ТҮРКІСТАН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ЭКСПОРТТАУШЫЛАРДЫҢ КӨШІН БАСТАЙДЫ ДЕГЕН СЕНІМДЕМІЗ

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында қызғалдақ пен гүлдердің 15 түрі өсіріліп жатыр. Түркістандық ғалымдар осы бастама арқылы қызғалдақты жан-жақты зерттеп, сұрыптарын жерсіндіруді жоспарлап отыр. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ботаникалық бақтың жылыжай кешеніне арнайы барып, ғалымдармен, оқу ордасы қызметкерлерімен пікір алмасты. Университет ректоры Жанар Темірбекова атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде Түркістандағы университеттің жылыжайында қызғалдақтар жайқалып өсіп тұр. Бұл жылыжай ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Апушев жетекшілік ететін «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу» жобасы бойынша салынған болатын. Профессордың айтуынша, ғылыми ортада қызғалдақ пен алманың тарихи Отаны – Қазақстан деген пікір бар. Сондықтан қызғалдақты зерттеп, өсіру керек.

– Қызғалдақты брендіміз деп айтқанымызбен, оның көбейту, селекциялық жұмыстарын атқару бойынша атқарылған іс аз. Қазір біз Түркістанда 15 сұрыпты зерттеп, өсіріп жатырмыз. Жергілікті ауа райына бейімдерін және сұранысқа иелерін іріктеп, арнайы көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ол өте қиын жұмыс. Бұл жұмыстарды бастағанымызға үш жыл болды, – дейді профессор.

Қазіргі таңда Түркістандағы университет жылыжайында қызғалдақтың 12 мың пиязшығы отырғызылған. Оның 3 мыңы әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында өсіп үлгерген. Мерекеге орай арнайы буылып, әзірленеді. Ал қалған бөліктері Наурыз мерекесіне орай, елге ұсынылмақ. Сонымен бірге оқу ордасы маңына 3 мың түп қызғалдақ егілмек.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қызғалдақ жылыжайымен қатар ботаникалық бақты аралап көрді. Қарағай, өрік, туя және басқа да ағаштарды өсіру технологиясымен танысып, ғалымдармен Түркістанды көгалдандыру, жасыл желекке айналдыру, осы аймаққа жерсінетін түрлерін өсіру бағытында пікір алмасты. Ұсыныстарын тыңдап, ғылыми зерттеулерді жалғастыруды тапсырды.

Айта кетейік, қызғалдақты кең көлемде экспорттаушы елдердің бірі – Нидерланды. Жыл сайын олар түрлі елдерге 3 миллионнан астам гүл жеткізеді. Алдағы жылдары бұл гүлдің эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің нәтижесі жемісті болып, Түркістан қызғалдақты экспорттаушылардың көшін бастайды деген сенімдеміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған