Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылдық округінің Пістелі ауылында «Saumal De Lux» туристік-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Осыған орай аудан әкімі Асқар Естібаев нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Туристік кешеннің басты ерекшелігі – саумалмен емдеу. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жоба 2026-2027 жылдар аралығында іске асырылады. Биыл жалпы аумағы 1 280 шаршы метрді құрайтын заманауи қонақ үй пайдалануға беріледі. Қонақ үйде 14 стандартты және 2 VIP бөлме қарастырылған. Бұдан бөлек, мейрамхана, жазғы демалыс аймағы және әрқайсысы 160 шаршы метрлік 3 ерекше үлгідегі демалыс үйі салынуда.
Жобаның екінші кезеңінде 1080 шаршы метрлік спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глэмпинг және 5 киіз үй бой көтереді. Сондай-ақ, балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен екі аспалы көпір салу және тау бөктерімен өтетін ұзындығы 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолын жасау жоспарланған. Кешеннің бірінші кезеңі 1 шілдеге дейін аяқталатын болады.
Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі әкімдік тарапынан газ, электр жарығы, жол және өзге де инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, мердігерлерге құрылыс сапасын сақтап, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. «Saumal De Lux» кешені іске қосылғаннан кейін өңірдегі туризм саласының дамуына тың серпін беріп, аудан экономикасының өркендеуіне оң ықпал етеді деп күтілуде.

