ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ҰЛАҒАТЫ

Қазақ халқының ұлттық болмысына ұлттық киімнен бастап, ұлттық ойын, ұлттық тағам, ұлттық салт-дәстүр болып жалғасып кете беретін ауқымда дүниелер енеді. Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге әбден болады. Ал осы ұлттық болмыс, ұлттық тәрбиенің бүгінгі ұрпаққа берері жайлы әңгіме қозғар болсақ, том-том кітап жазып шығуға болады. Дегенмен, бүгін мен осы ұлттық құндылықтың ең басты негізі отбасы екендігі жайлы аз-кем әңгіме қозғасам деймін.

Дәл бүгінгі қоғамдағы өскелең ұрпақ, ақпараттар ағыны тоқтаусыз келіп, жоғарғы сапалы технологиялар күн сайын емес тіпті сағат сайын дамып жатқан кезеңде өсіп келеді. Бәрі тез, ақпараттың таралуынан бастап, қимыл-қозғалыстары, ойлау қабілеттерінің өзі жылдам қазіргі оқушылардың. Демек білім мен тәрбие де сондай жылдамдықпен, нақты нұсқа, әрі қысқа, ұғынықты берілуі тиіс болса керек. Бірақ, сол берілген тақырыптар тез қортылып сіңімді болып кетуі үшін, ұлттық болмыс мен ұлттық тәрбиені де естен шығармағанымыз абзал. Ал оның негізі ең алдымен отбасындағы тәрбие.

«Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» деп Елбасымыздың өзі бекер айтқан жоқ. Сол ұлттық құндылықтар жаңғырып, бүгінгі ұрпақ санасына сіңсін деген үлкен ізгі бастамамен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл дегеніңіз болашағымыз үшін ұлттық тәрбиенің берері мол екенінің тағы бір айғағы.

Қазақ халқының сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесінің көздері болып саналатын факторлар өте көп. Атап айтар болсақ, фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары. Сонымен бірге, отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отан сүйгіштік, еңбек сүйгіштік қасиеттер ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады. Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негіз­делген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Оның мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда бүгінде мектеп бағдарламаларында бұл дүниелердің барлығы дерлік толық қамтылған. Ал осы дүниелердің отбасында айтылып, кейбір бүгінге жеткен салт-дәстүрлердің отбасында сақталуы баланы ұлттық болмысқа тәрбиелеуге үлкен сеп болатын еді. Бүгінгі жаңа заманның балалары, көру, оқу, естумен қатар, сезіну арқылы, түйсік арқылы тез тәрбиеленеді. Демек, отбасында жоғарыда аталған ұлттық болмысты айқындайтын дүниелерді көбірек назарға алған дұрыс. Бұл тұрғыда ең алдымен ата-ананың үлесі үлкен екені даусыз.

Сөз соңында түйіндей айтар болсам – бала ең алдымен өзіне керекті тәрбие мен танымды бойына отбасында сіңіреді. Демек ұлттық болмысты, ұлттық құндылықты отбасынан бастап қолға алу шарт.

Кенжегүл Ниязбайқызы ҚАМЫСБАЕВА,

М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын

мамандандырылған №12 мектеп-интернатының тәрбиешісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған