ОРМАН ҚОРЫ ЖЕРІНДЕ АҢ АУЛАУҒА ҚАТАҢ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Еліміздің табиғаты талайларды тамсандырған табиғат екені сөзсіз. Оның ішінде Түркістан облысының табиғаты ерекше екеніне де ешкімнің таласы жоқ. Себебі біздің Түркістан облысының аумағында орманды алқап, таулы аймақ, өзен-көлдер мен тоғандар өте көп. Бұл бізге берілген табиғаттың тамаша сыйы.

 Таулы, орманды алқаптары аң мен құсқа бай мекенді қорғау мен аялау баршамыздың басты адами міндетіміз болуы тиіс. Орман-тоғай – баға жетпес табиғат қазынасы, халық байлығы. Біздің мекемеде орманды жерлерде арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылып, орманда ағаш кесуге, жануарларды аулауға қатаң тыйым салынған. Өсімдіктер мен жануарлар қорғауға алынып, азайып кеткен түрлері қатаң бақылауда болады.

Осы орайда Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Боралдай орманшылығының орман шеберлері маусымдық шараларды тынбай жүзеге асырып, орманды, табиғатты, аңдарды қорғау барысында ауқымды жұмыс жасап келеді. Мекемеде орман қорын күзету мен молықтыру жұмыстары штат кестесіне сәйкес жүргізіліп отырады. Биотехникалық шаралар бойынша жабайы аң-құстарға күріш қалдығы және қара тұз шашылып, оларға жем шашатын шатырлар жасалып, қыстан аман шығуына жағдайлар жасалып тұрады.

Дәл қазір қыстың алғашқы айы да соңына таяды. Қыс аңшылық маусым саналатын мезгіл болғандықтан қорғауға алынған орындардың барлығы дерлік қатаң бақылауда болады.

Қорғауға алынған табиғат аясында  аңшылыққа жол жоқ. Түрлі келеңсіз оқиғалар мен заң бұзушылықтарды болдырмау үшін орманшылар тынбай жұмыс істеуде. Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Боралдай орманшылығының орман шеберлерінің әрбірі өз қарамағындағы территориясын атпен шолып, келеңсіздіктердің алдын алу бойынша жемісті жұмыс жасауда.

   Қыс мезгілінде аң аулауға  тыйым салу, азайып кеткен аңдарды қалпына келтіруге көмектесетіндігін ескерсек, тұрғындарды да хабардар етіп отыруға тырысамыз. Ескерту шараларын жасаймыз. Заңсыздықтар тіркеліп, кейбір заң бұзушылықтар орын алған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Осындай жайттарды болдырмау үшін түсіндірме жұмыстары аясында үнпарақтар таратып, қай аңдарды аулауға тыйым салынғанын, неліктен тыйым салынғанын жүйелі түрде түсіндіріп отырамыз.

Қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы жұмыстар тек қыс мезгілінде емес, жыл бойы жалғасын тауып отырады.

Ердос МАҚҰЛБЕК,

 Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Боралдай орманшылығының орман шебері.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған