СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ТӘРБИЕ

Қазақ халқы кез-келген ізгілік пен жақсылықты, тәрбие мен танымды, мейірім мен ұстамдылықты, жалпы барлығын бір ауыз сөзге сыйғыза алған халық қой. Сол дана халқымыздың «Бірінші байлық – денсаулық» деген тамаша сөзі бар. Расында денсаулық адам өмірінде үлкен маңызға ие. Ал денсаулықтың басты кепілі спорт екені де белгілі.

Мектепте оқитын оқушыларды спортқа үгіттей жүріп, тәртіп мен тәрбиеге икемдеуге болады. Ең бірінші атап өтетін мәселе спортпен шұғылдану қан айналымды жақсартады, қан айналымы жақсарған адамның бойында сергектік пайда болады, сергек адам дұрыс ойлана алады. Ал дұрыс ойлана алған адам жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты ажырата алады. Оны ажырата білген адам тәртіпке де, тәрбиеге де бағына алатыны сөзсіз. Сондықтан мектеп қабырғасында жүрген балаларға спортты насихаттай жүріп, тәртіп мен тәрбиеге де икемдеуге болатыны анық.

Таңертеңгілік жаттығу, спортпен шұғылдану, денемізді шынықтыру арқылы біз денсаулығымызды, дене бітімімізді шынықтырамыз. Денсаулықтың қадірін, әдетте, адам ауырғанда ғана біледі. Денсаулықтың мықты болуы адамның өзіне де байланысты. Адамдар әрқашан қимыл қозғалыста жүрсе біздің ағзамыздағы қан жүрісі де қозғалыста болып, жұмысы жақсарады. Ауруларға қарсы тұра алатын боламыз. Денсаулығымызды сақтау үшін зиянды әдеттерден аулақ болуымыз қажет. Зиянды нәрселерден аулақ бола білудің түп тамырында тәрбие негізі жатыр.

Спортпен айналысу денсаулықты жақсартады. Спорттың ең қарапайым түрі, және қолжетімді түрі деп айтуға да толық негіз бар, ол – жүгіру. Күн сайын таңертең үйдің маңайында, саябақта, алаңда жарты сағаттай жүгіру қажет. Егер, жүгіруге мүмкіндік болмаса таңғы таза ауада серуендеуге болады. Сондай-ақ, әртүрлі жаттығулар жасауға болады. Адам өзінің күн тәртібіне бір мезгілде жақсы әдеттерді енгізер болса, онда бұл уақыт өте келе тәртіпке айналып кетеді. Ал жақсы дүниені өз тәртібіңе енгізе білу де, тәрбиенің басты көрінісі болып табылады.

Жалпы ойымды түйіндей келе айтарым, спорт – денсаулықпен бірге тәрбиенің де негізі. Ол жақсы әдеттерге үйір етеді. Жақсы әдетке үйір адам тәрбиелі болуға ұмтылады.

Гульвира Журсунбекқызы АЛЬЖАНОВА,

М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын

мамандандырылған №12 мектеп-интернатының тәрбиешісі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған