СҰРАПЫЛ СОҒЫСТЫҢ ҚОС АРДАГЕРІ

Биыл Жеңістің 77-ші көктемі. Сол жеңісті жақындатып, бүгінгі бейбіт күн үшін күрескен ардагерлерді құрметтеу – ұрпақ парызы. Сұрапыл соғысқа Арыс қаласынан 10503 жауынгер қатысты. Соғыс жылдары Арыс қаласынан Кеңес Одағының 6 батыры шыққан. Олар – Нағи Ильясов, Бейсен Оңтаев, Иван Журба, Берген Исаханов, Ережепбай Молдабаев және Садық Исмаилов. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде сол майданға қатысқан азаматтардың есімдері қала орталығында «Жеңіс» аллеясындағы ескерткішке қашап жазылған. Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болуы үшін тарихтан тағылым алған жөн.

Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Дәл қазір Арыс қаласында қан майданда жаумен қақтығысқан 2 ардагер ғұмыр кешуде. Олар: Қасымбек Кенжебеков пен Абылай Нарбаев.

Кенжебеков Қасымбек 1922 жылдың 4 қаңтарында Арыс қаласында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте ажырап, балалар үйінде тәрбиеленген ол 12 жасынан теміржолда жұмыс істеген. Соғысқа дейінгі жылдары туған-туыстарының үйінде жүрген. 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа шақырылып, ішкі әскер қатарында Украина мен Мәскеу жеріндегі ірі шайқастарға қатысады. Әскери шені – старшина. Соғыс аяқталғаннан кейін Арыс қаласындағы теміржол бойында 34 жыл еңбек етті. Одан кейін Отырар ауданында жұмысшы болып істеп, 1982 жылы зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі кезде Арыс қаласында тұратын ол – үлкен әулеттің ақсақалы.

«Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Еңбек ардагері» медалімен, «1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері» белгісі және көптеген мерекелік наградалармен марапатталған.

Абылай Нарбаев 1924 жылы 3 мамырда Арыс ауданы Тақыркөл ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Жетісай ауданындағы Амангелді мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1941 жылы Беларусь майданына 175-дивизияның 277-полкіне қатардағы жауынгер болып аттанған. Брест қамалы арқылы Польша жерін жаудан азат ету майданында шайқасқан.

«Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері және басқа да мерекелік наградалармен марапатталған. Ардагер қарттарымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды!

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған