МОЛ ӨНІМДІ ҚАМБАҒА ҚҰЮ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЕҢБЕК ЖҮРІП ЖАТЫР

Сарыағаш ауданында жазғы астық ору науқаны қарқынды жүргізілуде. Диқандар қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, піскен егінді уақытылы жинап, мол өнімді қамбаға құю бағытында жүйелі еңбек етуде. Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округіне арнайы барып, астық ору жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында егін жинау науқанының ұйымдастырылуы, арнайы техникалардың дайындығы және дала жұмыстарының сапасы назарға алынды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Аудан басшысы «Қазығұрт Байтерек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Спандияр Байғұловпен кездесіп, шаруашылықтың биылғы маусымдағы көрсеткіштерімен танысты. Биыл аталған шаруашылықта жалпы 1 050 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 637 гектар алқапқа бидай себіліп, әр гектардан орта есеппен 14 центнерден өнім алынып, 9 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Сонымен қатар, 413 гектар жерге мақсары дақылы орналастырылған.

Аудан әкімі егін орағын қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, шаруаларға мол өнім жинауға тілектестік білдірді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және озық агротехнологияларды тиімді енгізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы барлық ауылдық округтерде астық ору науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде. Диқандар алтын дәнді уақытылы жинап, өнімді ысырапсыз сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды