ШАҺАРДЫҢ ЕКІНШІ СЕРПІНІ, ЖАҢА ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Kentau Cable Industries» компаниялар тобы жүзеге асырған екі жаңа өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Атап айтқанда, жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» зауыты мен электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіретін «ElectroCore» зауыты ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа кәсіпорындардың өңір экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды.

– Бүгін баршамыз үшін маңызды әрі тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Кентау қаласында жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған кабель өндіретін және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіретін заманауи зауыттың іске қосылуы өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына серпін береді. Мемлекет басшысы өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, шикізатқа емес, терең өңдеу саласына басымдық беру және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі іске қосылып отырған кәсіпорын осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын көрінісі деп білемін. Қос зауытта 200-дей адам жұмыспен қамтылады. Бұрыннан өндірістің қаласы болып танылған Кентау бүгінде сол деңгейіне қайта оралып жатыр. Шаһардың екінші серпіні, жаңа тынысы ашылды. Осы игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан инвесторларға, құрылысшыларға, мамандарға және барша еңбек ұжымына алғысымды білдіремін. Біз өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Нұралхан Көшеров.

«Kentau Cable Industries» ЖШС мен «ElectroCore» ЖШС-нің директоры Асқар Баймырзаұлы Кентауда іске қосылып отырған өндірістердің заманауи технологияларға негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорындардың басты мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыру. Сондай-ақ өндірісті кезең-кезеңімен кеңейту, өнім түрлерін көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отырғанын жеткізіп, жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшылығына, Түркістан облысы әкімдігіне және барлық серіктестерге ризашылығын білдірді.

Жаңа өндірістердің бірі – «Kentau Cable Industries» ЖШС жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер шығарады. Жоба құны 1,7 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель және 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін өндіруге мүмкіндік береді. Зауытта 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Кәсіпорында кабель өнімдерін шығарудың толық өндірістік циклі жолға қойылған. Өндіріс бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған желілерде жүзеге асырылады. Жабдықтардың компоненттік базасы Siemens, Bosch, ADVANTECH, Panasonic секілді әлемдік жетекші өндірушілердің технологияларына негізделген.

Екінші жоба – «ElectroCore» ЖШС. Кәсіпорын электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіреді. Жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндірістің жылдық қуаттылығы 12 мың дана өнім шығаруға жетеді. Мұнда  да 100-дей жаңа жұмыс орны ашылған.

Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Кентау қаласындағы өндірістік паркке барып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. Шаһарда өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де салалар бойынша ауқымды жобалар жоспарланған. Бұрынғы ескі кәсіпорындардың ғимараттары қайта жөнделіп, жаңа зауыттарға айналуда. Облыс әкімі жауаптыларға жүйелі жұмысты жалғастырып, өндіріс орындарын көбейтуді тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды