ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан облысында ForteBank филиалының ұйымдастыруымен өңір кәсіпкерлерінің қатысуымен еркін форматтағы кездесу өтті. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек қатысып, өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Облыста кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржыландыру және инфрақұрылымдық қолдау құралдары ұсынылып отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, биыл іске қосылған «Іскер Аймақ» бағдарламасы, арнайы экономикалық аймақтар, индустриялық аймақтар және шағын өндірістік парктердің мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді.

Бүгінде Түркістан облысында жалпы аумағы 1 374 гектарды құрайтын өндірістік бағыттағы арнайы экономикалық аймақтар, 1 931 гектар индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Сондай-ақ 29 шағын өндірістік парк құрылып, 150 өндірістік ғимарат пайдалануға беріліп, олардың базасында 98 жоба іске қосылған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өз ұсыныстары мен өзекті мәселелерін көтеріп, мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты пікір алмасты. Облыс әкімдігі тарапынан бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлермен тұрақты кері байланысты жалғастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.

Іс-шара еркін форматтағы ашық диалог түрінде өтіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды