МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫЛАРЫ ҮШІН СЫН САҒАТЫ БОЛҒАЛЫ ТҰР

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі еңбек нарығын реттеу және халықты жұмыспен қамту жоспарының атқарылу барысын кезекті рет жіті көзден өткізіп, осыған дейін жауапты тұлғаларға жүктелген міндеттердің орындалу деңгейін пысықтады. Аймақтағы еңбек заңдылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты басты назарда ұстаған өңір басшылығының бұл жиыны туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Белгіленген өңірлік жұмыспен қамту картасының талаптарына сәйкес, алғашқы жартыжылдықта, яғни 6 айдың ішінде облыс көлемінде 46 779 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс болатын. Салалық басқарманың ұсынған ресми есебіне сүйенсек, қазіргі таңда нақты қалыптасқан жұмыс орындарының саны 43 673-ке жеткен. Әйтсе де, жалпы көрсеткіш жаман болмағанымен, жекелеген аймақтардың жұмысы көңіл көншітпей отыр. Сөз орайында айта кетсек, Сарыағаш, Отырар, Төлеби және Шардара аудандарының бұл бағыттағы көрсеткіштері төмен болып, межелі биіктен көріне алмады. Мұнымен қоса, мемлекет тарапынан ұсынылған бос жұмыс орындарына азаматтарды орналастыру үлесі де мәз емес. Атап айтқанда, Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында бұл көрсеткіш тым баяу, сылбыр қалыпта қалып отыр.

Дегенмен, ұлттық жобалар мен өзге де мемлекеттік тұжырымдамалар аясында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі де жоқ емес. Алғашқы 6 айлық жоспар бойынша 151 жоба шеңберінде 917 азаматты еңбекке жолдау көзделген еді. Жауапты мамандардың табандылығы арқасында бұл меже артығымен орындалып, бүгінгі таңда 183 жоба аясында 1666 тұрақты жұмыс орны қалыптасып үлгерді.

Жиында еңбек қатынастарын заңдастыру, оның ішінде еңбек шарттарын тиісті жүйеге тіркеу мәселесі де қызу талқыланды. Бұл тұрғыда Сауран ауданының жауапты мамандары тиянақтылық танытып, жұмысты толығымен аяқтаған. Ал Бәйдібек, Келес, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс, Кентау қалаларының тиісті сала басшыларына бұл бағыттағы шаруаны тез арада ширату, іске серпін беру қажеттігі қатаң ескертілді.

Жиын соңында аудан мен қала әкімдерінің орынбасарларына өз аймақтарындағы халықты жұмыспен қамту және еңбек қатынастарының заңдылығын толық қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.

«Орындалмау қаупі бар бағыттар бойынша шарасыздық танытпай, шығатын жол іздеу керек. Жоспардың орындалуы шарт», – деп қатаң шегелеп айтты Нұрбол Тұрашбеков.

Облыс әкімі орынбасарының тікелей пәрменіне сәйкес, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының іс-әрекетіне арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қорыта айтқанда, алғашқы жартыжылдыққа, яғни 6 айға бекітілген бұл меже — аймақтардағы Мансап орталығы басшыларының кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі сынға түсетін нағыз сын сағаты болғалы тұр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды