ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып келеді.

Бұл орайда, Түркістан облыстық Бірыңғай байланыс орталығына 20-30 мамыр аралығында 4327 өтініш келіп түсті. Оның 3816-не мезгілінде жауап беріліп, оң шешілген.

Қаралған мәселелердің басым бөлігі: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, оның ішінде электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен қамту, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру, кәріз құдықшалары мен қоқыс қалдықтарын тазарту, ветеринарлық қызметтер көрсету, жол салуға байланысты.

Мәселен, Түркістан қаласының Құлыншақ ақын көшесіне суару жұмыстары жүргізілсе, Жаңқожа Батыр және Құлан ақын көшелері бойындағы көгалдарды суару жалғасуда. Арыс қаласы, Ө.Жәнібеков көшесі №1 үйдің алдындағы кәріз құдықшасынан тасыған кәріз суларына «Ақаба-Сервис» мекемесінің тарапынан тазаланды. Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылы, С.Мұханов көшесі №5 үй алдындағы жер астынан ағып жатқан суға мамандар тарапынан тиісті істер атқарылды.

Тұрғындардың мәселелерді жедел жеткізуі мен кері байланысты оңтайландыру бойынша өтініш беру көздерінің аясы кеңейген. Атап айтқанда, азаматтар 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу, «Aikey» мобильді қосымшасы, Telegram-да чат бот, Whatsapp желісі, Instagram және Facebook әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы өтініштерін жолдай алады. Байланыс орталықта тәулік бойы тұрғындардың арыз-шағымы қабылданады.

Осы орайда, таяуда Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов 1 күн бойы «109» бірыңғай байланыс орталығының операторы болып жұмыс атқарып, тұрғындардың өзекті мәселелеріне жауап берген болатын.

– Халықтың ұсыныс-тілегіне, арыз-шағымына құлақ асу – басты міндетіміз. Өзім бастап оператор қызметкерінің 1 күндік жұмысын атқардым. Тұрғындардың өтініштеріне жауап бердім. Күнделікті 700-1000-ға жуық қоңыраулар түседі. Әсіресе коммуналдық мәселелер, жарық өшу, газ, жол салу, балалар алаңшасын орнату мәселелері бар. Өтініштің орындалу мерзімі болады. Тез орындалатын өтініштерге 1 күнмен 7 күннің арасында уақыт беріледі. Ал орындалуы ұзақ уақыт болатын арыздарға мейлінше түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – деді Әсет Маратұлы.

Сонымен қатар, өңірімізде аталмыш орталықтың жұмысын жандандыру бағытында «109» телебағдарламасы қолға алынған. Тұрғындардан түскен өтініштердің орындалу барысы көгілдір экран арқылы апта сайын бейсенбі күні сағат 17:00-де Turkistan телеарнасынан көрсетіліп жатыр.

Жұматай Диқанбай,
Түркістан қаласының тұрғыны

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған