазан жабулы күйінде қалатын болды. Арды жоғары қоятын қыздарымыз жоқ жерден қылық шығаруда. «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» дегендей, бойжеткен қыздың соңынан қашанда сөз еретіні белгілі. Жастықтың дәмін татпай жатып, зәрін тартатын қыздарымыз көбейді. Бұрындары бір кісі «қызды баққаннан, ешкі баққаным артық» деген екен. Аруларымыз санасыздықтың салдарынан сан соғып­ қалып жатыр. Бір кездері қазақ қыздарының намысын ерлеріміз найзамен қорғаса, бүгінде кейбір аруларымыздың ары аяқ астында.

Жалпы елімізде болып жатқан келеңсіз оқиғалардың алдын алу және қыз балалар арасында кездесетін ерте жүктілік, оның денсаулыққа қаншалықты зиян екендігін түсіндіре отырып қыз бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлуге ақыл-кеңестер беру.

«Қызға қырық үйден тыйым салу» мәтелінің мағынасы неде? Осы орайда Уикипедия ашық энциклопедиясы мынадай анықтама беріпті: «Қызға қырық үйден тыйым» деп қазақ салт-дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстанымды атайды. Жарыса сөйлеуге; жалғыз қыдыруға; жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге; орынсыз ұрынуға; басқаларға қол тигізуге; өтірік; өсекке; суық жүріс; сумаң қылыққа; кісіге қарай керіліп есінеуге; талтайып отыруға;   шалқайып жатуға; тамақты обырлана асауға; ұрлық-қарлыққа;   ұятты мүшелерін ашып жүруге; кісі алдында ауыстыруға;        салт-дәстүрден аттауға;  елді ғайбаттауға; үлкендердің жолын кесіп; атын атауға; ішімдік ішу пен шылым шегуге; ұрыс-керіске; беттен алып, бет жыртысуға; рахымсыздық пен қатыгездікке; түнде суға жалғыз баруға; күйеуге қашып тиюге; әдепсіз сөзге; тарс-тұрс етуге; кісіні қорлап жәбірлеуге; тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға;     шектен тыс сыланып жасануға; қызғаншақтық пен күншілдікке;   менмендік пен өзімшілдікке; алдап арбауға;     көрсеқызарлыққа;   нәпсі құмарлыққа тыйым деп мұнда жалпы түсініктен гөрі тыйымдарды атап көрсеткен екен.

Қыз тәрбиесіне жалпы қатал бола отырып, қыз балаларға жыныстық тәрбие жөніндегі білім деңгейін көтеру мақсатында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені болашақ ана атағына ие қыздар тәрбиесі нәзіктікпен қоса қаталдықты талап ететін өзекті мәселе. Ата-бабамыз қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың дұрыс жағдайда тәрбие алып, болашақта ата-анасының бетіне салық түсірмеуін қадағалаған.

Бектемісова Әлия Кұрманқалиқызы

№4 балалар үйінің директордың

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған