ТӘРБИЕ БАСЫ – ТІЛ

Бүгінгі мектеп оқушысы, ертеңгі болашағымыз екені анық. Ал болашақ үшін балаларды тәрбиелі, тағылымды, саналы етіп өсіру ең маңыздысы. Сонымен қатар балалардың Отанға деген махаббатын, сүйіспеншілігін, ұлтқа, елге деген, ұлттық тәрбиеге деген құрметін арттыру да ең маңызды істердің бірі болып саналады. Осы орайда бала тәрбиесінде тілдің атқарар қызметі орасан зор екенін ескерген жөн. Біз сынып оқушыларымен бірлесе отырып «Тәрбие басы – тіл» тақырыбында тәрбие сағатын өткіздік.

Қазақ халқының «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша сөзі бар. Тіл тәрбиенің басты құралы. Балаға ең алдымен өзінің ана тілінде сөйлей жүріп, оны құрметтеуді, қадірлеуді ұқтыру маңызды факторлардың бірі болып саналады. Оқушылармен өткен тәрбие сабағы бірнеше бөлімнен тұрды.

«Тіл – тұғырың» бөлімінде тілдің құндылығы мен тіліміздің шұрайлылығы жайлы сөз қозғалып, осы орайда айтылған ұлылардың, ғұлама жазушылардың пікірлеріне, айтылған сөздеріне талдау жасадық.

«Отбасы және тіл» бөлімінде тілдің отбасындағы рөлі жайлы айтып, әркім өз үйінде қолданатын ескіше және жаңаша қазақ тіліндегі терминдері жайлы айтты.

«Тіл мәйегі мақал мен мәтел» бөлімінде балалар тіл жайлы мақал мәтелдерді еске түсірді. Ескірген ұмытыла бастаған мақалдарды айтып жарысты.

Төртінші бөлімде көптеген ақын-жазушыларымыздың тіл жайлы өлеңдерінен үзінділер оқып, ондағы ой толғамдар жайлы саналы пікірлерін білдірді. Осы бөлімде балалар өздерінің таңдауымен Мағжан Жұмабаевтың «қазақ тілі» өлеңін таңдап алып, оған талдау жүргізіп, әр шумағында баяндалған жайттарды талқылап шықты.Екі топқа бөлініп тіл жайлы өлең шумақтар оқып жарысты.

Тәрбие сағат соңында осы сабақтан алған білімдерімен бөліскен балалар тілдің ұлт үшін маңыздылығын, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлінің үлкен екендігін түсіне білгендерін баяндай алды. Сондай-ақ, «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген ұран сөзін талдап, бұл даналы сөздің астарына үңіле келе пікір алмасты.

Сабақ барысынан ұстаз ретінде тағы бір түйгенім, тіл тағдыры бүгінгі ұрпақ үшін де маңызды екен.м. Өз ойларын ортаға салған әр оқушының жүрегінен, сөзінен, көзінен тілге деген құрметті көре білдім. Тіл қашанда сөз құралы, сөз тәрбие құралы екенін ұмытпайық. Қазақтың «Жақсы сөз жарым ырыс» деген аталы сөзімен осынау мақаланы аяқтамақпын.

Мадина Абайқызы АХМЕТОВА,

Шымкент қаласы М.Тасова

атындағы үш тілде оқытатын

мамандандырылған №12 мектеп-интернатының тәрбиешісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған