ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ САЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында заңдылықты, оның ішінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген шарттарының сақталуын ерекше бақылауда ұстауда. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта интернет желісінде осы заң талаптарын бұзушылар тіркелген. Нақты айтқанда, «Nur.kz» интернет-ресурсының меншік иесімен Орталық сайлау комиссиясына хабарлаусыз сауалнама жүргізу фактісі анықталған.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде осындай сауалнама жүргізу жағдайлары байқалған. Аталған фактілер бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды.

Атап айтқанда, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауал салған (ӘҚБтК 120-бабы 3-тармағы) Алматы қаласының тұрғыны 17 мамырда 15 АЕК мөлшерінде (37 875 тг) айыппұл төлеуге тартылған.

Осыған ұқсас «Facebook» әлеуметтік желісінде жасалған құқық бұзушылық үшін Алматы облысының тұрғыны әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Осыған байланысты, Бас прокуратура азаматтарға сайлау процесі барысында заңдылықты сақтау қажеттілігі және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабында сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрді білу мақсатында сауалнама жүргiзу шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық көзделгені туралы еске салады.

Бұл ретте, азаматтарға мұқият болып, әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын үшінші тұлғаның құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануына жол бермеу қажеттігін ескертеді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған