«ТЕМІРЛАН» ПАРКІ ӨҢІРДЕГІ ӨНДІРІСТІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТУДЕ

Ордабасы ауданында өндірістік әлеуетті арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Осы мақсатта аудан орталығында құрылған «Темірлан» өндірістік паркі өңірдегі шағын және орта өндірістерді дамытуға арналған маңызды өндірістік алаңға айналып келеді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын өндірістік парктің бірінші кезеңінде әрқайсысының көлемі 480 шаршы метр болатын 5 өндірістік ангар салынып, пайдалануға берілді. Жалпы өндірістік алаңы 2400 шаршы метрді құрайды. Бүгінде парк аумағында жалпы инвестициялық құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын 5 кіші қуатты өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында 48 жаңа жұмыс орны құрылады.

Өндірістік парк қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған. Электрмен жабдықтау бойынша 320 кВт қуатқа техникалық шарт алынып, электр желілері жүргізілген. Өнімділігі сағатына 50 текше метр болатын ұңғыма қазылып, ауыз су жүйесі тартылған. Сонымен қатар, паркке дейін 2,8 шақырым асфальт жол салынған. Ал өткізу қабілеті сағатына 1540 текше метр болатын жоғары қысымды газ құбырының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Өндірістік паркте «Ayala» ЖШС сұйық және ұнтақ кір жуғыш заттар өндірісін іске қосқан. «ALMEN GROUP» ЖШС ұнтақ кір жуғыш заттарды өндіру және қаптау жұмыстарын жүргізуде. «Биляль-Халид» ЖШС гидропоника әдісімен өнім өсіру, түйіршіктелген жем өндіру және көкөніс өнімдерін консервілеу бағытында жұмысын бастады. Ал «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС металл бұйымдарын өндіру және «FACADE COMPANY» ЖШС шыны өнімдерін шығару бойынша өндірістік желілерде іске қосу-баптау жұмыстарына дайындық жүргізуде.

«Темірлан» өндірістік паркінде жүзеге асырылып жатқан жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, инвестициялық белсенділікті күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды