ЕТ ӨНІМДЕРІН ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРУҒА ҚОЛАЙЛЫ КЕШЕННІҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ

Бүгін Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық округінде “КХ-63” Аққойлы-Шұбар-Бадам” автомобиль жолының бойында 40 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің қазығы қағылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Кешеннің бір ерекшелігі – алдағы уақытта ет өнімдерін экспортқа шығаруға қолайлы. Себебі облыстық маңызы барБатыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізімен қиылысады.

Аталған шараға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов, тиісті сала мамандары, кооператив жетекшілері және ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген (мал шаруашылығы, биогумус өндірісі және т.б.) 40-қа жуық кәсіпкер қатысты.

Оларға жобаның мақсаты кеңінен түсіндіріліп, несиелендіру тетіктері жөнінде кеңестер берілді.

Кешеннің жалпы жер көлемі 400 га құрайды. Әрбір 50-100 бас мал бордақылауға 0,12 Га жер қарастырылған.

Жобадағы мал бордақылау кешені екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде 11 650 мал бордақылау кешенін іске қосып, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін құру арқылы жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Екінші кезеңде – мал бордақылау кешенін 28 350 басқа ұлғайтылады. Нәтижесінде 800 адам (жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары) тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Жалпы, жоба аясында бір жылда 40 мың бас ірі қара бордақыланып, тірідей салмақта 17 920 тоннадан 9500 тонна таза ет өндіру жоспарлануда. Кешенде сыйымдылығы 50, 100, 150, 200 басқа арналған жалпы 558 бірлік мал бордақылау алаңдары құрылатын болады.

Жоба аясында әкімшілік кеңсе, асхана, мал дәрігерлік бекеті, мал союға арналған заманауи нысандар, мал азығын сақтау қоймалары және т.б. нысандар инвесторлар есебінен бой көтереді.

Инфрақұрылым жүйесі (электр энергиясы, су, жол және т.б.) бюджет есебінен жүргізіледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған