«Форбс»журналының негізін қалаушы тігіншінің баласы болған

Қалталылардың тізімін жасайтын әлемдегі ең беделді экономикалық  «Форбс» журналының шығу тарихы мен оның негізін қалаған Берти Чарльз Форбс туралы өздеріңізге баян етелік.

Қалталылардың тізімін жасайтын әлемдегі ең беделді экономикалық  «Форбс» журналының шығу тарихы мен оның негізін қалаған Берти Чарльз Форбс туралы өздеріңізге баян етейін.

Берти Чарлз Форбс  – 1880 жылы Шотландияда көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келді.  Әке-шешесі тігіншілікпен айналысқан. Сол он баланың ішінен суырылып шыққан Форбс кішкентайынан-ақ қара бейнетке жегілген. Көршілерінің малын бағып, аяқ киім тазалап, бауырларын асырауға әке-шешесіне көмектеседі.

Он төрт жасқа толғанда өзіне сенімі артқан Форбс жергілікті басылыммен келісім шартқа отырады. Тілші болып жұмысқа орналастым деп ойлаған оның үміті  ақталмайды. Текст теруші болып қана жұмыс істеп жатқан ол тар қапаста қамалып қалғандай күй кешеді. Тілші болып жұмыс істемесе де, ол сол жерде жүріп, көп тәжірибе жинақтайды.

1907 жылы Форбс басқа жігітке тұрмысқа шығып кеткен сүйіктісін ұмыту үшін Шотландиядан кетеді. Алдымен Оңтүстік Африкаға жол алған ол,  кейіннен Америкаға  тартып отырады. Алғашқы уақытта ол әр түрлі экономикалық басылымдарда тілші болып жұмыс істейді. Ал оның ерекше қабілеті мен талабын байқаған ірі медиамагнат Уильям Рэндолф Хёрст  өзіне жұмысқа алады.

Батылдығымен ол қалталылардың  байлығын жариялаудан, сынаудан қорықпады.  Біраз уақыттан кейін Форбсты көпшілік беделді, өткір журналист ретінде тани бастайды.

1917 жылы Берти Чарльз «Forbes» («Форбс») журналын ашады. 1918  жылы ең алғаш рет ең бай отыз американдықтардың тізімін жасауды қолға алады.Тізімнің басында сол кездегі байлығы 1,2 млрд. долларды құрайтын Джон Рокфеллер тұрады.

«Байлардың мақсаты – миллиондарын азайтып алмай, көбейтіп отыру.  Ал бұл дұрыс емес. Миллиондаған ақшалардан емес, өмірдің өзінен рахат алу керек» деп түсінеді ол.  Қаражатын молайту үшін емес, өзінің сүйікті кәсібімен айналысу үшін ол «Форбс» журналын ашқан болатын.  Он бір жылдан кейін кезінде өзін жұмысқа алған Уильям Херст «Форбс» журналын 10 000 000 долларға сатып алмақ болады. Бірақ Форбс бас тартады.

1954 жылы Берти Чарльз Форбс дүниеден өткен соң отбасылық басылым оның ұлдарының қолына өтеді.

Әлемнің әр түкпірінде жергілікті тілде басылып шығатын «Форбс» журналының аудиториясы өте кең. Ал штаб пәтері Нью-йоркте орналасқан.

Иә,  Берти Чарльз Форбс  «Форбс» журналының қазығын қағып жатқанда болашақта өзінің қалтасына миллиардтаған табыс   құйып, бүкіл үрім-бұтағына  азық, абырой болатынын білді ме екен?..

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған