ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ БАЛАЛАР ТӘРБИЕСІНДЕГІ РӨЛІ

Биыл ұлы Жеңіске 75 жыл толды. Бұл атаулы датаны біздің елімізде де ауқымды түрде атап өтті. Біздің еліміздің де бұл жеңіс жолында қосқан үлесі орасан зор екенін мақтанышпен айта кету керек. Отты жылдарда елімізден қаншама боздақ соғысқа аттанып қаншамасы елге оралмай қалды. 1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді.

Қазіргі қоғамдағы жағдайға байланысты барлық іс-шаралар онлайн режимде өтіп жатқаны белгілі. Осы орайда мектеп оқушыларымен біз де «Ұлы Жеңістің балалар тәрбиесіндегі рөлі» таты тақырыптағы ашық тәрбие сағатымызды онлайн режимде өткіздік. Балалар бұл тәрбие сағатына барынша ыстық ықыласпен қатысып, тіпті кейбіреулері Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарының өмірбаяны, ерліктері жайлы баяндап, өте қызықты сабақ өткізілді. Аталмыш сабақ барысында балалардың бойында патриоттық, ұлтқа, өткен тарихқа деген үлкен құрмет пайда болды деуге толық негіз бар. Осы орайда біз балалармен бірлесе отырып Қазақстанның соғысқа қосқа үлесіне біршама көз жүгіртіп, талқыладық.

Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ.Қазақстаннан барған әскерлер майдан даласында ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды. Қазақ елі тек майдан даласында емес, елде де соғыстың аяқталуына, жеңіс күнін жақындатуға барынша атсалысты.

Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар: Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды. Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркәсіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Домбасстан 3200-ге жуық шахтер, 2000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктер саны 700-дай болды. Міне, осыншама адамды құшағына сыйғыза білген қазақ халқының Жеңіске қосқан үлесінің өзі тарихта айшықталып сақталып қалды.

Соғыс жағдайына байланысты Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85%-ын, көмірден 18%-ын, молибденнің 60%-ын, октанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын берді.

Осынау соғыс жылдарындағы, қайта қалпына келтіру жылдарындағы басып өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Біздің оқушыларымыз да Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын сезіне отырып, бойларына ұлттық құндылықпен, өткен күнге деген құрметті құя білді.

Сарсенкул Бердимұратқызы АКПАНОВА,

Шымкент қаласы М.Тасова

атындағы үш тілде оқытатын

мамандандырылған №12 мектеп-интернатының тәрбиешісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған