ТҮРКІСТАН ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен облыс экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 125,2%-ды құрап, республика бойынша 1 орынға шықты. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Күн тәртібінде әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және бюджеттің атқарылуы бойынша көрсеткіштер қаралды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмысты күшейтуді міндеттеп, нақты тапсырмалар жүктеді.

– Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру, құрылыста әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу шаралары оң үлесін қосады. Сол себептен, өңірлер кесіндісіне декомпозицияланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқаруды тапсырамын. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың мерзімінде және сапалы игерілуін қамтамасыз етіңіздер, – деді Қанат Қайыпбек.

Жиында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылғы қаңтар-сәуір айының қорытындысы мен әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, өнеркәсіп өнімінің көлемі 571,7 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 133%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 272,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 156,5% деңгейінде қалыптасты. Тау-кен өндірісі 244,7 млрд.теңгеге немесе өсім деңгейі 117,6%-ға жетті. Жоспар толық орындалды. Ауыл шаруашылығында сәуір айының қорытындысымен 205,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 111,3%-ды құрады. Жыл басынан негізгі капиталға 470,2 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 157,4%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 95,8 млрд. теңге жетіп, өсім 110,3% деңгейінде қалыптасты.

Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың айтуынша, осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша облыс көлемінде түсімдер жоспары 105%-ға орындалып, бюджетке жоспардан тыс 22,7 млрд. теңге түсім түсті. Жоспардың артығымен орындалуы негізінен өзіндік кірістер есебінен қамтамасыз етілді.

Негізгі әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі облыс басшысының қатаң бақылауына алынған. Жұмыстар жалғасады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды