«ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАУ ТИІС»

Н.АЛДИЯРОВ, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне  қарасты Боралдай орманшылығының орман шебері:

 «ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАУ ТИІС»

– Еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқан Түркістан облысы аумағына көктем тез шығатыны белгілі, ізін ала жаз да жадырап келеді. Жазбен бірге біраз мәселелер, алдын алу тиіс шаралар, жұмыстар басталады. Жаз мезгілінде өрт қауіпсіздігін басты назарда ұстау тиіс.

Себебі, біздің өңіріміздегідей жазы ыстық аумақтарда дала өрті де тез белең алып кетуі мүмкін. Осы орайда Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Боралдай орманшылығы өңіріміздегі дала өртін болдырмау, алдын алу шараларын көктем шыға кірісіп кетіп еді. Міне, бүгінде көктемнің үшінші айы аяқталып келеді. Сол жұмыстар жалғасын табуда.

Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі таулы-тасты аумақта орналасқан.  Оның жалпы көлемі 24726  гектарды құрайды. Осыншама жерді алып жатқан аумақ сегіз айналымға бөлінеді. Сегіз айналымның ішінде бірнеше орамдарға бөлінеді.  Осы аумақта өрт болдырмау, апатты салдардың алдын алу үшін көктемнен күзге дейін мұндағы күзет күшейтіледі. Себебі, жаздың аптабында дала  өртінің қаупі артады. Оған қоса табиғат аясында демалушылардың қатары да көбейеді.

Негізі өрт болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш аумақта бірнеше ауыл-елдімекендерді қосатын, аудан-облысты қосатын тас жолдармен қатар Жамбыл облысымен шекараласатын тұста орналасқандықтан шекарадағы жоталар кіреді. Қазіргі күні жергілікті орман алқаптарында минералды жолақ жырту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.  Минералды жолақ орман, дала өрттерін болдырмау үшін қажет. Алда нығыз жаздың ыстығы көрініс беретін шілде айында минералды жолақтардың үстінен қайтадан жаңарту жұмысы іске асады. Тау-тасты жерлерде минералды жолатар жүргізілмейді.

Аумақты назарда ұстап, қауіпсіздікті сақтау үшін Байжансай және Майбұлақ маңында  екі пост ұйымдастырылып, тоқтаусыз жұмыс жасап отырады. Арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылып жан-жақты күзет пен барлау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Табиғатты аялау, оны өрттен қорғау басты мақсатымыз.

«Mixnews – ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған