ҚАЛА ӘКІМІ ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгінде 63,8 гектарды құрайтын Түркістан индустриялық аймағында жалпы 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 21 жоба іске қосылып, 9 жоба жүзеге асырылу кезеңінде. Жобалардың жалпы құны 19,641 млрд. теңгені құрайды. Оның 9,725 млрд. теңгесі игеріліп, қалған 9,916 млрд. теңге көлеміндегі инвестицияны игеру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы индустриялық нысандарды аралап, өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Аралау барысында қала әкімі индустриялық аймақта салынып жатқан Өндірістік парк кешенінің құрылысын қадағалап, нысанның сыртқы келбетін талапқа сай ретке келтіруді, аумақты абаттандыруды және асфальт төсеу жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс барысында анықталған кемшіліктерге байланысты мердігер мекемеге заң аясында тиісті шаралар қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар, қала басшысы индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан «НҰРҚАҒАЗ-Х» ЖШС-нің қағаз бұйымдарын өндіру жобасының құрылысымен танысты. Инвестициялық құны 3 млрд. теңгені құрайтын жоба 5 гектар аумақта орналасқан. Кәсіпорынды биыл іске қосу жоспарланған. Аталған өндіріс орнында 40 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жалпы индустриялық аймақтағы кәсіпорындарда 901 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жүзеге асырылып жатқан жобалар толық іске қосылғаннан кейін қосымша 306 жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 1 207 адамға жетеді. Қала әкімі өндірістік аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру, өндіріс орындарының құрылысын сапалы аяқтау және барлық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосуды тұрақты қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға әрбір инвестициялық жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды