«ИНВЕСТ КЕРУЕН» ЖОБАСЫ – АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫН ІЛГЕРІЛЕТУДІҢ БАСТЫ ҚҰРАЛЫ

Қазақ даласының әрбір сүйемі — тарих, әрбір қаласы — шежіре. Кезінде Ұлы Жібек жолының бойында сауда-саттық пен мәдениеттің, қолөнер мен өндірістің алып орталығы болған көне Сауран шаһары бүгінде жаңа сипатта, заманауи экономикалық үрдістермен қайта түлеп келеді. Бабаларымыз «Керуенді жол ширатады, кәсіпті ел ширатады» деп, сыртқы байланыстар мен ішкі бірліктің маңызын ерте түсінген. Бүгінгі таңда осы киелі өңірде қолға алынған «Инвест керуен» жобасы — сол бағзы замандағы керуендердің заманауи жалғасы, аймақ экономикасын ілгерілетудің басты құралы іспетті.

Аудан аясында өткен кәсіпкерлермен жұмыс кеңесі жалаң баяндамалардың жиыны емес, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтуды, инвестордың құқығын заң аясында қорғауды көздеген келелі мәжіліс болды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев пен аудан прокуроры Алмаз Асылбековтің, сондай-ақ мемлекеттік орган басшылары мен инвесторлардың тегіс қатысуы — бұл жобаның мемлекеттік деңгейдегі пәрмені мен маңызын айқындап тұрса керек.

Кеңестің басты өзегі — аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың нақты орындалу барысын екшеу болды. Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров ауылдық округтердегі өндіріс алаңдарының жұмысын, өндірістік инфрақұрылымның бүгінгі деңгейін жан-жақты талдап берді.

Қазіргі нарық заманында жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды тарту — тек қаржыға ғана емес, сонымен бірге жергілікті биліктің жедел шешім қабылдау қабілетіне тікелей байланысты. Осы орайда, ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнестің аяғынан тік тұрып кетуі, олардың заңды шеңберде жұмыс істеуі — халықтың нәпақасын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін басты тетік. Егер инвестор өзін қауіпсіз сезінсе, өңірдің де экономикалық тамырына қан жүгіретіні хақ.

Жиын барысында ерекше салмақ салынған мәселе — инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау болды. Аудан прокуроры Алмаз Асылбеков кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу, әкімшілік кедергілерді жою және мемлекеттік органдардың өзара тиімді, ашық іс-қимылын орнықтыру жөнінде өз пікірін білдірді.

Бұл — өте маңызды пайым. Себебі, кәсіп иесі заңның қорғауында екенін сезінгенде ғана іске батыл кіріседі. Мемлекеттік органдар тарапынан болатын негізсіз тексерулер мен бюрократиялық кедергілер кәсіпкердің құлшынысын басып, оның нарықтағы орнының шүберектей тозуына алып келеді. Прокуратура органдарының бұл үдеріске араласуы — заң талаптарының сақталуын және әрбір инвестициялық жобаның қауіпсіздігін заң аясында шегендеудің нақты көрінісі.

Кеңес қорытындысында көтерілген барлық өзекті мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. «Инвест керуен» жобасы Сауран ауданының аграрлық және туристік, өндірістік әлеуетін толық ашуға үлкен серпін бермек. Атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы инвестициялық ахуал жақсарып, киелі өңірдің ертеңі әрқашан сәулелі болмақ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды