ШҰҒЫЛА ӨМІРБЕК – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

Күрес түрлерінен Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында әйелдер арасындағы бәсекеден тұңғыш алтын медаль бұйырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

55 келіде сынға түскен ел құрамасы сапындағы түркістандық Шұғыла Өмірбек финалдық белдесуде бірнеше жас санатында Еуропа чемпионы, Түркия спортшысы Туба Демирді 12:8 есебімен ұтты.

Жарыс барысында аруымыз 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаэл Симонды (Молдова) 10:2, кадеттер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Александра Войчилескуді (Румыния) 3:1, жартылай финалда 20 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы Амори Андрихті (Германия) 2:0 есебімен ұтты.

Айта кетейік, 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан U-23 әлем чемпионатында осы сәтке дейін бірде-бір аруымыз финалға дейін жетпеген.

Ал 23 жасқа дейінгі жаһандық доданың тарихына көз жүгіртсек, 2023 жылы Сұлтан Әсетұлы (67 келі, грек-рим күресі) және 2024 жылы Ризабек Айтмұхан (97 келі, еркін күрес) топ жарған.

Шұғыла Өмірбектің бұған дейінгі ең ірі жетістігі – 2024 жылы Иорданияда өткен U-23 Азия чемпионатындағы күміс жүлдесі саналған еді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды