СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІКТІ АРТТЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республика көлемінде стратегиялық маңызға ие. Еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 13 пайызы осы өңірге тиесілі. Әсіресе, суармалы егіншіліктің үлесі жоғары – республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 554 мың гектардан астамы Түркістан облысында орналасқан. Бұл өңірдің аграрлық әлеуетін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Су ресурстарының шектеулігін ескере отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу – уақыт талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізіп, олардың қолданылу аясын жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту міндетін қойған болатын. Бұл тапсырма Түркістан облысында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылған болатын. Бүгінде өңірде жаңа технологияларды жасап шығаратын 4 зауыт іске қосылған. Облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 114 мың гектарға жетіп, жалпы суармалы жерлердің 20 пайызын қамтып отыр. Бұл бағытта өндірістік инфрақұрылымды дамыту да қатар қолға алынған. Өңірде «BNK GROUP LTD» ЖШС, «KAZ KIOTI» ЖШС, «ХИНЖИН Ирригейшн» ЖШС және «TURAN SU» МКК секілді 4 кәсіпорын іске қосылды. Жалпы құны 25,7 млрд. теңгені құрайтын бұл жобалардың жылдық өндірістік қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 73 мың гектарға тамшылатып суару, 90 мың гектарға жаңбырлатып суару технологияларын енгізуге жағдай жасалған.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Қосымша құны 6 млрд. теңгені құрайтын, 30 мың гектар алқапты қамтитын тағы екі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл өз кезегінде шаруалардың заманауи технологияларға қолжетімділігін арттырып, өндіріс тиімділігін еселемек.

Су үнемдеу технологияларының артықшылығы айқын: ағын суды 1,5–2 есеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берсе, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2–3 есеге арттыруға жол ашады. Сондықтан бұл бағыт облыстың аграрлық саясатының басым бағыты ретінде айқындалған.

Өңірде су тапшылығы мәселесін шешу және трансшекаралық каналдарға тәуелділікті азайту мақсатында жыл сайын кемінде 50 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Өткен жылы оңтүстік аудандарда су тапшылығының өткір сезілуі бұл бағыттағы жұмысты жеделдетудің маңыздылығын көрсетті.

Осыған байланысты 2026 жылға Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының әрқайсысына 8 мың гектардан жоспар белгіленді. Қазіргі таңда облыс бойынша 34 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Аталған бастамаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2026 жылға 31,3 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға, су ресурстарын тиімді басқаруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – тек экологиялық қажеттілік қана емес, экономикалық тиімділікті арттырудың да маңызды құралы. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды