КТ ЖӘНЕ МРТ АППАРАТЫ САҚТАНДЫРЫЛҒАН МӘРТЕБЕСІ БАР КЕЗ КЕЛГЕН АДАМҒА ҚОЛЖЕТІМДІ

Елімізде МӘМС жүйесі енгізілгелі көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілді және олардың көлемі ұлғайды. Сонымен қатар күрделі оталар мен жоғары дәлдіктегі диагностиканы күту ұзақтығын қысқарту мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. 2023 жылы Түркістан облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 204 493 266 мың теңге бөлінді.

КТ ЖӘНЕ МРТ АППАРАТЫ САҚТАНДЫРЫЛҒАН МӘРТЕБЕСІ БАР КЕЗ КЕЛГЕН АДАМҒА ҚОЛЖЕТІМДІ

Оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен – 95 432 806 мың теңге. Яғни, қазіргі уақытта облыс бюджеті 3 еседей өсті. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев айтты.

Спикердің сөзінше, жүйе іске қосылғанға дейін КТ және МРТ секілді қымбат зерттеулер халықтың 8 әлеуметтік осал санатына ғана қолжетімді болған. Қазір бұл қызметтер сақтандырылған мәртебесі бар кез келген адамға көрсетіледі. Бүгінде облыста 23 компьютерлік томография аппараты, 12 МРТ аппараты жұмыс істейді.

– Ақылы қымбат тұратын медициналық көмектің көптеген түрлері қолжетімді болды. Мысалы, 2022 жылдың деректері бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемі 519 361 мың теңгеден биыл 683 041 мың теңгеге өсіп отыр. Азаматтардың жекелеген санаттарына стоматологиялық көмек 2 582 541 мың теңгеден 4 224 408 теңгеге ұлғайды. Медициналық оңалту 6 018 621 мың теңгеден 6 859 196 мың теңгеге және консультациялық-диагностикалық көмек 7 579 848 теңгеден 1,7 есеге көбейіп 12 864 806 мың теңгені құрады, – деді, Асхат Асанұлы.

Мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мен аурулардың алдын алу, өмір сапасын жақсарту, өмір сүру жасының ұзақтығын арттыруға нақты басымдық беріліп отыр.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, ауру неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым құлан-таза айығып кетудің де мүмкіндігі көбірек. Әр адам ең алдымен өз денсаулығына өзі жауапты екенін естен шығармастан скринингтен уақытылы өту, жылжымалы медициналық кешен қызметіне жүгінуі, ауруларды басқару бағдарламасына қатысу, спортпен айналысу, зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, дәрігерге дер кезінде қаралуы керек.

Қор филиалы өз тарапынан халық арасында МӘМС жүйесінің артықшылықтарын түсіндіру жұмысын күшейтуге, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін, МӘМС қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыратынын айтты. Сонымен қатар, тұрғындарды МӘМС аясында медициналық көмек алу үшін алдын ала «сақтандырылған» мәртебесін алуға шақырды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған