ҚОС КҮЙЕУДІҢ ЖҮРЕГІН ЖАУЛАҒАН ЖАН

Үлкен зәулім ғимаратта орналасқан кеңсеге асығып келдім. Өйткені жұмыс уақытынан кештетіп келе жатқанмын. Бүгін де ерте тұрмақ болып ұялы телефонымның оятқышын таңғы жетіге ма қойғанмын. Бірақ, шырылдаған сәтінде-ақ ұйқылы-ояу өшіріп тастап ары қарай тәтті ұйқымды жалғастырсам керек. Кеш келдім. Бөлмеге кірсем әріптестеріммен бірге бастығымыз да сонда екен. Осыдан бір апта бұрынғы болған жиналыста менің осы жаман әдетімді сынға алып, енді кешікпейтінімді айтқызып уәдемді алған болатын. Ішім қылп ете қалды. Бастығымның біздің бөлмеде жүргені жақсылықтың нышаны емес екенін біле қойдым. Ыңғайсыздана басып жанына барып:

– Саламатсыздар ма? – дедім де, бірден кешіккен себебімді баяндамақ болып: – сағатымды оятқышқа қойсам да… – дей бергенім сол еді, бастығым сөзімді соңына жеткізбестен гүрілдеген үнін зорайта сөйлеп:

– Иә, бойдақтықтың күні осы. Жағдайыңды жасап, бетіңе қарап отыратын келіншегің болмаған соң осы… – деді.

Бұл әзіл сәтті шықты білем, бөлмедегі қызметтес қыз-жігіттер дуылдаса күліп жіберді. Оларға қосылып мен де езу тарттым. Бастықтың әзілдей әңгіме бастағаны дұрыс болды. Яғни көңіл-күйінің жақсы екенінен хабар береді. Мен де әзіліне қағытпа мен тіл қатып:

– Бір кездері келіншегім де болған. Сонда да кешігетінмін, – дедім.

Мұныма олар одан сайын дуылдай күлді. Өйткені, шынында да бір үйленіп, дәм-тұзымыз жараспай екі жылдан соң ажырасып кеткен едік әйеліммен. Дәм-тұзымыздың жараспағандығынан емес, әйелімнің бірбеткейлігінен, отбасынан, менен өз мүддесін жоғары қоятындығынан ажырасып кеттік. Өйткені, ол маған тұрмысқа шыққан соң бірден жүкті болып перзент сүюді қаламайтынын айтты. Яғни бес-алты жыл сайрандап, содан соң барып бір бала туатынын, сонымен шектелетінін де ескертті. Алғашында мен мұны әзілге баладым. Оның үстіне екеуміздің төсектегі өміріміз өте тамаша болатын. Соны ескеріп, көтеріп қойса алдырып тастай қоймас деген бір үміт мені оның бұл сөздеріне сендіре қоймаған. Алайда, үйленгенімізге екі жыл болғанда гинеколог болып қызмет атқаратын сыныптас жігіт маған:

– Әйеліңді әлемдік сән сұлуына қатыстырғалы жүрсің бе немене? Енді екі жылдан асты ғой. Сақтандыруын алып тастатпайсың ба? – деп қалды сыралатып отырып бір сырдың шетін шығарып.

Осыдан соң оның көтермеудің жолын жасап сақтанып жүргенін біліп ашық әңгімелестім. Апайда, бір кездері айтылған ойынан бас тартпайтынын білгенімде амал жоқ, екіге кетуімізге тура келді. Мен үшін ана болуға дайын, өз мүддесінен де, болашағының, болашақ ұрпағының мүддесін жоғары қоятын жанмен тағдырымды сабақтастыру ең дұрыс шешім еді. Оның үстіне осы бір сұрқия қылығынан соң, мені алдағанынан соң, екеумізге қатысы бар мәселені жалғыз өзі шешкендігінен көңілім қатты қалды. Бір кездердегі алаулаған сезімім әп-сәтте жиіркенішке айналып кетіп еді. Мен осы әйеліммен бірге тұрған екі жылымды меңзеп бастығымның әзіліне әзілмен тіл қатқан болатынмын.

Менің де сәтті де ұтқыр айтылған сөзіме жұрт дуылдаса күліп жатқан шақта, бастығымның:

– Ых-хм, – деп жөткірінген үні естілді.

Осы сәтте ол кісіге жалт қарадым. Күлкі де сап тыйылды. Сонда барып байқадым, жанында сарыдан келген, дөңгелек жүзді, көздерінің өзі күлімдеп тұрған, жанары шоқтай, сүйкімді бір келіншек тұрды. Бір қараған адамға тұрмысқа шықпаған жап-жас уыздай қыз болып көрінеді екен, алайда келіншек екенін қолына таққан неке жүзігінен байқадым. Неге екенін қайдам, сол бір жүзікті көргенде іштегі бір құлшыныспен оянған сезімге су себілгендей жан сарайымдағы оянған дүние өшті де қалды. Бастығымыз:

– Ал, Әділбек, танысып қой Жансая ханым. Бүгіннен бастап Аняның орнына сенің көмекшің болады. Өзі бұған дейін есепшілік қызметте істемеген. Апайда алған мамандығы осы салада екен. Өзің үйретіп, ұстаздан шәкірт озардай етіп тәрбиелеп шығарсың деп ойлаймын. Ал, енді іске сәт! – деп екеуміздің де қолымызды қысты да бөлмеден шығып кетті.

Бөлме деп отырғаным үлкен жұмыс бөлмесі. Ішінде жиырмаға жуық адам отырады. Барлығының өз бұрышы, өз жұмыс үстелі, орындығы бар. Анау айтқандай тарлық жасай қоймайтын жер. Сол үлкен бөлменің бір бұрышында тұрып Жансаяға:

– Ал, енді екеуміз тіл табысып кетерміз деп ойлаймын, – дедім.

Ол күлімсірей:

– Иә, – деді.

Даусының өзінен жүрегім алабөтен соғып, өңешіме тығылып сыртқа шығып кете жаздады. Әдетте сұлу қыз көрсем, келіншек көрсем бір қайрылып қарайтыным бар еді. Алайда, тура мынадай әрі-сәрі күй кешіп, жүрек өрекпіп маза бермей қалатын сәттер мүлдем болмайтын. Ап Жансаяға келсек мүлдем өзгеше жағдай болатын. Мұның мәнісі не екенін ұғына алған жоқпын. Алайда, оның өзі де, сөзі де қиыла қарағаны да ұнап тұрғанын ғана сеземін. Біраз таныстық жұмыстарын жүргізіп, оны компьютерге отырғызып қойдым. Өзінің жұмыс тәжірибесі болмаса да әжептеуір епті екен, айтқандарымның барлығын тез алып кете алды. Жансаяның күлімсірей сөйлегені, оның отырысы барлығы маған ұнайтын. Күйеуі жайлы көп айта бермейтін. Үнемі әріптестер арасында, күйеуі жайлы сөз қозғалса үнсіз қалатын. Ондай сәттерде өңі боп-боз болып ақ сары жүзін әлдебір мұң торлап кететін де, күйеуі жайлы қойылған сұрақтарға жауап берместен үнсіз қалатын. Оның бұл мұңайысы маған мүлдем ұнамайтын. Кейде шыны керек замандастар болғандығымыздан шығар төсек мәселесі де ашық талқыға түсіп кететін сәттер болатын барлығымыз бірге түскі асқа отырғанда, кейде ашық әңгімелескенде мұндай сәттер болып тұратын. Ондайда мүлдем үнсіз қалатын Жансая терең күрсініп сала беретін. Сондай сәттерде екі иығына ауыр ЗІЛ көтерген жанша бір көтеріп қайта жіберетін. Осы күрсінісінен-ақ мен оның түнгі төсектегі өмірінің өзіне ұнай қоймайтынын ұғатынмын. Жансая біздегі әріптестермен бірге болатын отырыстарға, қуаныш кештерінің барлығына бірдей қатыса алмаушы еді. Кейбіреулеріне келетін. Онда да анда-санда жалғыз өзі келетін. Күйеуін сұрасақ, әзілдей:

– Бүгін менің басым бос! – деп күлімсірейтін де, осы сөздің соңынан жүзін қызарыңқыраған бір мұң басатын.

Оны өзге жұрт байқамайтын болар, алайда мен тез сезе қоятын едім. Міне бүгінде сондай кештердің бірі болатын. Біздің фирманың құрылғанына он жыл толуына орай үлкен дастархан жайылып, мейрамханада соны атап өтетін болдық. Оған ешбір қызметкердің келмей қалуына болмайтын еді. Соңғы бір-екі кешке келмеген Жансая осы жолы келді. Келмеуіне бастық рұқсат етпеді. Өзі жайнап кетіпті. Үстіне киген алқызыл көйлегі жарасып-ақ тұр. Қос анарын мен мұндалатып, тізесінің үстінен түскен етегі жанымды сиқырша арбап, сол етектің астында байлық бардай басымды айналдыра түсті. Кеш аяқталуға таяған шақ болатын. Ақ сары Жансаям шарап ішіп қызарып, одан сайын сұлуланып кеткен. Мен де айналшықтап жанынан шықпай жүрдім. Өйткені, соңғы кездері сезіп жүрмін оны сүйемін, ғашықпын. Иә, күйеуі бар келіншек болса да мен оны сүйеді екенмін. Сол махаббатымның буына мас болып, алқызыл көйлекте жайнап жүрген Жансаяның жанынан кете алмай қалдым. Біраз артық шарап ішкенінен басы айналғанын айтып жуынатын бөлмеге кеткен, сол жақтан жаныма күлімсірей келді де:

– Әділбек, өтініш, мен үйіме жеткізіп салшы. Үнемі бұлай масаң күйге түскенге дейін шарап ішпейтінмін. Бүгін олай ете алмадым… – деді қиылып.

Менің өзіне басқаша көзбен қарайтынымды ол да сезетін болар. Әйтеуір осы бір ұсыныстың өзіме түскеніне қуанған мен сөзсіз келісе кеттім. Екеуміз қолтықтасып сыртқа шықтық. Күздің суығы қыстан хабар бергендей дене қарып тұр екен. Такси ұстауға талпынып едім Жансая:

– Ең болмаса екі аялдама жаяу жүрейікші. Мына түріммен үйге барсам күйеуімнен да ыңғайсыз, – деді.

Күйеуі жайлы өзі сөз қозғаған соң мен де білуге ынтығып:

– Жансая, шыныңды айтшы, ол өзі бар ма? Әлде ана қолыңдағы жүзікті өзіңе сұқтанған сырт көзден сақтану үшін тағып жүрсің бе? Шыныңды айтшы, күйеуің шынында да бар ма? – дедім.

Менің бұл сұрағымды естігенде Жансаяның алқызыл жүзі бірден сұрланып көзі бір нүктеге қадалған күйі үнсіз қалды. Мен:

– Неге үндемейсің? Айтсаңшы бірдеңе. Егер ол шыныменен жоқ болса онда мен саған ғаш… – дей бергенім сол еді, ол өзінің нәзік қана алақанымен аузымды баса қойып:

– Жетер, өтінемін ары қарай ештеңе айтпай-ақ қойшы, өтінемін, – деп иығыма басын қойды да өксіп-өксіп жылап жіберді.

Түк ұқпай қалған мен оны жұбатып әлекке түскен жоқпын. Өйткені, ол ішіндегі мұңы мен сырын, жансарайына бүккен ауыр азабын менің иығыма басын қойып көз жастарымен сыртқа шығарып жатыр еді. Оның тура осылай аз да болса жеңілдеп қалатынын ұққан мен тек алтын түстес шаштарынан сипап бауырыма басып тұрып қалдым. Біраз уақыт өкси жылап, басылған ол қайта аяңдай жүруге ұмтылды. Мен де жанында белінен құшақтап еріп келемін. Қаланың орталығында тұрады екен. Бес қабатты үйдің подъездінің алдына келдік. Осы сәтте оның екінші қабатқа көтерілмек болғанын байқаған мен, белінен екі қолыммен құшақтап, өзіме Жансаяның бетін бұрдым. Әй-шәйға қаратпастан сүйкімді оймақ аузына жабыса кеттім. Ол да кейбіреулер секілді қарсыласқан жоқ, білегін мойныма орай берді. Біраз сүйіскен соң мен оның құлағына:

– Сені жібергім келмейді, – деп сыбырладым.

Ол еркелей күлімсіреді де:

– Бүгін менің жаныма қоншы. – деп қиыла еркеледі.

Мына сөзді естіген сәтте мен оның жүзікті шынында да жай жұрттың көзінен тасада болу үшін тағып жүргенін ұқтым. Ештеңе айтпастан басымды изей бердім. Жансая өзіне жарасымды бір еркелікпен менің қолымнан жетектей екінші қабатқа көтеріле берді. Бірден екеуміз асығыс басып жатын диванға келдік. Ештеңеге қарамастан іштей арман болған ару келіншекті бауырыма басқан мен:

– Жаным, жаным… – деп үздіге ентігіп оның мүсінін аймалай бердім…

Екеуміз түнімен балғын махаббаттың шәрбатынан сусындадық. Таңертең Жансая екеуміз де күлімсіреп ояндық. Ол менің иығыма басын қойып жатыр екен. Алтындай шаштарынан сипап жатып:

– Неге өтірік айттың? – дедім.

– Нені? Қашан? – деп байғұс келіншектің көздері шарасынан шыға жаздады.

– Кұйеуің бар екенін айтып… – деп аузымды жия бергенімде әлдебір жуан, да ырғақты еркек үні:

– Жансая! – деді.

Мен түнімен, қазір де ҮШ бөлмелі пәтерде екеуміз ғана деп ойлағам. Сондықтан болар еркін көсіле сөйлеп, Жансаяны да еркін аймалағаным. Ал оның бота жанары жаутаңдап осы сәтте орнынан көтеріле берді. Мен ештеңе ұқпай:

– Кім? Біреу кеп қалды ма? – деп көзім алақандай бола бергенде Ол:

– Жоқ, ешкім де келіп қалған жоқ. Күйеуім ғой… – деді де орнына тұрып сыртқа шығып кетті…

Мен ештеңеге түсінбей сілейіп орнымнан тұрған күйімде тұрып қалдым. Ойда-қырда үйінде күйеуі бар бола тұрып бөтен еркекпен бір түнін өткізген әйелді кім көріпті. Оның үстіне жасырмай, ашықтан-ашық қандай жайтқа тап болғанымды білмей санамды сан ой қамшылап жатты. Басым мең-зең болып тұрғанда Жансая қайта келді.

– Сен ештеңеде білмейсің ғой, Әділбек. Сені алдаған жоқпын. Менің күйеуім бар. Тек ол тар төсекке таңылған жан. Иә, солай… Амал не тағдыр әркімнің басына әр түрлі жағдай жазады ғой. Мен де өз тағдырым сыйлаған жайтты арқалап жүрген жанмын… – деді де үнсіз қалды.

Көздерінде мұң мен шер, азап пен қасірет қатар тұнған келіншекке қарап жүрегім езіліп кетті. Оны барып құшақтадым. Осы сәтте жай ғана құлағым сыбырлап:

– Сенің маған деген сезімің шынайы ма? Егер сенің жүрегіңдегі маған деген сезімнің шынайы болса онда, мен сені онымен таныстырамын. Оның сені көргісі келеді. Тек өзің шеш… Ал менің сезімім саған деген шынайы… – дегенді ұялыңқырап айтқан Жансаяға «жоқ сезімім жалған» деп айта алмадым.

Олай деуге құқығым да жоқ. Өйткені, мен шынында да оны сүйетін едім. Оның сөзіне еш жауап айтпастан киімдерімді тез-тез кие бастадым. Ол менің асығыс киінгенімді көріп кетуге асыққан болар деп ойлаған болуы керек, түрі сұп-сұр болып өзгеріп бара жатты. Ал мен бар киімімді киіп болған соң:

– Менің онымен танысқым келеді, – дедім.

Жаңа ғана жүзі өрт сөндіргендей болып тұрған Жансаяның көздері күлімдеп сала берді. Екеуміз бірге күйеуі жатқан бөлмеге кірдік. Бөлменің бұрышында орналасқан кереуетте жасы өзіммен шамалас, алайда ауыр тауқыметтен өңі бозарып кеткен, бір қараған адамға соншалықты бейшара жан болып көрінетін жігіт жатты. Ауыр азапқа алдырғаны болмаса, төсегі тап-таза, жан-жағы жинақы. Жансаяның тазалыққа деген ынтасы, ықыласы, күйеуіне деген күтімі көрініп-ақ тұр. Менің ыңғайсыздана кіргенімді көріп жігіт:

– Әділбек, амансың ба? – деді.

Мен басымды изедім, «амансыз бе?» деп айта алмадым. Ол бірден тізгінді өз қолына алып:

– Менің есімім Жолдас. Жағдайымды көріп тұрсың, осы. Сен жайлы Жансаядан көп естігенмін. Үнемі аузынан тастамай айтып, сені мақтап отырады. Содан-ақ, жарымның жүрегіне от боп түскеніңді ұқтым. Міне, тағдыр жазып жолығыстық. Бір көргеннен байқаймын көздерің таза. Көзі таза жанның пейілі де, ниеті де таза болады. Тек оны жылата көрме. Жансая бақытқа лайықты жан, – деді даусы дірілдей қинала шығып.

Оның көздері емес, жүрегі жылап тұрғанын ұқтым. Міне, осыдан соң мен Жансая мен Жолдастың үйіне жиі қонаққа баратын болдым. Иә, түнде Жансаямен бірге болсам, кейде Жолдаспен әңгімелесуге баратынмын. Иә, солай. Неге екенін қайдам мен еркек атаулыдан Жансаяны өлердей қызғансам да, өзінің некелі жарынан, Жолдастан титтей де қызғанған жоқпын. Мүмкін оның мүсәпір түрін көргендіктен болар. Сөйтіп жүріп бірде Жолдастан:

– Жәке, осы күйге қалай түсіп жүрсіз? Әңгімеңізге қарағанда өткен өміріңізде апталдай азамат, бір әулет арқа сүйген жан болғанға ұқсайсыз, – дедім.

Менің неге емеурін танытып отырғанымды байқаған Жолдас :

– Иә, бүгін мен бір бейшара, мүсәпір жанмын. Тағдыр маған осыны жазған. Апайда бір кездері басқаша жан едім. Мен өте ауыр күнә жасаған жанмын бауырым. Иә, ауыр күнә… – деді де өткен өмірі жайлы сөз бастап жіберді.

Мен оның аузына телміріп жанында отырып қалдым…

* * *

Бір үйдің ерке де үміт артқан жалғыз ұлы болдым. Сондықтан болар ата-анамның кейбір сөздеріне мән бермей еркелеп жүретін едім. Қалада оқып жүргенде ауылдан әкемнің науқастанып жатқаны жайлы хабар келді. Әкем байғұс ауырып жатып:

– Балам, балам, – деп қалада жүрген ұлының жолына қараумен көзін талдырыпты…

Қарт әкенің көңілі ажалмен бетпе-бет келіп тұрғанын сезген болса керек, әйтеуір жалғызын бір көріп қалуды арман тұтып, ажалға алдырмауға тырысып баққан екен. Әкемнің төсек тартып жатып қалғанын естісем де бір апта бойы қолым тимей ауылға бір апта өткен соң келдім. Иә, осы бір апта ажалмен арпалысқан әкем үшін оңайға соқпапты. Шыбын жаны шығып кетуге дайын болса да, әкем бір иіскемей кетпейтінін сездіргендей ажалмен күресіп бағыпты. Ажал да өлім аузында жатқан әкемнің бір тілегін орындағысы келгендей арбасып жанын алмай тұра берген. Төрде шөкімдей болып қуарып жатқан әкем есіктен мен кіріп келгенде:

– Үһ-һ, келдің бе? – дегенді әрең айтты.

– Әке, – деген менің көзім атыздай болды.

Өткен аптада ғана әкем аттай болып жүрген. Енді қарасам, кеше ғана сақалы шошаңдап тірліктен қолы босамай жүрген әкемнің ештеңесі де қалмапты. Иә, бейне тірі әруақтай бір апталық азап, он жыл төсек тартып жатқандай құр сүлдерін қалдырған екен.

– Балам, мен… мен кетіп барамын, – деді тілі күрмеліп.

– Әке, қойшы қайдағыны айтпай, – деуге ғана шамам келген менің ессіз көздерімнен моншақ жастар төгіле беріп еді.

– Жылама, балам, анаңды жалғызсыратпа. Жалғыз аманатым, оны жалғызсыратпа. “Жалғызсыратпаймын, еңіретпеймін, көзіне жас алдырмаймын” деп сөз бер, балам, – деген әкем маған сынай көз салды.

– Әке, олай демеңіз. Сіз де көресіз немеренің қызығын. Апам да көреді. Мұныңыз не? Жоқ, —деп жанталасқан маған:

– Маған сөз бер, балам. Бұл аманат, саған қалған аманат – анаң, – деді әкем.

Тапырақтаған мен:

– Сөз берем, әке. Аманатыңа қиянат жасамауға сөз берем, – дей бердім.

Ұлының аузынан соңғы өзіне қажетті сөзді естіген әкем ажалға асыға берді.

– Қош болыңдар, – деуге ғана шамасы келді де денесі мұздап, көзі жұмылып бара жатты.

– Жоқ-қ! Әке-е, жоқ, – деген мен қаралы үйді дүр сілкіндіре бердім.

Иә, менің осы үніме анамның жоқтау айтып зарланған үні қабаттаса берді. Оған “бауырым-айлап” күзеткен жандардың үні қосылып үй-іші, ауыл маңы азан-қазан болып кетті…

Әкемнің қырықтық асы да, жылдық асы да өтті. Енді жалғыздықтан жабырқап, жанына демеу болар шалынан айырылған анам маған күнде ызыңдайтынды шығарды. Әсіресе қалаға кетіп бара жатқанымда:

– Үйленсеңші, балам. Қашанғы мен сенің қалаға кеткен жолыңа қарап қу бас болып отырамын. Менің жанымда ең болмаса қарайып жүретін бір шүйке басты алып келсеңші, – деген сөзді қайта-қайта айтудан жалықпаушы еді.

Ал мен болсам еркелігі өзімнен асып түсетін Арумен жүріп жүрген болатынмын. Оған анамның сөздерін жиі айтып келетін едім. Ол күлімсіреп қоя салатын. Сөйтіп жүргенде екеуміз ақ төсекте махаббаттың ащы да тәтті дәмін татып қойдық. Енді үйлену жайлы Ару да ызыңдайтынды шығарды. Ата-анамның жалғызы болған мен жылдар бойы сол армандарын айтқан екеуіне көнбей, Арудың дегеніне тез көндім. Бір күні үйге келіп:

– Апа, мен үйленетін болдым. Дайындала беріңіз, келесі аптаның басында келініңізді әкеліп беремін, – дедім.

Анам қуанғаннан көзіне жас алды.

– Не дейді, тағы? Жаратқанның бергенінен айналдым. Жарығым сол, жарығым сол. Аллам, бұл күніңе де шүкір. Осы күнге жеткізгеніңе де шүкір. Әкең де осы күнге жетіп кеткенде арман жоқ болар еді-ау, – деп жалғызсыратып кеткен жұбайын есіне алды.

Осыдан кейін-ақ тойға қызу дайындық басталды да кетті. Жұрттың барлығына ұлының үйленетінін хабарлап, ауыл-үйдің әйелдерін жинап анам жүгірді де жүрді. Иә, жан дегенде жалғыз ұлының қуанышын байғұс ана қолынан келгенінше ештеңені аямай өте тамаша етіп өткізуге тырысқан еді.

Ару келін болып келіп, шашу шашылып жатты. Көзі тұздай, жанарынан от шашатын, сұлулығы мен безірейген бір беткейлігі бетіне шығып тұрған Аруды ауыл әйелдері шуласып жүріп үйге кіргізді. Орамал жапты. Шымылдықтың астында отырған келінінің жанына барып маңдайынан сүйген анам:

– Бақытты бол, айналайын, қадамың, құтты болсын, – деді.

Осы сәтте қалада жүріп үлкенді сыйлаудан жұрдай менің Аруым

анама:

– Былшылдатып неге түкірігіңізді жақтыңыз? – деп тыжырынып бетін сүрте берді. Осы сәтте анам:

– О, Құдай, бәлесі өзімен. Баламнан аулақ мынаның пейілі нашар екен. Пейілі нашар жер жұтқырды қайдан таптың, балам? Сенен аулақ қасіреті, – деп көзіне жас алып, кері бұрыла берді.

Ал мен болсам түк ұқпай:

– Не болды, апа? Неге сонша сүйесіз? Енді осы үйде қалады ғой. Көрдіңіз бе Аруға ұнамай қалды, – дедім мен топас.

Міне, осы бірінші күні-ақ келін боп түскен Ару анама бар мінезін ашық көрсетіп қойды. Бірақ, оның бар мінезі бұл емес еді. Уақыт өте келе шайпы ауыз келіннің өнері шыға берді, шыға берді. Ал мен тас соқыр болып жүре беріппін.

Мен қалаға қатынап жұмыс істеймін. Ал Ару болса үйде отырады. Оның анам бір кездері армандағандай жанына жылу беріп, серік болғаны құрысын. Қарт анамды “отырса опақ, тұрса сопақ” қылады екен мен жоқта. Мен жоқ кезде екіқабат екендігін міндет қылатын Ару анама үйдің тірлігінің барлығын істетін еді. Алпыстан асқан анада не қауқар болсын? Үй артындағы арықтан су алып келе жатып, аяғы тайып кетіп бірде, көк мұзда шалқасынан ТҮСІПТІ. Белі шойырылып қалған анамның көзіне жас толып қимылдай алмапты.

