ТҮРКІСТАНҒА КЕЛГЕН ТУРИСТЕР САНЫ 250 МЫҢНАН АСТЫ

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында инвестициялық жобаларды іске асыру, қалаға инвестиция тарту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, сондай-ақ туристік әлеуетті дамыту және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері қаралды.

Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Әдһам Өмірзақтың мәліметінше, арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 163,3 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда олардың 6-ы іске қосылып, 9 жобаның құрылысы жүргізілуде. Барлық жобалар толық іске асқанда 4 495 жаңа жұмыс орны ашылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қала аумағында 33 әлеуметтік дүкен ашылған. Бүгінде олардың 31-і тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ретсіз сауда мен заңсыз кәсіпкерлік қызметтің алдын алу бағытындағы рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.

Туризм саласында да өсім байқалады. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Түркістанға келген туристер саны 250 мыңнан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға артқан. Қалада қазіргі таңда 72 орналастыру орны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 3 254 төсек-орынды құрайды.

Сондай-ақ, 2024–2027 жылдарға арналған жалпы құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 11 туристік жоба жоспарланған. Бүгінде оның 8-і пайдалануға берілсе, қалған 3 жобаны жыл соңына дейін іске қосу көзделген. Барлық жоба толық жүзеге асқанда 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Туристерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен атқарылуда. Қала аумағында 85 бағыттаушы тақтайша орнатылып, 4 ақпараттық смарт-киоск қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындарының 80 пайызында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ас мәзірлері енгізілген.

Мәжілісті қорытындылаған қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала басшыларына инвестициялық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жүргізуді, заңсыз сауда фактілері мен санитариялық талаптардың бұзылуына жол бермеуді тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды