Бүгін Түркістан қаласында шахматтан «Senat Open» ІІІ ашық кубогының іріктеу туры салтанатты түрде ашылды. Зияткерлік дода Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының қолдауымен өткізілуде. Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихатының баспасөз қызметі хабарлады.
Турнирдің ашылу рәсіміне облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов сөз сөйлеп, қатысушыларды турнирдің ашылуымен құттықтады.
– Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен, Қазақстандық шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл турнир – еліміздегі спорт саласының дамуына айтулы үлес қосуда. Жалпы, шахмат ойыны өзінің тереңдігімен ерекшеленетін және адамның ақыл-ойы мен шығармашылық қабілетін дамытатын спорт түрі. Әлем бойынша құрметке ие шахмат ойыны ақыл, интеллект және стратегиялық ойлаудың символына айналған, – деді мәслихат төрағасы.
Сонымен қатар, турнирдің басты мақсаты – шахматты насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, жастарды спортқа тарту және еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталғанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Senat Open» турнирі үш кезеңнен тұрады. Алдымен барлық өңірлерде іріктеу турлары ұйымдастырылып, үздік шыққан қатысушылар аймақаралық жартылай финалда бақ сынайды. Ал жеңімпаздар республикалық финалдық кезеңге жолдама алады.