– Қу, тағдыр жалғызға біткен мына жалмауыз да жанымды жеді ғой. Жалғыздың да миын су етіп бердің. Оған айтсам өзіме жабысады тілі без-без етіп. Бұлар менің түбіме жетпей тынбайтын шығар әсті. Осы азапты көрсеткенше неге шыбын жанымды алмадың, Жаратқаным? Неге алмадың? – деп еңірей берген екен.

Мұндай сорақылықтың барлығын мен кейін анамның аманатын әкелген жамағайымның аузынан естідім. Иә, жамағайымның аузынан. Ол кезде Ару не істесе де, не айтса да мен үшін бәрі дұрыс болатын.

Көк мұздың үстінде тұруға шамасы келмей жатқан анам жылай береді. Орнынан тұра алмай бүкшеңдеп жатқан енесін көрген Ару:

– Не болды, көк мұзда жерге отырып алыпсыз? – депті.

– Отырмағанда қайтем, аяғым тайып құладым, балам. Енді тірлікке жарамаспын. Қалғанын өзің істе. Тамақты да өзің дайында, менде дәрмен қалмады. Белім кетті-ау деймін, – деген анама:

– Не? Не дедіңіз? Ештеңеңіз де кетпейді. Істейсіз бар тірлікті. Тірліктен өлген адамды көргенім жоқ. Мен сонда тамақ істеймін бе? Босануға аз уақыт қалды. Ішім шермиіп жүріп мен құласам не болады, білесіз бе? Мына ішімдегі баладан айрыламыз. Істемеймін мен ештеңе. Тамақты сіз дайындап беріңіз! – деп дікеңдей берген.

– Қарағым-ау, қимылдауға шамам келмесе мен қайтейін? Жұрттың келіндері туғанынша тірлігін істеп жүре береді ғой. Сен менің маңдайыма біткен келін емес, келсап болдың ғой тегі,– дей берген анамның сөзі ерке де, шолжаң келіннің қытығына тиген білем.

– Не? Не дедің сен, кәрі қақпас? – деп белін сыбанып келген Ару енесінің жандалбасалағанына да қарамастан қарт анамды сүйрей жөнелді. Көк мұздың үстінде мұрны қанап, сөйлеуге шамасы келмей, ақ жаулығы қар сызған анам еңірей берген.

– Көрсетемін мен саған, келсапты қазір, – деген Ару енесін бөлмесіне қамап, от жақпай мен бір апта жұмыста жүргенде қара суықта әбден тоңдырған екен.

Суық бөлмеде жылу іздеп, мына келіннің кесапатына ұшырап отырған анам үнсіз егіле беріпті. Сонда да сорлы анам Аруды қарғамапты. Ұлының ұрпағын дүниеге әкелгелі отырған келінін қарғауға аузы бармапты. Қарғай алмапты. Міне, осы жағдайдан кейін анам өте үлкен қасіретті ауру тапты. Иә, өте жаман ауру тапты. Осыдан кейін ТҮН баласы төсегіне кіші дәретін жіберіп қоятын болды. Қақаған суық әбден денесін шарпығаны сонша, бұл ауруынан қанша айыққысы келсе де жазыла алмады. Өзінің бір апта даладай суық үйде жатқанын маған аузы барып айтып та көріп еді. Иә, маған болған жайтты айтқан сәтте менің миымды жеп, өзінің дегенінен шықпастай етіп баурап алған Ару барлығын жоққа шығарды. Ал мен болса анама емес, сол арам ниеттіге сене беріппін. Қазір өкінемін, әр ісім үшін, анама айтқан әр сөзім үшін ішім удай ашып өкінемін. Бірақ амал жоқ қой. Өткен уақыт кері қайтпайды. Маған болған жайтты айтқанда мен:

– Туайын деп отырған қатынға неге жала жаба бересіз? Аман – есен босанып алуын неге құдайдан тілемейсіз? Оның ішінде сіздің туған немереңіз бар ғой. Қашан келсем екеуің қырылысасыңдар да жатасыңдар. Сол оңай ма маған? Сендердің екеуіңнің бір-бірлеріңді жамандағандарыңды есту жақсы ма әлде? Екінші ондай өтірік сөз айтпаңыз, апа. Ол менің әйелім. Жақсы болса да, жаман болса да Ару менің жан жарым. Не болса да көнесіз, – деп анамның аузын қолсыз жаптым.

Осыдан кейін анам маған келіні жайлы артық ауыз әңгіме айтпайтын болды. Қанша айтса да, ештеңенің өзгермейтінін ана жүрек сезген болар кім білсін?Бір күні ауырып, бір күні сау болып жүрген анамның жаралы жүрегін бір қуаныш жылытқандай болды. Ол келінінің босанып, дүниеге балпанақтай ұл бала алып келуі еді. Немересіне есім қоюға дайындалып жүрген кезінде үйге келген мен:

– Апа, немереңіздің есімін Бақытжан қойдық, – дедім.

Ішіндегі арманын сыртқа шығара алмаған анам онысын да

сездірместен:

– Е-е, оң болсын, балам. Бақытжан болса болсын. Әйтеуір бақытты жан болсыншы, шырағым, – деуге ғана шамасы келді.

Көзіне домаланып келіп қалған жасты жаулығына сүртіп маған:

– Енді мен ол кішкентай ғана балапанымды қашан көремін? – деп еді, мен тағы да Арудың айтқанын дұрыс көріп:

– Мынадай суықта ауылда олар не істейді? Қалада бір-екі ай болып содан соң, қыс шыға келеді ғой. Қырқынан шығып боламын дегенше көктем де келіп қалар, – дедім.

Мынаны естігенде анам:

– Мен ше? – деген сөзді қалай айтып жібергенін де сезбей қалды.

– Сіз не? Сізге не болыпты? – дедім мен түк болмағандай.

Иә, анамды бір қылшылдаған қырықтағы келіншек көрсем керек. Байғұстың отын-суы барын, ыстық тамақ ішу керектігін. Оның жағдайын жас балаша мәпелеп біреудің жасау керектігін мен ол кезде түсінген жоқпын. Түсінуге қойыныма кірген қара жылан мұрсат та бермеген болатын.

– Мен жалғыз қаламын ба? – деді жанары сулана.

Тағы жылайын деп тұрғанын көре салып:

– Не болды? Тағы көз жасыңызды көл етпекшісіз бе? Осы сіз-ақ жылап қорқытуыңызды қоймадыңыз, – дедім тістеніп.

– Жоқ, балам жылап тұрған жоқпын. Жай көзіме бірдеңе түсті ме, көз құрғыр да нашарлады ғой. Күн өткен сайын сулана береді. Жалғыз қалсам жағдайым не болар екен? – деп анам сорлы ақтала сөйледі.

– Несі бар жалғыз қалсаңыз? Біз келгенше үйде жүре тұрасыз. Өзіңіздің де жағдайыңыз біраз түзеліп қалады, – дедім де анаммен қоштасуға шамам келместен Ару айтқан киім-кешекті сөмкеге орап-орап салдым да үйден шығып кете бардым.

– Е-е, Аллам-ай, жаныма жалау болсын деп емес, жаныма егеу болсын деп жалғыз бердің бе? Қайтем енді? – деп ізімнен анам күбірлей берді.

Мен ішкі азабын сыртқа шығарған анам сөзіне аса мән берген жоқпын. Иә, ауыр азапты арқалап жалғыз қалып бара жатқан анамды ойламадым да. Тіпті сол сәтте әкемнің тапсырған аманаты екенін де есімнен шығардым. Бір бала туғанын міндет еткен әйелім не айтса соның дегеніне көніп жүре беріппін ғой. Қайран арсыз басым, ақымақ әйелмен ақымақ болып жүре беріппін.

Қыс бойы жалғыз қалған анам осы қыста тым қатты әбіржіп кетіп еді. Оның үстіне мына жаман ауруы да күн өткен сайын үдей түсіпті. Бұрындары аптасына бір кіші дәретін жіберіп қоятын. Кейін күнде қайталанып жүріпті. Сорлы кемпір күнде көрпе жууға шамасы келмейді екен. Тіпті, кейде кіші дәреті сіңген көрпені кептіруге де болмай қалады. Өйткені, үйінде отыны жоқ қарт ана суық үйде көрпеге оранып жата беретін еді. Осылайша бір қыс бойы қараусыз қалған анам қатты әбіржіпті. Осылайша анам байғұс жалғыздықтан бір азап шегіп, аурудан екі азап шегіп қиналып қасіретті көп тартыпты. Сонда да келетін болып кеткен біз, қайтып анамды іздеп бармадық. Менің мүлдем баруға уақытым болған жоқ. Иә, ұлым Бақытжанның тәтті қылығына мас болып жүре бердім. Ауылда азапқа түсіп анам қалғанын ұмытып кеткен болатынмын. Сол сәттерде мен анамның тірідей жүрегін жұлып алғанымды сезген жоқпын. Мен өзімді тоғыз ай көтеріп, түн ұйқысын төрт бөлген анамның ақ сүтін аяққа таптап, аналық мейіріміне мейіріммен жауап қата алмағанымды ұқпадым. Иә, әке аманатына қиянат жасап жатқанымды да сезінген жоқпын. Мен өзімше бақытты едім. Бақыттымын деп сезінетін едім өзімді. Алайда, анаң азаппен арпалысып жатқанда сезінген бақыттың өз есебі бар екенін мен өте кеш, тым кеш ұқтым…

Жұмысым жақсы. Табысым тамаша болды. Араға жыл салмай-ақ пәтер алдық. Тіпті шетелдік көлік те сатып алдым. Оның үстіне әкемнің де маған деп, жалғыз балама деп жиғаны бар еді банкте соны қосып шалқып өмір сүріп жаттық. Сондай күндердің бірінде жұмысымнан келе салып екіден асқан Бақытжанды көлікке отырғызып алып қаланы бір аралатпақ болып шықтым. Ару үйде қалған. Алайда, жолда көлігімнің тежегіші істен шығып апатқа ұшырадым. Көзімді ашқанымда ауруханада екенімді бір-ақ білдім. Есімді жия сап:

– Не боп кетті өзі? Не? Бақытжан қайда? – деп ол айқайлап жібердім.

Өйткені апат болғанда оның көліктің артқы салонында отырғаны бірден есіме келіп еді. Менің көзімді ашқанымды көріп Ару:

– Бақытжан жоқ. Өлді! Бақытжаннан айрылдық, Жолдас. Оны сен өлтірдің. Сен! Сен оны апатқа ұшыраттың. Ол өлмей, неге сен өлмедің? Неге сені алмады, қу ажал? – деп шыңғыра айқайлап мені жұлқылай берді.

Ашуға берілген әйелімді медбикелер менен әрең дегенде ажыратып алды.

– Қойыңыз, ауруға тыныштық беріңіз. Қойыңыз, – деп оны сыртқа сүйреп шықты.

Ұлымның өлгенін естіп одан сайын есімнен адасқан мен бір талып, бір талықсып бір есін жиып далбасалай бергем. Әлден уақытта барлық жайдың мән жайын ұққандай болып мен:

– Неге? Неге ол өлді? – деп жанұшыра шыңғырып жібердім.

Осы сәтте қайта жаныма келген Ару бағжаңдай сөйлей берді.

Оны дәрігерлер кіргізген болса керек.

– Білмеймін, білмейін Жолдас. Сен, сенің өзіңнің де сау жерің жоқ. Айтшы енді саған кім аяқ болады? Сен енді мәңгілік мүгедек болдың ғой. Мен енді мүгедектің әйелі боламын ба?– дегенде, төбе шашым шымырлап, денем мұздап кетті.

Қанша перзентің, жарың болса да, өз жаныңнан артық ештеңе де жоқ екен. Өзімнің аяқтарым жайлы, мүгедектігім жайлы естігенімде жүзім сұрланып кетті. Бірден екі аяғымды іздей бастадым. Бірақ таба алмадым. Оның орнында кесілген шолтаң ете қалған тізелерім көрінді. Жүрегім шаншып кетті. Иә, жаным қиналды.

– Ару, менің аяқтарым қайда? Аяқтарыма не болған? Неге оны менен сұрамай кесіп тастаған? Не үшін? Аяқтарым жоқ болса, мен енді қалай күн көремін? Қалай?! – деп шыңғырып жібердім.

Өз көзіме өзім сенетін емеспін. Мен мүгедек болып қалыппын! Иә, екі аяғы жоқ мүгедек болыппын! Жылап жібердім, көзімнен жерге домалаған әр тамшыда өкініштің табы бар еді.

– Енді қанша жыласаң да аяқтарыңды қайтарып ала алмайсың, Жолдас. Ұлыңды да қайтарып ала алмайсың. Сен мүгедек болдың. Сенің аяқтарың жоқ, сен енді ештеңеге де жарамайсың. Маған сен керек емессің. Ұлың да жоқ енді. Бақытжаннан да айрылғанбыз, Енді екеуміздің бірге қалуымызға негіз де жоқ. Енді сен менен де айрылдың, мен мүгедекке жар бола алмаймын, – деп Ару сайрай жөнелгенде барып көкірегі соқыр жан болғанымды ұқтым.

Сонда барып өзімнің қамқоршымды, аяулы анамды қандай екіжүзді қара ниетті жанға айырбастап жібергенімді сездім.

– Не? Ару не дедің? – деп шыңғырып жібердім.

Ол да еш міз бақпастан:

– Енді екеуміз ажырасамыз. Сен не, мүгедек болсаң да жаны ашып қасыңда қалады деп ойладың ба мені? Мен қала алмаймын. Мен бүкіл ғұмырымды мүгедекке арнамаймын. Өйткені, менің он екі мүшем сау. Бүгіннен бастап біз ерлі-зайыптылар емеспіз. Енді түсінген шығарсың, – деді.

– Жоқ, болуы мүмкін емес, мүмкін емес… – деп мен жанталасып жатқанда, әулие көріп анамды тастап ізінен ерген жарым, некелі жарым бейшара хәлге түскен мені тастап ауруханадан шығып бара жатты.

Иә, мүгедек екенімді бетіне басып кетіп бара жатты. Менің жүрегімді ӨКІНІШТІҢ өзекті тырнаған оты күйдіре берді. Тек кеш түсіндім. Анамның мейірімін аңсадым. Анамды сағындым. Дәл қазір жанымда анамның болғанын қаладым. Анам болғанда ғой, шіркін, аяғымның жоқтығын да сездірмес еді-ау. Енді не істеймін? Енді кімім қалды менің? Ешкімім де қалған жоқ еді… Тек өзекті өртеген өкінішім қалып еді. Өйткені, анам бұл кезде жалғызынан жылу таппай о дүниеге аттанып кете барған болатын. Иә, ол кісінің тіпті жаназасына қатыстым,бірақ шынайы іздеп жоқтай алмадым. Ол кезде мен Ару мен бір шаңырақ астында тұратынмын. Оның өлгеніне қуанған жоқпыз. Алайда анам өлгендей жаным сыздап қайғырған да жоқ болатынмын. Оған жанымдағы сұр жылан мүлдем мұрсат бермеген еді.

Балам өліп, әйелім тастап кеткенде мен ауруханада азапқа түсіп жатқам. Сол кезде ауылдан бір жамағайын туысымыз келді. Қолында әжептеуір ақшасы бар. Ол менің жаныма келіп отырып көп сөйлеместен хәлімді сұрады да ақшаны ұсынды. Мен:

– Бұл не ақша? – дедім.

Іштей:   “ауылдағы ағайын-туыс жылу жинап берген болар жағдайымды естіп” деп ойладым. Иә, сол туыстарыма өткізгенім бардай. Олар түгілі анамның жаназасына бармаған менде не опа бар дейсің? Ал ол болса менің сұрағыма біраз отырып барып:

– Бұл ауылдағы үйді сатқан ақшасы. Анаң өлер алдында қажет болса апарып беруімді аманат етіп еді. Аманатқа қиянат жасағым келмеді. Сондықтан сенің осы хәліңді естіп әкеліп отырмын, – деді.

Мына сөзді естігенде менің жүрегім шаншып кетті. Мен сол кезде барып ұқтым өзімнің үлкен аманатқа, Аллаһ алдында да, әкем алдында да жіберілген аманатқа қиянат жасағанымды. Әкем. Әкем маған анамды аманат етіп еді-ау… Сонда мен бейбақ еш қиналмастан, анамды өлгенше қадірлейтін жандай уәде беріп едім. Мойыныма аманат арқалап едім. Алайда оны орындай алмадым. Сол аманатты есіме осы сәтте алдым. Анамның аманатын бөгде жан, жамағайын туысым қиянат жасамай алдыма әкелгенде барып аманаттың азабын арқалағанымды түсіндім. Оның үстіне осы анам жайлы айтқанымның барлығын маған сол жамағайыным айтты. Ол тек естігендерім. Ал Арудың мен білмейтін қанша азабы бар шығар анама көрсеткен. Мен ұққанда бәрі де кеш еді. Онсыз да өз анамды аялай алмағаныма Ару мені тастап кеткен сәтте-ақ өкінген болатынмын. Ал мына аманат алдымнан шыққанда одан сайын азапқа түстім.

Мен ауруханада осыдан кейін одан сайын қиналдым. Сол кезде осы Жансаямен таныстым. Ол жетімдер үйінде өскен қыз екен. Бір жігітпен сөз байласып тұрмыс құрғанға ұқсайды. Онысы мұның ешкімі жоқ жетім екенін пайдаланып, көзіне шөп салып, ұрып-соғады екен. Сондай айқай-шу шыққан бір күні ауыр тауқыметке шыдай алмай ол күйеуімен ұстаса кетеді. Әйелдің еркекке күші жетсін бе? Жансаяны аямай тепкінің астына алған күйеуі оны есінен тандырып тастайды. Өлесі таяқ жеп осы ауруханаға түсті. Ішінде екі айлық баласы бар екен. Оны түсіріп алды. Сонымен бірге Жансая ана болу бақытынан да айрылып еді. Қатты алған соққыдан енді қайтып құрсақ көтеруге денсаулығы жарамай қалыпты. Ол да осы азаптардан қатты қайғырып қасірет шегіп жүрген болатын. Менің жаныма үнемі шай қайнататын ток шәйнек сұрап келіп жүретін. Сонда жүріп екеуміз тіл табыстық. Оның барар жері басар тауы жоқ. Мен де соның күйін кешкен жан едім. Екеуміздің мұңымыз бір, болғандықтан шығар тез тіл табыстық. Оның үстіне мейірімді, ақ көңіл қыз өзімнің де жүрегіме үлкен сенім мен махаббат ұялатты. Оның жайдары мінезі, күлімсірегені, өзіне лайықты еркелігі қатты ұнады. Ол сөйтіп жүріп менен алдын ауруханадан шығатын болды. Жаныма жиі-жиі келіп әңгіме айтып, мұңын шағатын жанға бауыр басып қалып едім. Оның шығатынын естігенде әжептеуір қиналып қалдым. Бір жағынан жазылып шығып жатқанына қуандым да. Қоштасуға келген сәтінде мен Жансаяға:

– Жансая, сенен бір өтінішім бар. Орындайсың ба? – дедім.

Ол төмен қарап отырып:

– Жарайды орындайын. Бірақ, білесің ғой менің барар жерім жоқ. Тағы да сол жетімдер үйін паналай тұрармын. Кішкене уақыт өткесін жұмыс та тауып алуға тырысамын. Осы аралықта бітіруге болатын өтініш болса көрейін, – деді.

Мен сонда Жансаяға:

– Анам қалдырған ақшам бар. Мүмкін болса үш бөлмелі үй сатып ал. Бар жағдайы жасалған үй болсыншы. Менің халімді көріп отырсың ғой. Бір бейшараға айналғанмын. Өте жақсы үй сатып алуға ақшам жетеді. Саған сенемін. Сенің көздерің мейірімге толы мені алдап кете алмайсың ғой. Өйткені, сен ондай адамдардың қатарына жатпайсың. Сондықтан ақшаны аурухананың бас дәрігеріне бергенмін. Алып беремін. Үй алған соң келіп хабарын айт. Сонда шығайын. Қашанғы осында жата беремін, – дедім.

Менің өтінішімді естіп Жансая:

– Бұрын-соңды үй сатып алып көрмегенмін. Алайда делдалдарды араға салып болса да көрейін. Мейлі Жолдас, сенің өтінішіңді орындаймын, – деді.

Ол осы үйді алып келді. Содан соң мені өзі шығарып алды. Сол кезде оны жібергім келмеді. Ол мені жаңа үйге әкеліп орналастырып кетуге ыңғайланған күн мені оның алдында тұрып:

– Жансая, егер мүгедектігімді ар көрмесең, менің жанымда қалшы. Мейлі ақ төсекте еркіндікті бердім. Бірақ менің көңіліме, жүрегіме адалдық танытар жар болшы. Маған қарауды, менің жағдайымды жасауды ар көрмесең кетпеші. Маған тұрмысқа шықшы. Мына мүгедектік маған көп сабақ болды. Сен де барар жерің жоқ қой. Екеуіміз бір бүтін болайық. Ақ төсекте рахатқа бөлей алмасам да, жаныңа серік бола аламын, – дедім жыларман болып.

Мен ол кезде мейірімнің, сезімнің, шынайылықтың қадірін қатты сезіп білген кезім еді. Ол да мені ұнатты. Оның үстіне жалғыз болатын. Көзіне жас алып тұрып келісімін берді. Осылайша екеуміз үйлендік. Алайда, мен оның төсектегі өміріне еш араласпаймын. Өйткені ондай белсенділік менде жоқ. Аяқпен бірге кеткен бәрі. Тек рухани жанына серікпін. Бұған дейін бір жігіт болды. Алайда пейілі нашар жан болып шықты. Жансаямен төсектес болып жүріп, менімен ажырасуға, үйді өз аттарына жазуға үндеп жүр екен. Одан Жансая бірден бас тартты. Одан кейін тұрақсыздау бірер жігіт болған. Алайда, сен олармен салыстыруға да келмейсің. Оның үстіне Жансаям сені шынында да сүйеді. Оның жүрегіне таласым жоқ. Ол сүюге де, бақытты болуға да лайықты жан. Сондықтан араларыңа түспеймін. Онға о баста өзім сондай еркіндік бергенмін. Иә, еркіндік бергенмін. Анамнан артық көрген Аруым азаптап кеткенде, Жансаяны онымен салыстырмақ түгілі Ару бұл қыздың көлеңкесімен де санаса алмайды. Жансая мен үшін бағасы тым жоғары жан. Оны жылатпашы… Міне осы менің бар азабым, бар тағдырым. Мен анамның көз жасына қалып, әкемнің аманатына қиянат жасаған жанмын. Тек Аллах Жансаямның пейіліне таршылық бермесін деп күн көріп келем… – деп барып үнсіз қалды.

Оның осы сөздерді айтқан сәтте жанары жасқа толып бара жатты. Оны көргім келмеген мен көзімді сабалақтап жауып тұрған қарға аудардым. Терезеден жауған қар өте тамаша болып көрініп тұр еді. Ал Жолдас болы маған байқатпастан жанарындағы екі тамшы жасты осы сәтті беторамалына сүртіп үлгерді. Екеуміздің жанарымыз қайта түйісіп қалды. Оған не айтарымды білмей тұрғанда Жансаяның:

– Тамақ апара берейін бе? – деген даусы естілді.

Екеуміз де оның мына сөзіне қуанып кетті. Бізді үлкен бір ыңғайсыз сәттен құтқарғанына риза болып:

– Әкеле бер!

– Әкеле бер! – деп бірдей жамыраса айттық…

Міне бүгін тағы да Жансаяның үйіне бара жатырмын кештетіп. Соңғы кездері шынында да оған байланып қалғандаймын. Жанымды жиі-жиі: “Жансаяға үйленіп, Жолдасты аға ретінде қолқанатымызға алсақ па екен?” деген ой мазалайтын болып жүр. Ішім сезеді бұған тағдырдан шын жетімдік көрген Жансая да, Жолдас та келісетін сыңайлы. Тек ел Жансаяны “екі күйеумен тұрып жатқан арсыз әйел” деп сөкпесе болғаны. Мейлі, ел не десе о десін, бірақ мен тура осы бүгін жаныма маза бермей жүрген ойды екеуіне жайып салмақпын. Өйткені жұрттың ойы түк те емес, ең бастысы біз үшеуміз де бақытты боламыз… Жансая маған сәби сыйлай алмаса да, бақытқа жетуге тырысамыз. Мен бірінші жарымды сүймеген сыңайлымын. Өйткені онымен тура осы перзент үшін ажырасқанбыз. Ал Жансаяның перзентті болуға денсаулығы жарамайтынын білсем де соған қарай асығам да тұрам. Яғни, бұл мәселе де екі жанның бақытты болуы үшін еш мәнге ие еместей көрініп жүр қазір. Мейлі, балаларымыз болмаса болмасын, Жансая жетімдіктің азабын тартқан жан, жетімдер үйінен сәби алсақ өз перзентінен де артық жақсы көріп, мейірімін төге алатынына мен сенемін. Жұрт не десе о десін, біз бақытты боламыз… Үшеуміз де бақытты боламыз…

Әңгімені Әділбектен жазып алған:

НұрСая.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған