МЕКТЕПТЕР БЕЙНАБАҚЫЛАУМЕН ЖӘНЕ КӘСІБИ КҮЗЕТПЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Биыл Түркістан облысындағы мектептер 100 пайыз бейнебақылаумен, және лицензиясы бар кәсіби күзет қызметімен қамтылады. Сонымен бірге бала саны 700-ден асатын 284 мектепке арнайы турникеттер орнатылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен білім саласына қолдау көрсету, балалардың қауіпсіздігін нығайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен үнемделген қаржы есебінен жалпы 6 млрд. теңге қаржы қаралды. Яғни, үнемделген қаржы есебінен ауқымды жұмыс атқарылады. Атап айтсақ, камера орнатуға, дабыл, турникетке, күзетке, қоршауға, әжетхананы ағымдағы жөндеуден өткізуге, кәріз жүйесін жөндеуге тиісті қаржы қаралып отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселелер жаға оқу жылына дейін толық шешілмек.

Облыста бала саны 300-ден жоғары 572 мектепті мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз ету қажеттігі бар. Бұл мәселе мектептердегі қарауыл штат бірліктерін ықшамдау арқылы үнемделген қаржы шегінде шешілмек. Сонымен бірге 38 мектептің жылу жүйесін газға өткізуге де қаржы қаралған.

Түркістан – еліміздегі ең демографиясы жоғары өңір. Биыл облыста 500 мыңнан астам оқушы білім алды. Мектептер саны 1000-ға жетті. Аймақта «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 63 мектеп салу жоспарланған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған