БИЗНЕС ЖОБАЛАР ҮШІН ГРАНТТАРҒА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Бүгін, 20 ақпаннан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында өз ісін ашуға ниетті азаматтардың бизнес жобалары үшін гранттарға өтінім қабылдау басталды. Өтінімдер онлайн форматта business.enbek.kz порталында қабылданады.

ГРАНТҚА КІМДЕР ҮМІТКЕР БОЛА АЛАДЫ?

Белгілі санаттағы ел азаматтары мен кәсіпкерлік саласында тіркеу мерзімі 3 жылдан аспағандар үміткер бола алады:

• еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;

• мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адам (жұбайы не зайыбы);

• «қандас» мәртебесі бар адамдар;

• өңіраралық қоныс аударушылар (көші-қонға қатысушылар);

• көпбалалы отбасының мүшесі (жұбайы не зайыбы);

• асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

• аз қамтылған отбасылардың мүшелері;

• мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аспаған дара кәсіпкер (өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтары);

• жұмыссыздар

ГРАНТ СОМАСЫ

400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз негізде 1 млн.380 мың теңге беріледі.

ҚАНША ГРАНТ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Түркістан облысы көлемінде 1 688 адамға гранттар беру көзделіп, 2 932,4 млн.теңге қаржы бөлінді.

ЖОБАНЫҢ ШАРТЫ

Жобада үміткерге соңғы 3 жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша курсты аяқтағаны туралы сертификат талап етіледі. Бір тұлға тек бір рет алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ грант тек нысаналы мақсатта қамтамасыз етілу үшін үлестіріледі. Атап айтқанда,

• қажетті еңбек құралдары, технологиялық жабдықты жабдықтау, мал мен жануарлар, құстар, көшеттер, бұталар мен тұқымдары сатып алу;

• бастапқы бизнесті өткізуге арналған үй-жайлар, сауда объектілерін жалдау ақысын төлеуге және пайдалануға сенімгерлік басқару үшін беріледі.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ГРАНТ БЕРІЛМЕЙДІ?

• кредиттік қарыздарды өтеуге;

• жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға немесе салуға;

• жер учаскелерін сатып алуға;

• акцизделетін өнімдерді өндіруге қарастырылмайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған