ОРТАЛЫҚ 6 МЫҢ АЗАМАТҚА ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастаған ардагерлер қауымы Арысқа келді. Облысымыздың әр аймағынан келген 80-нен астам қонақтарды қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев бастаған топ қаланың кіреберіс қақпасында орналасқан паровоз ескерткішінің маңында қарсы алды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ең алдымен қонақтар бұрын тойхана болып, кейін «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы ретінде өткен жылы ашылған нысанды аралап көрді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балаларға тегін көрсетіліп жатқан қамқорлықтар, оның ішінде қала әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан түрлі мәдени шаралар және басқа да игі істер жайында әңгімеленді.

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған ардагерлердің көшпелі семинары одан әрі қалалық «Ардагерлер орталығының» жұмысымен танысумен жалғасты. Онда қалалық әжелер алқасы ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырса, өнерпаз ардагерлер концерттік бағдарламамен қарсы алды. Ал қала әкімі Гүлжан Құрманбекова заманауи үлгіде жабдықталған орталықпен келген қонақтарды жан-жақты таныстырды.

Бұл орталық өмірін туған жері мен халқының жарқын болашағына арнап, бүгінде сол еткен еселі еңбегінің зейнетін көріп отырған ардақты зейнеткерлер мен қариялардың құрметіне аштық. Осы ақсақалдарымыз арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, ел игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деген сенімім мол, – деді Гүлжан Мамытқызы.

Келген қонақтар мен ардагерлер игі іске бастамашы болған арыстықтарға ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, бүгінде Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 2400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген болса, оның 2300-ден астамы «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметін тұрақты түрде пайдаланып келеді. Яғни, аталған орталық мамандары күніне орта есеппен 25-30 адамды қабылдайды. Шамамен мекеме ұжымы осы күнге дейін 6 мыңға жуық азаматқа тегін қызмет ұсынған.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған