«БАСТЫ МАҚСАТЫМ – АУДАНЫМЫЗДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІН АРТТЫРУ

Созақ ауылынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 1000 орындық спорт алаңы мен Ыбырай елді мекеніндегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылысын ағымдағы жылы толығымен аяқтау жоспарлануда. Аталған құрылыс нысандары тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі болатын. 1-кезеңінің жұмыстары 2022 жылы басталып, 2023 жылға өтпелі болған. Мұнан бөлек Өткелбаев көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолға сметалық құжаттары әзірленіп, қазіргі таңда қаржы көздері қарастырылуда. Бұл туралы Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Созақ ауылының ішкі көшесінің 100 кВА-тық 4 ескі трансформаторлары жаңа 250 кВА-тық трансфрматорларға ауыстырылды. Түркістан көшесіне қосымша жаңа 160 кВА-тық трансформатор орнатылды. Сондай-ақ, Ыбырай, Көктөбе елді мекендерінің ішкі көшелеріне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылды. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауыл округі тұрғындарымен есептік кездесу барысында мәлімдеді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

Тұрғындар аудан әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді. Осы жылға да бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Аудан басшысы халықпен кездесудегі басты мақсатымыз халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдап, соның төңірегінде жұмыс жасалатынын айтты.

Жиын соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тиісті мамандарға шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қаратау, Қарақұр ауыл округтерінде болып, тұрғындармен кезекті кездесуін өткізді. Жиын барысында халық игілігі үшін жасалатын мәселелерді кеңінен талқылап, биылғы жылда атқарылар жұмыстарды баяндады.

– Бүгін міне сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, шешу жолын қарастыру үшін келіп отырмыз. Бұған дейін де бірнеше мәрте кездесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, қажетті жұмыстарды атқардық. Әрине алдағы уақытқа да жоспарларымыз көп. Тек мұндағы емес, жалпы аудан бойынша жасалу керек мәселелер маған етене таныс. Осы бойынша арнайы Астана қаласына іссапармен барып, ондағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясының басқарма төрағасы Ержан Мұқановпен және «КАТКО» БК ЖШС бас директоры Паскаль Бастьен мен кездесіп, ауданымызда атқарылатын жұмыстарды жан-жақты сараладық. Ондағы басты мақсатым ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру мен халықтың әл-ауқатын көтеру. Әрине барлық өзекті мәселелерді бір жылда атқара салу мүмкін емес, кезең-кезеңімен шешу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Өткен жолғы кездесуде көтерілген мәселелер жөнінде тиісті жұмыстар атқарылды. Берілген тапсырмаларды өзім тікелей бақылаудамын. Биылғы жылға Ақсүмбе, Сарыжаз елді мекендерінің орталық көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, Қаратау ауылында жабық футбол алаңын салу жоспарлануда. Бұндай заманауи үлгідегі ойын алаңшалары келесі жылға өзге де ауыл округтерде рет-ретімен жалғасын тауып, бой көтеретін болады деді, -аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Аталған жиында Қаратау ауыл тұрғындары аудан әкімдігі тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, көкейлерінде жүрген бірқатар мәселелерін жеткізді.

Содан соң есептік жиын Қарақұр ауыл округінде жалғасты.

– Бұл округте өткен жылы тұрғындар сұранысына сай біршама жұмыстар жасалды. Біз мұнымен тоқтатпаймыз. Биылға да жоспарларымыз көп. Абай, Наурыз көшелеріне қиыршық тас төсеу, Наурыз, Құрманғазы көшелеріне көше жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Шаға, Раң елді мекендерінің орталық көшесіне асфальт жабындысы төселетін болады. Мұнан бөлек жеке мәселесімен келген тұрғындарға да тиісті көмектер берілуде. Біз үшін әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірлері маңызды. Шешу жолдарын қарастырып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланамыз деді, -аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.

Жиын соңында тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, бірқатарын жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Ондағы айтылған мәселелерді толықтай назарға алынғанын айтып, жауапты мамандарға шешу жолдарын ұсынып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Сызған ауыл округінің тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарды баяндады.

— Сызған ауыл округі тұрғындарының өтініштеріне орай, өткен жылы біраз жұмыстар жасадық. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер өз шешімін табуда. Қозмолдақ елді мекені, Момбеков көшесінің 1,4 шақырымына көше жарықтандыруы жүргізіліп, іске қосылды. Сызған елді мекеніндегі электр желілері мен трансформаторына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы Қозмолдақ елді мекенінде Төреханов, Берістемұлы және Басбұлақ елді мекенінің Басбұлақ-1, Басбұлақ-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Сызған елді мекенінде ауыз су мәселесінде қолға алып отырмыз. Қазіргі таңда тиісті құжаттары әзірленуде. Әрине, біз мұнымен тоқтатпаймыз. Жалпы аудан бойынша атқарылу қажет жұмыстар көп. Осылайша кезең-кезеңімен түйіткілді мәселелердің шешімін тауып, халықтың игілігі үшін еңбек ететін боламыз, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сызған ауыл округінде тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштерінің аяқсыз қалмағанын айтып, алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, ағымдағы жылға бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланатынын айтты. Есептік жиын соңында тұрғындар жеке мәселелері бойынша жүгініп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Басым бөлігі жеңілдетілген несие, жайылымдық жер секілді сауалдарын алға тартты. Қойылған сұрақтар бойынша сала мамандары тарапынан нақты жауаптар берілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған