МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕНІҢ ТІЛІМ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

2023 жылдың 1 желтоқсанында ШҚО Өскемен қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» республикалық форумы өтті. Форумның мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту мәселесіне жауапты басшылары, тіл жанашырлары, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары мен оқытушылары келген. Республикалық көлемде ұйымдастырылған форумның маңыздылығы мен өзектілігі тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің де төрден табылғанынан-ақ көрініп тұр.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕНІҢ ТІЛІМ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Мыңжылдық тарихы бар шаһарға табан тіреген форум қатысушыларын қызықтырғаны һәм қуантқаны – тарих тізбегінен тамыр тартқан «Ұлы дала алтыны» археологиялық көрмесі мен рухани қазына әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік сыйлаған «Абай әлемі» кітаптар топтамасының көрмесі.

Бұл форум ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыра отырып, тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген түрлеріне бір уақытта табанды қарсы тұрып, оның алдын алу және болдырмау мақсатында өтіп отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыруды жүзеге асыру. Форумға жастарды шақыруды жөн көрдік. Өйткені ел мен жердің, тіл мен мәдениеттің болашағы осы жастардың қолында. Жалпы, мемлекеттік тілдің тағдыры мен болашағы, дамуы қоғамның барлық саласына қатысты екенін білген жөн. Мемлекет басшысы: «Елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі» деген болатын. Сондықтан қалай болғанда да әрдайым мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болуы керек, – деп форумның алғысөзін алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ходжабергенова Гүлнар Махақызы мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылу барысындағы нәтижелер туралы баяндап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алқалы жиынның ресми бөлігін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы жалғастырды.Іс-шараның негізгі бөлігінде қатысушылар «TED X» форматында «Ойталқы» жасап, мемлекеттік тіл саясаты бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі көрсеткіштері мен мәселелерін ортаға салды.

Атап айтар болсақ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мемлекеттік тілді дамыту секторының бастығы Тоқтағазы Ербол Әуелбекұлы «Тілдік қажеттілік кімнен басталады?», Павлодар қаласының №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, тіл жанашыры Гросс Инга Райнгольдовна «Тіл – ұлт болашағы», А.Қ.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), доцент Алимбаев Аслан Есімханұлы «Ғылым және мемлекеттік тіл» тақырыптарын баяндамаларына басты тиек етті.

Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Cламхан Рауан Мұратханұлы «Мемлекеттік қызметтегі қазақ тілінің орны», Шығыс Қазақстан облысының аумақтық нотариаттық палатасының төрайымы Бидельманова Жанна Советқызы «Нотариат саласында қазақ тілін дамыту мәселесі» туралы көпшілікке ой салды.

Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің филология факультетінің студенті, мемлекеттік тілді жетік меңгерген Пәкістан азаматы Мухаммад Усама Шахид «Тілге құрмет – елге құрмет», Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Рахымжанов Қайыржан Алдашұлы «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың қорытындысы туралы» хабарлама жасады. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзара пікір алмасты.

Тіл жанашырларының қатысуымен жоғары деңгейде өтіп жатқан форумның Үндеуі қабылданған соң еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар тіл жанашырларын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапаттау рәсіміне куә болды.
Түстен соң форум қатысушылары «Тәжірибе алаңында» қайта бас қосты. Мұнда Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» оқыту орталығының оқытушысы Естемісова Сәнім Барлықбайқызы «Мемлекеттік тілді меңгертудегі әдіс-тәсілдердің рөлі» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді.

Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ Көксу аудандық филиалының меңгерушісі Қойшыбеков Олжас Кенжебекұлы «Тілдерді үйретуге арналған платформалар туралы» тренинг ұйымдастырды. Осылайша тіл оқыту орталығы оқытушылары шеберлік сағаттырын өтіп, өзара тәжірибе алмасқаны – форумның кезекті мақсатының орындалғаны.
«Ертіс концерт» мәдениет орталығында күні бойы жалғасқан форум аясында пікір алмасып, тәжірибе жинақтаған қатысушылар форум соңында Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы мен Облыстық тарихи өлкетану музейіне саяхат жасап, өлкенің тарихымен танысып, құнды жәдігерлерін тамашаладық.

Гүлшахар Өтебайқызы,

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған