ДОСЫН САТҚАН ЖАННЫҢ ЖАЗАСЫ

«Тілек не пайда таптың? Менің балаларымды зар жылатып, бала-шағамның аузынан жырып алған байлығың қайда,Тілек? Қайтар бәрін! Қайтар!» деп тамағына қос қолын салған Жомарттың сұлбасы демін тұншықтырып барады. Әлі құрып көз алды қарауытып өліп бара жатқандай. Әрең оянды. Көзін ашып қаңғалақтай жастықтан басын жұлып алды. Екі иығынан дем алып әрең тұрды-ау. Кеше ішіп-ішіп үйге қалай жеткенін білмейді. Осы бір Жомарттың елесі-ақ кетпеді. Сол елесті ұмыту үшін, осыбір қайталана беретін түсті көрмеу үшін Тілек өлесі мас болып ішеді. Ішкен кездінде ештеңені сезбей ұйқыға кетсе де, арадан көп өтпей Жомарттың елесі, сол түс, қайталана береді. Қайталана береді…

Міне, екі жыл болды ауылдағы қараша үйде, ата-анасынан қалған лашық тамда тұрып жатқанына. Інісі есік алдынан даңғарадай кең үй салып, жеті бөлмелі үйге кіріп те алған. Бұл адаса-адаса қайта келгенде бере салғаны осы бір кездері өзі менсінбей, қолын бір сілтеп кеткен қараша үй еді. Иә, інісімен сыйыспай, әйелдері керілдесе беріп, ақыры өзі де інісімен ақшаға таласып ата-анасының басу айтқанына қарамай кетіп еді. Сонда: «Балам өз бауырың ғой, қойсаңшы. Ойлан, ақ батамызды алып кет. Сәл шыда мына мал басы бірер жылда құралып қалды ғой, көбейсін өзім бөлек шығарам» деген қаусаған әкенің сөзіне қолын бір сілтеп: «рахмет балаңа бере бер. Енді маған ақ батаң да, ақшаң да, малың да керек емес. Өзім табам бәрін! Өзім!» деп қырсықтығы мен кісіліген жеңе алмай кетіп қалып еді.

Міне, тағдыр айналдырып келгенде жалғыз өзін осы қараша үйге қайта әкеліп байландырды да қойды. Інісі бүгінде шікірейіп менсінбей қарайды. Келіні ызалана жүріп кейде бір кесе тамақ береді. Ішіп келген күні оны да бермейді. Бүгінгі күннің тілімен айтқанда өз бауырының есігінде өзі «бомж» болып күн кешіп жүр. Иә, келіні берген жуындыны талғажау етіп жүрген жайы бар. Қос ұлы да, қос қызы да, тағдырдың тәлкегіне жұтылып кеткендей. Әйелі мүлдем хабарсыз. Иә, бәрінен жұрдай…

Күн алакеуімденіп шығып келеді. Біраздан бері алынбаған сақалы өсіп, беті адам қарағысыз күйге түскен Тілек қызарып келе жатқан күнге қарап отыр. Есіне тағы Жомартты алды. Аңғал, адал досына жасаған опасыздығы есіне түсі. Сүйкімді қос ұлы Нұрасыл мен Ерасылының тәтті қылықтарын көз алдына келтірді, сүйкімді де періште қыздары Іңкәрі мен Кәусарының бейнелерін елестетті. Бір түріл бәрін есіне алып көзіне қызарып келе жатқан таңмен бірге бір тамшы жас үйірілді. Ол қыртыс-қыртыс бетімен алынбаған сақалын бойлай төмен сырғып бара жатты. Бәрін есіне алуда. Кешегі күндерін, сатқындығын, Айшасын, жан жары Айшасының қадіріне жете алмаған сатқындықтарын бәрін көз алдына елестетуде еді… Досы Жомарттың бейнесі маза бермей Тілектің көз алды жасқа толып кетті.  Өткен күндері көз алдында кино лентасындай айнала берді…

Тілектің Алладан тілегені осы ма еді? Бұл күнге өз күшімен жетпеп пе еді? Жатпай-тұрмай жұмыс істеп, осы дүниені маңдай терімен тапқан жоқ па еді? Кім үшін?! Әрине, әйел, бала-шағасының қамы. Тапқанын өзімен бірге о дүниеге алып кетпейтіні анық қой. «Рахатын осылар көрсін!» деуші еді іштей. Үйдің үлкені Нұрасылға қолы өз аузына жететін жасқа жеткен кезде де қамқор болды. «Бауырларына бас-көз болып жүрсін» деген оймен үйлендіруге асықпады. Екі қызы Іңкәр мен Кәусардың да бетін қақпай өсірді. «Еркеліктері бойжеткен соң қалады» деп ой түйген. Кенжесі Ерасылдың қай кезде де айтқаны болып келген. Ешкімге есесін жібермейтін өжет, өр болып өскенін қалады. Әрине, адамның айтқаны бола бермейді. Балаға бірінші кезекте дүние емес, тәрбие беру керектігін Тілек жас кезінде ойламапты. Иә, қатты қателескен екен…

– Тілек Сұлтанқұловсыз ба?

– Иә! Кім екен бұл?

– Полиция бөлімшесіне жылдам жетіңіз! – деді тұтқаның арғы жағындағы өктем дауыс.

– Тыныштық па? Не үшін барам? Түсіндіріп айтсаңызшы әуелі.

Алайда, полиция қызметкерінің айтқаны Тілектің көңілін жайландыра алмады. Қол-аяғы дірілдеп, құлағы шыңылдап қоя берді. Кеше бір топ бала өз қатарластарымен төбелесіп, біреуін пышақтап кетіпті. Солардың арасында Ерасыл да болған екен.

Кеше түнде Ерасылдың сұранғаны есінде. Жексенбіде досының туылған күнін кафеде жасамақшы екен. Соған кафе іздейтінін айтқан. Әншейінде айтпай-ақ қалаған жағына кетіп қалатын баласының сұранғанына іші жылып, рұқсат еткен. Сол кезде ұлының неліктен тәртіпті бола қалғанын түсінбеген еді. Енді ұққан сыңайлы. Әдеттегідей достарының үйіне емес, бұзықтық жасауға бара жатқандықтан оның сыр білдірмеген түрі болса керек.

– Әй, Айша, киімдер дайын ба?

– Бүгін бір жаққа баратын ба едің? – деді асхана жақтан үн қатқан әйелі.

– Бүгін емес, қазір барам. Полицияға…

– Ойбай-ау, полициясы несі, онда не бар?

– Ерасылдың кеше моп-момақан бола қалғанынан қорқып едім. Достарымен біреуді пышақтап кетіпті.

– Астапыралла! – деген Айша сүртіп тұрған кесесін тастап жіберді. – Ойбай-ау, енді қайттік?! Өліп қалыпты ма ол? Еркошымды түрмеге қамап қойыпты ма? Байғұс балам-ай…

– Тәйт, жамандық шақырма сен қатын. Соны білуге үшін барғалы тұрған жоқпын ба? Тез киімді дайында! Бала болған соң тентектік жасамай, бір-бірінің мұрнын қанатпай жүре ме? Құдай сақтасын, жаман ештеңе бола қоймаған шығар, – деген Тілектің дауысынан діріл байқалды. Өз сөзіне сеніңкіремейтіндей. Онысы да бекер емес. Ерасылдың мінезін біледі. Ешкімге де аяушылық таныта бермейтінін талай байқатқан. Шамасы жетпей бара жатса аға-әпкелерін қолына ілінген затпен ұрып жылатып қоятын. «Басын жарып, көзін шығарып қоямын-ау» деп ойланып жатпайды.

– Жағдай осындай. Кәмелеттік жасқа толмағандығы ғана бұларды қамаудан құтқарып тұр, – деген сөздер Тілектің денесін түршіктіріп жіберді. Темір тордың арғы жағында отырған баласының бейнесі елестеп, өз ойымен өзі алысуда. Полицияның айтқандарынан бар түсінгені – таяқ жеп қалған сыныптасының есесін қайтару үшін ұлы достарымен бірге төбелеске барған екен. Жағдай бұлар күткендей болмай шығып, саны басым олар шеттерінен соққыға жыға бастайды. Жеңіле бастағанын сезген Ерасыл пышақ көрсетіп, оны өзіне қарсы ұмтылған біреуін сілтеген де, тайып тұрған. Бүгін полиция қызметкерлері мектептегісін мектептен, үйіндегісін үйінен, көшедегісін көшеден ұстап әкеліпті. Істің мән-жайын анықтау үшін барлығын жеке-жеке бөлмеде ұстап, түрлі қулыққа салу арқылы шындықты білген. Біреу үшін кімнің жауап бергісі келсін, пышақтың Ерасылға тиесілі екенін бәрі де жайып салған.

Тілек бар танысын ортаға сала жүріп істі әзер жапты. Аз ақша кеткен жоқ. Саусағын қимылдатқанға да қомақты теңге төледі. Жәбірленушілерге де шығынданды. Аяқтарына жығылып, өлердегі сөзін айтты. «Түрмеде шірітеміз» деп айқайлаумен болған оларды әзер сабасына түсірді. Иә, олар перзентіне қиянат жасаған жанның жазасыз қалғанын қаламаса, Тілек те ненің не екенін ұғып үлгермеген ұлын қорғап қалу үшін аянған жоқ. Бұрын денсаулықтан басқаның бәрін де сатып аламын деп ойлаушы еді. Бір ұққаны – ақшаға сатылмайтын жандар да бар екен. Бірақ оларды басқа жолмен келісімге келтіруге тура келді. Онда да жігіттер жалдап қорқытудың арқасында ғана. Иә, бұл істі жабу оңай болған жоқ. Ең бастысы, ұлы осыдан дұрыс қорытынды шығарса…

Тілек төселген кілемнің оюына көзіне қадаған күйі отыр. Отты жанарымен төсенішті тесіп өткісі келетіндей. Істі жабу жолында жүгіріп жүріп ұлымен сөйлесуге уақыт таппаған. Бүгін ғана сәті түскелі отыр. Ұлына көп нәрсе айтқысы келеді. Бірақ әңгімені неден бастарын білмей дал. Әншейін сөйлеу оңай. Алайда құр сөйлеп қоя салуға болмайды. Бүгін сүйектен өткізе сөйлеуі керек. Сөзін тентек ұлының құлағына ғана емес, санасына жеткізіп айтуға тиіс.

– Ерасыл, бері кел! – деп ұлын шақырды. Әкесінің жанына келіп жайғасқан Ерасылда үн жоқ. Әкесі өжет ұл болып өскенін қалаған бала бүгін басын көтеруге жарамай отыр. Жанарымен жер шұқиды. Біраз отырып қалды. Кілемдегі оюларды қайталап саусағын жүгірте айналдыруда.

– Балам, – деді Тілек бір кезде.

Бұл сөзді ақыл айтатын кезде қолданатынын білетін Ерасылдың арқасынан ауыр жүк түскендей болды. Енді әкесінің ұрыспайтынын сезіп отыр.

– Енді сен баяғы ерке бала емессің. Құдай қаласа, биыл мектеп бітіресің. Үлкен жігіт боп қалдың. Әрі қарай оқуға түсесің, өзің шешім қабылдайтын жасқа жетесің. Сол кезде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білуің керек. Біреуге қиянат жасауға болмайды.

– Өздері ғой…

– Тыңда! Сөзімді бөлме менің. Өмір деген сенің анау компьютеріңдегі ойын емес, қарсыластарыңды өлтіріп, қайта тірілтіп ала беретін. Бұл – өмір, ол – адам. Сен сияқты біреудің баласы. Құдай сақтап аман қалыпты. Мүгедек болып немесе өліп қалса не болар еді? Сол кезде «өзі ғой» дейсің бе? Бір іс жасарда адам деген ойлану керек, мұның арты не болар екен деп. Барды бағалай білу керек. Сендер ешкімнен кем болмасын деп қар жамылып, мұз жастансақ та шыдадық. Теңгені тиыннан құрастырып, түнде кірпік ілмей жүріп жинадық. Ал сендер оны уыстап шашасыңдар! Біз сендерді осындай болсын деп бақтық па? Дүниені біреуден кешірім сұрау үшін жинадық па? Бұлай болмайды балам. Өзіңді аямасаң да, мені, шешеңді ойла! «Енді қайталамаймын» дейтін жаттанды сөзіңді қазір айтпай-ақ қой. Ойлан! Жасаған бір ісің үшін бүкіл өміріңді қор ете жаздағаныңды ойла! Менің айтқанымды ұққаныңды сөзіңнен емес, ісіңнен көретін болайын. Ақылсыз емес едің ғой, түсінген боларсың…

Тілек кабинетінде отыр. Кіріс-шығысты түртіп жүретін журналын парақтауда. Соңғы кезде табысы азайып бара жатқан сияқты. Бұрын бір айлық табысы қазіргіден бірнеше есе аз болса да қолға тигенде біраз жыртығына жамау болатын. Қазіргі табысы қомақты болса да қолында көп тұрмайды. Құмға сіңген судай қалай ғайып болғанын байқамай қалып жүр. Қайда кеткенін түсінбей есептеп кеп қараса, түгел боп шығады. Адамның табысы артқан сайын шығыны да көбейе береді екен-ау. Бар болып тұрған соң бәрін көргің келеді, алғың келеді. Оның үстіне бала-шаға да өсті. Олар бұрынғыдай тиынға алданбайды. Үлкені көліктің тәуірін мінгісі келеді. Қыздары сәннен қалмау үшін жиі киім алады. Олардан әйелі де қалысып жатқан жоқ. Бір күн киген көйлегін келесі күні көшеге киіп шыққысы келмейтін болған. Әйелінің әдемі көрінгені өзіне де ұнайды. Сараңдық таныта бермейтіні де сондықтан. Әрі жұмыссыз үйде отырған Айшада дүкен аралаудан басқа алданар тірлік те көп емес.

Журналды парақтап отырған Тілектің есіне тірлікті бастайтын кездегі сәттер оралды. Ол кезде жағдайы қиын еді. Кішкентай ғана пәтерді жалдап тұратын. Кейде нанға тиын таппай қалған сәттер де болды. Қайта Құдай түсінігі мол жанға жолықтырған екен. Бұлар жалдап тұрып жатқан пәтердің қожайыны Қали ақша сұрамай, кейде қарызға тиын-тебен беріп, қарасып тұратын. Басқа баратын жері жоқ болған соң Тілек бәріне де төзіп бақты. Ауылдан інісіне өкпелеп кеткен бұл қанша қиналса да бауырынан көмек сұрамауға бекінген…

Алғашында табылған жұмысты істеп, әркімге бір жалданған Тілек бұл тірліктен де шаршай бастады. Өзі би, өзі қожа болатын істі бастағысы-ақ келеді. Бірақ қажетті қаражаттың болмауы қолбайлау болып жүр. Қандай іспен айналысу керектігін де ойластырып қойған. Дүкендерді аралап, халықтың ең көп тұтынатын азық-түліктердің бағаларын білді. Олардың Шымкент, Түркістан жақта біршама арзан екенін естігені бар. Алушылармен келісіп, не қажет екенін сұрау керек. Содан кейін сол заттарды көп көлемде көлікпен әкелу қажет. Есептеп көрді. Үстіне қоятын тиын-тебеннің өзі бар шығысын жауып, әжептеуір табыс түсіреді.

«Іздегенге сұраған» дегендей, өзін осындай ой мазалап жүргенде Тілек әскерде бірге болған досы Жомартты жолықтырды. Жақында ғана ауылдан келген екен. Осы жақтан баспана қарастыру үшін ауылдағы үйін сатыпты. Ол ақшасы қаладан үй алуға жетпей, әзірге пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Тілек одан қарызға ақша сұрады. Оны сендіру үшін ойын ашып айтты. Тіпті есептеген тиын-тебенін де түгендеп берді. Аса түсінбесе де, досының айтқаны ақылға қонымды болған соң Жомарт ақша беруге келіскен. Бірақ шартын айтты. Қажетті қаражатты ортадан шығарып, жұмысты бірге бастауды ұсынды. Сонда қарызды ақырындап қайтаруына келісетінін айтқан.

Тілек көп ойланбастан келісе кетті. Жаңа тірлік бастағанда жаныңда сенімді адамның болғаны дұрыс екенін біледі. Бар қаражатты өз қалтасынан шығарған соң Жомарттың барынша адал болатынына да сенімді. Оның үстіне, жұмыс жоспардағыдай жүрмеген жағдайда тек өзі емес, бірге жауапты болатыны жақсы. Ондайда шығынның бәрін өз қалтасынан өтемейтіні анық. Дегенмен, Тілек сәтсіздікке ұшырамайтынына сенімді болатын.

Бәрі Тілек жоспарлағандай болып шықты. Өзі де нағыз сауданың адамы екен. Сатушымен де, алушымен де жылдам ортақ келісімге келе қояды. Мұнда ненің қымбат екенін, ол жақта қандай заттың арзан екенін салыстыра жүріп, қайсысынан мол пайда көретінін тез үйреніп алды. Ақырындап әкелген тауарларын бір күнде таратып үлгермейтін кезге де жетті. Қойма жалдайтын болды. Тауарды қабылдап алу мен дүкендерге жеткізу Жомарттың жауапкершілігіне айналды. Ал алатын зат пен сатылатынның бағасын үйлестіріп, бәрімен келісу – Тілектің шаруасы.

Көп ұзамай Тілек қарызынан құтылды. Жағдайы жақсара бастаған. Бұрынғыдай жолда өзі жүрмейді. Бәрін телефонмен хабарласып бітіретін жағдайға жеткен. Қара жұмысқа адам жалдап жүр. Қоймалары бұрынғыдай бос емес, тауарсыз қалған күні жоқ. Оны күзететін қарауылдары да бар. Бәрі де жақсы-ау, бірақ адамға дүние жеткен бе?! Қалтасы қалыңдай бастаған Тілекке уақыт өте келе бұл аз көріне бастады. Барлық істі өзі жоспарлады, жүгіріп жүріп іске асырды, ал пайдасын Жомартпен бөлісіп отыр. Соңғы кезде оның қиналмай-ақ табыстың тең жартысына ие болғаны ұнамай жүрген. Бірақ ешкім қаржылай қолдау көрсетпесе бұл күнге жете алмас та еді. Соны ойлап, әзер-әзер тәубесіне келеді. Әйтсе де, сайтанның азғыруына түсетін күн де алыс емес екен. Маза бермей жүрген арам ойын Тілек өзгенің көмегімен жүзеге асырды.

Неге екені белгісіз, сол түні Тілек кірпік іле алмады. Дөңбекшіп төсекте жата алмаған соң жұмыс жағына барып қайтуды жөн көрген. Ертеңгі жұмыстарды пысықтап, есеп-қисап жасамақ болған. Ешкімді оятып алмау үшін үйден ақырын шығып кеткен Тілек қараңғылықты қақ жарып, жүйткіп келеді. Көшеде көлік жоқ. Қоймаға жақындағанда көлігінің жарығын сөндірді. Қарауыл қызметін адал атқарып жатыр ма, жоқ бәрін жинастырып тастап ұйқыға бас қойды ма екен, соны байқамақ. Кенет әлдекімдердің күбірлескен дауыстары естілді. «ГАЗельдің» артын ашып тастап, жылдам жүк тиеп жатқан үшеуді байқады. Тілек полицияға хабарламақ болып телефонын қолына алған. Осы кезде таныс есімді естіп қалып, әлгілер жаққа құлақ түрді.

– Қали, бұл заттың бәрін қайда өткіземіз? Одан да кабинеттерін тонайық та, ақшасы бар сейф те табылып қалар, – деді біреуі.

– Ақша оңай жерде болады деймісің. Оны қайдан іздеу керектігін де білмейміз, уақыт көп кетеді.

– Ол жағын маған қалдыр. Әлгі қарауылды қысып кеп бергенде бұлбұлша сайрағанын көретін боласың. Нағыз байлықтың қайда жасырынғанын айтпай көрсін.

– Жоқ дедім ғой. Осыған да қанағат, тезірек қарамызды батырайық!

Тілек соңғысының есімін де, дауысын да таныды. Қали кезінде бұл жалдап тұрған пәтердің қожайыны болатын. Көп көмегі тиіп еді. Ақшадан қысылған кезде қуып жібермей, керісінше, қаражат жағынан қарасып та тұратын. Енді не істесе екен? Полиция шақырса, өзіне талай көмегі тиген адамды ұстап береді. Шақырмайын десе, шығынға ұшырайын деп тұр. Адамның ойы жүйрік емес пе? Осы сәт сайтанның азғыруына ерген Тілек бәрін жоспарлап та үлгерді. Ақырындап тонаушылардың ортасына барды. Біреуінің соққысына тап болмау үшін бірден Қалидың атын атады. Бір сәтке бәрі абдырап қалған. Әлгі екеуі «не істейміз» дегендей Қалиға қарайды. Ал ол сасып қалса керек:

– Тілек, қалай жағдай? – деді қипақтап, қолын ұсынарын не ұсынбасын білмей.

– Жақсымын Қали! Мұның не? Жеті түнде не істеп жүрсің? – деді Тілек саспастан.

– Біз бе? Біз… Біз былай… Сен дұрыс түсін, ақшадан қатты қиналған соң осылай істеуге тура келді. Ешкімге зиянымыз тимейді. Білесің ғой мені. Байсымақтардың жүгін жеңілдетіп жатқан жайымыз бар. Азын-аулақ дүниесін жоғалтқанға бұлар қинала қоймас деп…

– Бұл жердің иесі кім екенін білесің бе?

– Жоқ! Бірақ жағдайы бізден жүз есе жақсы екені анық. Көп зиян келтіре қоймаған шығармыз деген оймен…

– Қали, сендер жақтан кеткенде жаңа тірлік бастаймын деп едім ғой. Сауда жасаймын дедім.

– Иә-иә, білем ғой. Жағдайың жақсы шығар… Қарсы болмасаң, жүрейік. Мына жерде тұрғанымыз…

– Қалеке-ау, сен мені тонап жатқаныңды да білмейді екенсің ғой. Қойма менікі.

– А-а, қалай? Сенікі?..

– Иә, менікі Қали. Бір әңгіме бар еді, оңашада сөйлесетін…

Тілек абдырап қалған Қалиды ішке ертіп кіріп кетті. Ол қарсылық білдірген жоқ. Жанындағы екеуге «осында күтіңдер» деген ишара танытып Тілектің соңынан ере берді…

Жомарт хабарласып «тез жет» деген соң Тілек жұмысқа қарай құстай ұшқан. Себебін сұраған жоқ. Не болғанын біледі. Бірақ өзіне қажетті сөзді Жомарттың аузынан естігісі келеді.

Ол қойма жақта жүр екен. Есігін айқара ашып тастаған. Ал қойма бос.

– Жомарт-ау, жан дауысың шықты ғой, не болды? Оу, таң атпай түгін қалдырмай таратып үлгергенсің бе? Жақсы-жақсы.

– Тоқтай тұршы, Тілек. Жұмысқа жарты сағат бұрын ғана келгенмін. Қанша жылдам болсақ та қойманы босатып үлгермес едік.

– Қалай сонда?

– Солай. Тонап кетіпті.

– Тонағаны несі? Жомарт-ау, не айтып тұрсың сен?

– Жаңа келсем, жағдай осылай бопты. Жүрегім ұстап қала жаздады.

– Кім тонаған? Қарауылың не қараған сонда? Қане ол?

– Мен ғой, – деді үсті-басы шаң-шаң болған күзетші. – Түнде біреулер тап беріп, байлап тастады. Қараңғыда байқамай қалдым, қарсылық көрсетіп те үлгерген жоқпын…

– Жомарт, бұл қалай? Тауар қайда? Түк түсініп тұрғаным жоқ.

– Тонап кетті деп тұрмын ғой. Мен не істей аламын?

– Тонағаны несі ойбай-ау, тонағаны несі? Не қарап жүрсің сен? Өз қолыммен ұрып өлтірейін бе? – деген тілек күзетшінің жағасына жармасты.

– Тілек, сабыр етші. Мұның не?

– Қалай сабыр етем? Бар жиған-тергенімді біреу арқалап кетсе? Сен уайымдап та тұрған жоқсың ғой. Осылай болғаны үшін жауапты екеніңді білесің бе? Қалай келісіп едік? Келген-кеткен тауарды түгендеу, күзету сенің мойныңда емес пе еді? Мұрын қанайтын жұмыс жоқ қой. Оны да қатырмағаның ба сонда. Саған сеніп тыныш жата алған менде де ес жоқ екен.

– Бұлай болатынын білмедік қой. Қанша жылдан бері ештеңеге ұрынбай-ақ жүрген жоқпыз ба?

– Неге білмейсің сен? Біздің жиған-тергеніміз осында екенін білмейсің бе? Одан айрылсақ жақсы болмайтынын білмейсің бе?

– Жоқ, оны білем ғой…

– Білсең неге қарамадың?

– Қарауыл қойдым ғой.

– Қане, енді ол? Неге күзетпеген?!

– Айтты ғой, байлап кетті деп…

– Бір қарауыл қоясың ба, онын қоясың ба, жоқ, өзің келіп қарайсың ба, бәрі орнында болуы керек еді ғой. Танкімен күзетсең де айрылмауың керек еді ғой. Енді не істейміз? Өзіңді ғана емес, мені де шығынға батырдың ғой. Жауап бере алмайтының бар, бұл істі неге мойныңа алдың? Жүрген бір сорлы екенсің ғой сен…

– Тілек, сен өйтіп қатты кетпе! Мен әдейі істеген жоқпын. Өзімді-өзім шығынға батырып жын көрініп пе? Бірақ өзіме жауап беруге шамам жетеді.

– Ал онда жауап бер, тап! Әлде, шығынның орнын өз қалтаңнан толтырасың ба?

– Қалай? Біреулер тонайды, оны мен қайтаруым керек пе?

– Енді ше? Жауапкершілік сенің мойныңда. Егер бізден зат алғандар лақтырып кетсе, ақшасын бермей қойса, өндіретін мен. Өйткені, ол менің жауапкершілігім. Ал сенің жауапкершілігің – қойма.

– Тілек, жағдайды түсінсей. Ондай ақша менде жоқ екенін білесің ғой. Жақында ғана үй, көлік алғанымды көрдің. Ортақ дүние ғой, қарызға ақша алсақ та ақырындап орнын толтырармыз. Бізді тонап кеткеніне мені қуанып тұр дейсің бе? Маған да оңай емес.

– Мені кім түсінеді сонда? Көбірек пайда түссін деп тауардың арзанын іздейтін де мен. Бір тиын болса да біздің қалтамызға түссін деп жұртпен жаға жыртысатын да мен. Есептен қате кетсе де кеткен шығынның орнын толтыратын мен. Сөйтіп жүріп қоймадағының түгел екеніне сенімді бола алмасам, сенің қажетің қанша маған? Өзің күзетпейсің. Қойған адамың үшін жауап беруден қашасың. Мен не істеуім керек сонда? Айтшы, не істейін? «Жәке, үйіңізге бара беріңіз, бар шаруаны өзім қатырамын» деп шығарып салайын ба? «Ақша қажет болған кезде келерсіз» дейін бе?

– Тілек, неге кекетіп тұрсың?

– Басқа не айтайын, айтшы?! Менің көңілімді орнына түсіретін, құлағыма жағымды тиетін сөзді тапшы, қане?!

– Сенде ақша бар шығар. Тірлігімізді жалғастыра берейік. Оған дейін полиция ұрыны тауып та қалар. Бәрі қайта орнына келер.

– Менде ондай ақша жоқ. Құдайдан ұрының табылғанын тілеп жата береміз бе? Ал ол табылмаса ше?

– Ерте үміт үзбейік те, Тілек.

– Ұрысы да, үміті де құрысын. Мен қарап отыра алмаймын. Таныстардан сұра немесе несиеге ал, ақша тап!

– Сөздің шыны керек қой Тілек, ондай ақшаны таба алмаймын.

– Онда өзім табамын. Ақша таба алсаң қайта келерсің, болмаса, тірлікті жалғыз жалғастырамын. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық».

Жомарттың ақша таба алмайтынын Тілек біледі. Бұл әңгіменің бәрін күдікті көрінбеуі үшін айтып отыр. Керемет әртіс шығатын сияқты. Рөлін жақсы алып шықты. Енді міне, дегеніне жетті, өзі би, өзі қожа болатын таң да атты. Табыстың бәрі өз қалтасына түседі. Көптен бері маза бермей жүрген арам ойы жүзеге асты.

Тілектің өзі мына жақтан досын алдап-арбап, пайданы қызғанып жүргенде балаларының тағдыры да әлдекімдердің арбауында кетіп жатыр еді. Иә, үлкен қызы Іңкәр бір Бауыржан есімді жігіттің жетегінде жүрген. Оның осы махаббаты осал болып шықты. Ол тек Іңкәрдің ақшасы көптігіне, өзінің пайдасына ғана жігіті болып жүргенін сорлап қалған Тілектің қызы кеш білді… Иә, кеш білді…

Іңкәр денсаулығындағы өзгерісті байқап жүр. Жиі жүрегі айниды. Мінезінде де өзгеріс бар. Ашуланшақ болып барады. Күдігі уақыт өткен сайын расқа айналатын түрі бар.

Бауыржанның туылған күні үйге қайта алмай қалған. Бір жылдан бері бірге жүрген жігітінің көңілін қимады. «Мен үшін алшы» деп ұсынған стаканды бірнеше рет түк қалдырмай тартып салғаны есінде. Ары қарай үзік-үзік бейнелер көз алдына келеді. Бір кезде Бауыржан екеуі барлығын шығарып салып тұрғаны көз алдына бұлдырап келеді… Ол көтеріп алды. Әкеліп төсекке жатқызды. Қайта-қайта сүйе береді. Бір қолымен аймалап, екіншісімен шешіндіріп үлгеруде… Жалаңаштап болған Бауыржанның өзі жылдам шешінді. Үстінде киімі де болмаған секілді. Бір қолы белден төменгі жақты шарлап жүр. Шектен шығып бара жатқанын сезсе де, бойында қарсылық білдіруге қауқар қалмаған. Төменгі жақтан ауырсынуды сезді. Құшағынан сытылып шыққысы келген. Бір-екі бұлқынып көріп еді, босай алған жоқ. Одан кейін де бұл әрекетін қайталар ма еді, оның қимылдары барған сайын ұнай түскен соң икеміне көне берді…

Бауыржанды туылған күнінен кейін көрген жоқ. Бір-екі рет барып еді, үйінде жоқ болып шықты. Сабаққа да келуді қойған. Достары да ашып ештеңе айтқан жоқ. Бауыржанның қайда жүргенін олар да білмейтін болып шықты. Телефоны қанша күннен бері өшірулі тұрған, әйтеуір бүгін қосылды.

– Мені іздеме, кешке өзім барамын, – деді де тұтқаны қоя салды.

Енді міне, Іңкәр күн сығырая бастаған уақыттан бері далада отыр.

– Іңкәр, сенсің бе? – деген дауысқа жалт қарады.

Бауыржан деп ойлап еді. Жоқ, ол емес екен. Алдында өзіне ғашық жігіттердің бірі – Еркінбек тұр.

– О-о, сәлем! Қайдан жүрсің? Кластастарды көрмегелі қай заман…

– Осында таныстар тұратын еді, соған келгенмін. Қалайсың?

– Жақсы.

Еркінбек бөгеліп қалды. Қысылып тұр. Іңкәрді бала кезінен жақсы көретін. Сол бір сәтті есінен шығара алмайды. Мектепті бітіретін жылы бойында батылдық пайда болып, сезімін білдірген. Іңкәр жауап берген жоқ. Күлді де кетіп қалды. Алғашында ұялғандықтан сөйткен болар деп ойлаған. Олай емес екен. Содан бастап Іңкәр мектепте өзін алшақтау ұстайтын болды. Сол себепті Еркінбек бұл тақырыпқа қайта орала алмай кеткен. Енді міне, сол ғашығын тағы кезіктіріп тұр. Сол бір кездегідей сөзден тосылды да қалды. Әлі де ұнататынын айтқысы келеді. Оған дейін де, кейін де ешкімді жақсы көрмегенін жеткізгісі келеді. Бірақ тіл құрғыры байланып, икемге келер емес.

Үнсіздікті Бауыржан бұзды. Еркінбекті иығымен соғып өтіп, Іңкәрдің қолынан ұстаған күйі ерте жөнелген. Қыздың екінші қолына Еркінбек жармасты.

– Бауырым, тыныштық па?

– Сен кімсің-ей, маған сөйлейтін. Қолын жібер де, жайыңа кет! Біздің әңгімеміз бар! – деп Іңкәрді жұлқып қалды.

– Әңгімең болса, жұлқыламай-ақ жөніңді айтуға болмай ма? Не болды, дікең-дікең етіп.

– Кетші-ей, ары! – деген Бауыржан Еркінбекті итеріп жіберген. Мұндайды күтпеген ол сүрініп кетіп, құлап түсті. Орнынан жылдам атып тұрып Бауыржанның жағасынан алмақ еді, алдына Іңкәр тұра қалды.

– Еркінбек, араласпа! Біздің әңгімеміз бар.

– Ол сені қыз деп сыйлап тұрған жоқ қой. Сүйресе де еріп жүре бересің бе? Қалай шыдап тұрсың?

– Менде жұмысың болмасын. Сенен кім көмек сұрады? Кет деген соң кетсей, – деп айқайлады Іңкәр.

Еркінбек Іңкәрдан мұны күтпеген еді. Не істерін білмей, кейін шегіне берді…

Тасалау жерге Іңкәрді дедектетіп сүйреп әкелген Бауыржан ашулы кейіп танытуда. Әуелі қызғанғандай болып көрініп еді, енді кекесінді түрде миығымен күліп тұр.

– Иә, мені неге іздеп жүрсің? Итпен іздеп жүр дейді ғой…

Амандық-саулық жоқ, келе салып жұлқып, кекетіп, ызасына тиіп тұрған Бауыржанды Іңкәр танымай қалды.

– Баука, саған не болған?

– Ештеңе. Соны сұрау үшін іздедің бе?

– Кекетпеші. Сенің туылған күніңнен кейін денсаулығым болмай…

– Денсаулығың болмаса дәрігерге бар, көрін, маған не дейсің? Сосын азырақ ішу керек.

– Ішкенді айтып тұрған жоқпын. Түндегі… бәрі қайтқан соң…

– Бәрі қайтқан соң не болғанын білмеймін. Мас болып қалыппын.

– Өтірік айтпашы, Баука. Мені көтеріп апардың ғой төсекке. Сосын…

Іңкәр жылап жіберді. Қанша күннен бері мазасызданып, қиналып жүр. Осының бәрі Бауыржанға айтқан соң жеңілденемін деп ойлаған. Ал ол көңілін аулап жұбатпақ түгілі, бұрылып та қараған жоқ. Қырын қарап, безірейіп тұр.

– Сенің жылағаныңды көру үшін келгенім жоқ. Айтарыңды тез айт, кетуім керек, – деді тістеніп.

– Баука, мен көтеріп қойған сияқтымын.

– Құтты болсын! Кімнен? Әкесі жаңағы жігіт пе?

Өзін қанша ұстағысы келсе де, Бауыржанның мазағына шыдамаған Іңкәр шапалақпен салып қалды.

– Құры! Жоғал!

– Өзім де сөйтсем бе деп тұрғанмын…

– Тоқташы, Баука, бала сенікі ғой. Бұлай тастап кетпеші мені. Сол түні сен…

– Маған бәле жаппа! Өтірік айтып тиіп алғың келе ме? Ондай ақымақты басқа жақтан ізде! – деген Бауыржан еңіреп жылап, тіпті аяғына жығылуға дейін барған Іңкәрді елеген жоқ. Итеріп жіберіп, тоқтамастан кете барды…

– Бауыржан, кетпеші. Мен не істеймін? Әке-шешеме не деп айтамын? Бауыржан…

Әбден жылай-жылай көзі іскен Іңкәр шарасыз күйде үйіне қарай келе жатып тағы Еркінбекті жолықтырды.

– Іңкәр, не болған саған? Жаңағы жігіт ренжітті ме сені? Айтшы, қайда ол? Алдыңа сүйреп әкеп, кешірім сұратамын. Кім еді ол?..

Еркінбектің орнында басқа біреу болса жыламақ түгілі көзі ақса да қарамас па еді. Жаңа ғана «кетсей» деп айқайлап, қуды емес пе? Бұл көңіліне де алмаған. Іңкәрдің үсті-басын қағып, әбек болып жатыр.

– Кім екенін айтсаңшы. Өзіңді қорлаған адамды қорғап тұрсың ба? Бірдеңе десеңші…

Іңкәр жылап жіберді. Еркінбектің құшағына тығыла түсіп, көз жасына ерік беруде. Жігіт жанашырлықпен қарап, қамқорлық танытқан сайын егіле түсуде.

– Еркінбек, мына жерден кетейікші. Кетейікші…

– Қайда?

– Маған бәрібір…

Екеуі жақын маңдағы кафенің біріне кірген. Спиртті ішімдікке тапсырыс берді. Еркінбек ғашығымен алғаш рет оңаша қалғанына риза. Жаңағы жігіттің ренжітіп кеткеніне қатты ашуланып еді, қазір қуанып отыр. Екеуінің ұрысып қалғаны қандай жақсы болған. Әйтпесе, мұндай мүмкіндік туар ма еді?!

Іңкәр жаңағы жағдай жайлы тіс жарған жоқ. Мектеп кезіндегі қызықтарды еске түсіріп, біраз көңіл-күйлерін көтеріп алған. Тағы да жылатып алмайын деген оймен Еркінбек те әлгі жігіт жайлы сұраған жоқ.

– Еркінбек, сен жақсы жігітсің. Ешкімге есе жібермейтін қайсарлығың бар. Батырларға тән аңқаулығың да бар. Батыр бола тұра қызға сөйлеуден қорқатыныңа таңмын. Неге ойыңды ашып айта алмайсың? – деді Іңкәр қулана.

Өзі ұнатқан қыздың мақтау жігітке майдай жақты. Ішімдіктің әсері болар, бойында батылдық та пайда бола бастаған.

– Қызға сөйлеуге қорықпаймын. Саған сөйлеуге ғана батылым бара бермейді.

– Неге?

– Неге екенін өзің де білесің. Сол баяғы сезім білдірген күнді ұмытпаған боларсың. Сөзге шорқақпын. Сенің алдыңа келгенде айтайын дегенімді де ұмытып қаламын. Осындай сиқырың бар сен қыздың.

– Түһ, өзімді білмейді екенмін ғой. Сиқырым бар екенін білмеппін. Шыныңды айтшы, мені әлі ұнатасың ба?

– Білесің бе, саған сезім білдіргеніме қатты өкінгенмін. Өйткені, сен содан кейін менен аулақ жүретін болдың. Бұл маған ауыр тиді. Ал сұрағыңа келсем, иә, ұнатамын. Үнемі сенің назарыңа ілігуді, көңіліңді өзіме аударуды қалайтынмын. Сен болсаң көзіңе де ілмеуші едің. Мені боқмұрын көретін бе едің, әйтеуір менсінбейтінсің. Бізден бір-екі жас үлкен жігіттермен жүргенің маған талай таяқ болып тиді. Сені қызғанып, шамам жетсе де, жетпесе де солармен төбелестім. Сол бұзақылығым үшін мектептен шығарып жібере жаздағанын өзің де білесің. Ол сендер ойлағандай мектептегі атамандардың төбелесі емес еді. Бірақ төбелестің сені қызғанғаным үшін болғанын айта алмайтынмын.

– Ұнататының рас болса, қазір алып қаш мені.

– Түсінбедім. Әзілің бе?

– Әзілдеп отырған жоқпын. Дәл қазір ұнататыңды дәлелдейтін сәт. Ғашығыңды ал да қаш!

Еркінбек мұндайды күтпеген еді. Бұның бәрі өңі ме, түсі ме екен? Ұнататын қызын көрді. Жүрек құрғырды тулатып, ол алғаш рет құшағына құлады. Сыр бөлісті. Енді міне, соңынан еруге дайын екенін айтуда.

– Мұны тентек судың күшімен айтып отырған жоқсың ба?

– Жоқ. Мен сөзіме жауап бере алатын шамадан аса қойған жоқпын әлі.

– Сен мені жақсы көрмеуші едің ғой.

– Дәл бүгін ғашық болып қалдым саған. Сен секілді жігітке тұрмысқа шыққан қызда арман болмас. Батылың жетсе, ұнататының рас болса, қазір алып қаш! Батылың жетпесе, бір-бірімізге арман болып қала береміз.

Еркінбек көп ойланған жоқ. Дереу үйіне хабарласып, үйленетінін жария етті. Сүйгеніне қол жеткізген бақытты жігіт достарын шақырып, көлік жалдады да, үйіне қарай тартып отырды. Ол Іңкәрдің қулыққа барып отырғанын сезген жоқ. Елдің алдында масқара болмау үшін ғана осындай қадамға барып отырған қыздың ішкі ойынан ол хабарсыз еді.

Тілек те, Айша да Іңкәрді тұрмысқа ерте кетеді деп ойламаған. Әлі балапан қыздарын үлкен өмірге қимайды екен. Өз еркімен барған соң, амал нешік, қызына баталарын берді.

– Жұрттың ұлы мен қызы қай күні үйленіп, қай күні тұрмысқа кететінін білесің. Іңкәрдің кеткелі жүргенін қалай білмей қалдың сен? Қыз деген анасымен сыр бөліспеуші ме еді, саған ештеңе айтпап па еді, – деді Тілек әйеліне қулана көз тастап.

– Білсем, сенен жасырып жын көрініп пе? Сол қыздың өзі де білмей қалды-ау жігітінің алып қашатынын.

– Еркінбек деген бірге оқыған бала емес пе? Ештеңе айтпастан бас салып алып қашпаған шығар.

– Білмейм ғой енді. Анау-мынауға көне қоймайтын мінезін білесің. Білген-ау. Әкесіне тартқан қырсық қыз ештеңе айтып жарытпады ғой. Не болса да бақытты болсын енді…

– Анау Нұрасыл неге күңкілдеп жүр бағана?

Тілек үлкен ұлының әлденеге разы болмай, қабағы жазылмай жүргенін байқап қалған.

– Қарындасының айтпай, өзінен бұрын кетіп қалғанына намыстанған түрі ма, білмеймін ғой. Іңкәрге өкпелі сияқты.

Жақында ғана Нұрасыл үйленгісі келетінін аңғартқан еді. Тілек оған әлі жас екенін айтып, ниетін құптай қоймаған еді. Соған да ашуланып жүрген шығар.

– Қайда өзі?!

– Білмеймін, түсте тамағын ішпей өкпелеп кетіп қалған еді, содан кейін көрмедім. Телефонына хабарласып көрсеңші.

«Кімді айтсаң сол келеді» демекші, есікті теуіп ашқан Нұрасыл да келе қалды. Қасында жолдас жігіті бар. Екеуі де тәлтіректеп әзер тұр. Тентек судан көп ішіп қойса керек.

– Ал көке, жеңеше, құтты болсын! Келін келді, түсіріп алыңыздар! – деді әлгі жігіт. Нұрасыл үлкен іс бітіргендей алшаң басып ішкі бөлмеге кіріп кетті.

– Не дейді ойбай-ау, қандай келін?

Қызының «өлітірісін» беріп, енді ғана ес жиғалы отырған Айша абдырады қалды. Аяқ астынан ұлы келіншек әкеліп, тағы да абыр-сабыр басталып кетті…

Нұрасыл жігіт болып қызбен жүрген емес. Ешкімде ұнатып көрмеген, ұната да алмайтын сияқты. Сырттай иелік етіп жүрген қыздардың өзімен ара-қатынасы бір-екі той-жиынға ертіп барғаннан артыққа созылмайтын. Үйіне келін етіп түсіріп отырған қызбен бүгін танысқан. Үйленбек ойы бар екенін айтқан соң достары «нағыз қатын болатын пысық қыз» деп Мәдинаны сыртынан көрсеткен. Бұл бір қарағанда сүйкімді көрінген қызға үйленуге келісіп, оны достарына алып қашуды тапсырды. Бір жағынан бұл қадамға Іңкәрға ерегіскеннен барды. Тұрмысқа шығу үшін ол бірінші әке-шешесінен, сосын ағасынан рұқсат сұрауы керек деп ойлаған. Бірақ қарындасы олай етпеді. Ешкімге айтпастан қашып кетті. Енді бұл да ешкімге айтпастан, бірден қызды алып қашып келіп отыр.

Жан-жағына маңғаздана қараған еңгезердей жігіт ағасы Тілектің кабинетіне рұқсатсыз кіріп келді.

– Тілекпісің?

– Болсам қайтейін деп едің? Рұқсат сұрап кіру деген жоқ па сендерде? – деді Тілек жақтырмағанын анық аңғартып.

– Сөзіңізге қарасақ, сіз секілдісіз. Тілеке, ренжімеңіз! Сондай қарапайым сыпайылықты сақтай бермейтін жаман әдетім бар. Тірлікпен келген едім.

– Ол не тірлік?

Әлгі рұқсат сұрап жатпастан орындыққа жайғасып алды.

– Мына қойманы жақында сіз сатып алыпсыз.

– Иә, сатып алдым. Ай да өткен жоқ.

Тілек бұрын қойманы жалдайтын. Оған да әжептеуір ақша төлеп жүрді. Кейін осы жерді сатып алудың сәті түсіп, үш аптадан бері қойманың қожайыны болып шыға келген.

– Осы жер біздің басекеңе де керек боп тұр.

– Түсінбедім.

– Осы жерді басекеңнің сатып алғысы келеді деймін да.

– Өзім жақында ғана сатып алдым. Сатуды ойлап жүрген жоқпын.

– Ойламаған болсаңыз, енді ойланыңыз. Бізге сатыңыз. Қанша күн қожайын болсаңыз, сол күндеріңізге мың доллардан төлейді. Сатып алғаныңызға 22 күн болды ма?

– Иә!

– Басекең өз бағасының үстіне 22 мың доллар қосып төлейді.

Жақсы-ақ ұсыныс екен. Үш аптада бұл жердің бағасы 22 мың долларға өсіп кетпегені анық. Тілек кәдімгідей ақшаға қызығып отыр. Несі кетті, алды, қайтып сатып жіберсе 22 мың доллар қалтасында қалмақ. Бірақ бір жағынан, кенеттен пайда болған қызығушылықтың себебін түсінгісі келеді. Кім біледі, біразға дейін келіспеген сыңай танытса, бағасы тағы да өсе түсер деген де ойы бар.

– Жақсы ұсыныс екен. Бірақ сатпасам ше?

– Жақсы ұсыныс болып тұрғанда асыққаныңыз дұрыс.

– Қабырғаммен кеңесіп, ойланып көрейін.

– Көп ойланбаңыз, Тілеке. Біздің басекең алғысы келгеннің бәріне қол жеткізудің жолын біледі. Сатып алады, болмаса тегін алуы да мүмкін. Айтпақшы, ескерте кетейін, баға бүгіннен бастап төмендей береді. Күндігіне мың доллардан кеміте береміз. Бір аптада 7 мың доллардан қағыласыз. Ал одан артық ойлансаңыз, басекең ақша шығармай-ақ иеленуге кірісіп кетуі мүмкін. Сізге менен де мәдениетсіздеу кісілерді жұмсайды. Бекерге өкініп қалмаңыз, – деген ол ішке кіріп келе жатқан Жомартты иығынан қағып өтті.

– Мынау кім өзі, есікке сыймай жүрген?

Бірнеше ай бұрын жағдайы қиын екенін айтып, көмек сұрап келген Жомартқа ақша берген. Кейін ол ақшаны қайтара алмайтынын айтып, орнына жұмыс істеп бергісі келетінін жеткізді. Бір айға жуықтап қалды, қойманы түнде күзетіп жүр. Бұрынғы қателікті қайталамауға уәде берген соң жұмысқа алды.

– Түнде жұмыс істеген адамға ұқсамайсың ғой. Демалмайсың ба, Жәке?

– Сенен ұятқа қалмау үшін жұмысыма жауапкершілікпен қарап жүрмін, басеке. Демалдым ғой. Жаңағы дәу кім болды?

– Ол дәудің өзінен де дәу бастығы бар сияқты. Қойманы сатып аламын дейді.

– Сатпақсың ба?

– Негізі сатамын деген ой жоқ. Жақында ғана алдық қой. Бірақ жақсы ұсыныс айтып отыр, рас болса. Сатып алған ақшаның үстіне 22 мың доллар қосамын дейді.

– Енді не ойың бар?

– Соны өзім де білмей отырмын. Сатайын десем, өзіме де керек. Сатпайын десем, жақсы ақша ұсынып отыр. Сатпасаң да аламыз деді жаңағы. Артында дәу біреулері бар-ау, сөзі ірі өзінің. Енді не істерімді білмей отырмын, ақыл қоссай.

– Ақыл қосқанда, біраз күте тұр. Қаншалықты ірі екенін байқап көрейік. Мүмкін сөзі ірі болғанымен, өзі ірі емес шығар.

– Күтейін десем де ұтылайын деп тұрмын. Күн сайын мың доллардан кемітіп отырамын дейді, қосып беретін ақшаны.

– Бұлардың сатып алғаны міндет екен да. Сатпа, не істейді екен? Құжаттары дұрыс қой, иә.

– Иә!

– Сенімді жерге жасыр. Қойманы құжатсыз қалай тартып алар екен?!

– Зияны тиіп кете ме тағы, оны да ойлау керек қой.

– Ештеңе істей алмайды. Қазір баяғы рэкеттердің заманы емес қой.

Тілек біраз ақылдаса келе Жомарттыкін жөн деп тапты. Сатпауға бекінді. Мықтысымақтардың шамасын байқап көргісі келді. Басын кесіп алмас, уақтысында жағдайға байланысты әрекет жасайды да.

Арада екі күн өткенде саудагер жігіт кабинетке кіріп келді. Қолында қара сөмке. Оны Тілектің алдына тастады.

– Тілеке, басекең асығыстық танытып жатыр. Сондықтан талабы да өзгерді. Мұнда 20 мың доллар. Бұл сенің сыйақың. Ал ертең біз ақшаны, сен құжатты алып келесің. Басқа әңгіме болуы мүмкін емес.

– Мен…

– Басекең «сатамын» дегеннен басқа ешқандай жауап қабылдамайды. Ертең ренжісетін жағдайға бармаймыз деп сенемін. Ың-шыңсыз, айқай-шусыз тарқағанымыз сіз үшін тиімді. Жақсы, ертең жолығамыз, – деген ол Тілектің жауабын күтпестен кетіп қалды.

Аңырап тұрып қалған Тілекті телефонның қоңырауы селк еткізді. Әйелі екен.

– Ақша керек боп тұр, – деді бірден.

– Айтпасаң да біліп тұрмын. Ақша керек кезде хабарласасыңдар ғой. Тағы неге керек боп қалды?

– Нұрасыл ғой. Ипотеканың ақшасын төлеуге, үйге азық-түлік алуға ақша керек дейді.

– Неге өзі сұрамайды менен? Ол бала да сор болды ғой. Жұмысындағылар күнде хабарласып менен сұрайды, әлі келмеді деп. Ипотекасының ақшасын да, нанын да мен алып беремін. Әлі бала-шағасы жоқ, айлығын екеуіне жеткізе алмай ма? Өйтіп бөлек шыққаны құрысын. Көзімнен таса болған соң білгенін істеп жүрген шығар сол.

– Қой, ондай ақылсыз емес қой. Жұмысқа барып жүрмін, бәрі жақсы деді ғой. Жас болған соң жақсы киінгісі, ойнап-күлгісі келеді, соған жұмсайды да.

– Иә, сенің балаң періште ғой. Қанша керек екен?

– 150 мың теңге сұрады.

– Мейлі, ақшаны қазір Қали апарып тастайды үйге.

– Астанадан Кәусар қызың да хабарласты.

– Иә, аман-есен бе екен? Сабағы жақсы ма екен?

– Бәрі жақсы дейді. Оған да ақша салып жіберейік.

– Бір ай да өткен жоқ қой ақша салғаныңа. Ол сабақ оқи ма өзі, дүкен аралай ма?

– Неге аяқ астынан тарылып қалдың? Бәрі сабаққа ноутбукпен дайындалады екен. Мен де алайыншы дейді. Сабағына керек боп жатқан шығар.

– Мейлі, оған ертең өзім салармын. 

Тұтқаны қойғаны сол, тағы да безілдеп қоя берді.

– Тағы да ақша ма? – деп айқайлап еді, хабарласқан бөтен біреу екен.

– Әй, бала, мен жіберген сәлемдемені алдың ба? – деді ол.

– Сіз кімсіз?

– Менің кім екеніңді қайтесің? Көк қағазды алдың ба, соны айтсайшы.

– Жер сатып алғыш адам сіз бе едіңіз?

– Тіліңді тартып сөйле бала. Айтқаным айтқан, күні ертең айтқан тілді алмасаң, тым ақылгөйсігенің үшін қатты өкінесің.

– Оны кезінде көрерміз, – деген Тілек тұтқаны қоя салды.

Телефон тағы безектеп қоя берді. Бұл жолы хабарласқан өзінің әріптес досы Бақтияр екен.

– Тілеке, жолыға аламыз ба? – деді ол амандық-саулықтан соң.

– Тыныштық па?

– Жолыққанда айтсам деп едім. Біз жаққа келе аласың ба?

– Жарайды, қазір жетемін.

Досы шақырған соң жылдам жетіп барды. Нұрасыл еншісін алып шыққан соң жұмыс істесін деген оймен кезінде Бақтиярға қолқа салғаны бар. Жақсы айлық төлей алмаса, өзі беріп тұратынын айтты. Әйтеуір жұмысы бар екенін ойлап жүрсе де, жаман болмас деген ойы еді. Өзі жұмысқа алайын десе еркелеп, жауапкершілікпен қарай қоймайтынын біледі. Қанша дегенмен бөтен жерде жүрген соң етек-жеңін жинап, әрекет етуге тырысатын шығар деп топшылаған. Сөйткен бала бүгін досының алдында ұятқа қалдырды.

– Тілеке, сенің іскер екеніңді білеміз. Қандай жұмысты болса да дөңгелетіп әкететініңе күмән жоқ. Өзің қолқа салған соң, балаңды қабілетін тексеріп жатпастан жұмысқа қабылдадық. Саған аз да болса тартқан болса, оның тапсырған тірлікті алып кете алатынына сендім. Оның үстіне, тәуір айлық алуы үшін үстіндегі ақшасын өзің беріп тұрған соң қарсылық білдірудің өзі жөнсіз еді. Бірақ, балаң саған тартпапты. Қарап жүрмей мені шығынға батырды да кетті. Әуелі қасымда жүрді. Кейін өзі үйренген соң қоймадағы тауардың қаншасы қайда кетті, соның есебін қағазға түсіріп жүруді тапсырғам. Жұмысқа уақтылы келіп көрген емес. Менің көзім тайса болды, бір жаққа кетеді де қалады. Алғашында есебім түгел болмай шыққанын оның салғырттығынан көріп, болмашы нәрсеге бола сені мазаламайын дедім. Осы кеше білдім, жетпей қалған тауарларды оның өзі келгендерге арзан бағамен сатып жібереді екен. Есебінің бірі де дұрыс емес. Адамдарымыз ондай нәрсе алған жоқпыз дейді, бұл өзі сатқанды да «алды» деп белгілей берген. Бүгін бәрін есептеп, түгендеп қарасам, табыс жоқ, кейін кетіп қалыппыз. Ренжіме, балаңды тегін істеймін десе де енді жұмыста қалдыра алмаймын.

Тілек ұялғанынан қып-қызыл болып кетті. Қандай сөз айтып ақталарын да білмейді. Өзі жасаған іс болса, неліктен олай істегенін айтып ақталуға болар еді. Ал енді Нұрасылды ақтап алудың ешқандай жолын көріп тұрған жоқ.

Бағанағы қара сөмкені көлігіне сала салғаны дұрыс болыпты. Ол ақшаны алғысы келмесе де дәл қазір ұлы келтірген шығынды қайтаруға қажет болып тұр. Ұлын ақтай алмаса да, мүлдем масқара болмаудың жолы осы секілді.

Бүгінгі күн Тілек үшін ауыр болды. Ұлы досының алдында масқара етті. Тым болмаса ол келтірген шығынды өтейін деп еді, көлігін біреулер тонап кетіпті. Қара сөмке де жоқ. Ішінде 20 мың доллар бар деген. Бұл ашып та көрмеді. Олардың шартына келісер-келіспесін білмей, ұсынған сөмкені көлігінің артына лақтыра салып еді. Ұрылар осы көлікті тонаса олжаға кенелерін сезгендей, тап Тілектің көлігін таңдағанын қарасаңшы.

Дереу полицияға хабар берген. Кейін оларды шақырғаныеа өкінген кезі де болды. Көлігінде қара сөмке болғанын, оның ішінде қанша ақша болғанын, оның қайдан келген ақша екенін құрастырып шығамын деп қара терге түсті. Сөйтіп айтуын айтты-ау, «өтірігім шығып қала ма?» деген ой да қылаң берген. Сол құрғыр қара сөмкеде ешқандай ақша болмаған болса ше? Өзі көрген жоқ, сөмке табылған жағдайда ары қарай қандай өтірік құрастырады?!

Осының барлығына Айша кінәлідей үйге ашуланып кірді.

– Неге тамақ дайын емес? Шәйің әлі қайнамаған ба? – деп айқайлауға сылтау таппай отырғанда телефоны шырылдады. Жомарт екен. Ол да ызасына тигісі келетіндей, қоңырау шалып алып, үнсіз тұр.

– Әлөу, Жомарт… Әлөу дейм… Тілің байланып қалды ма, сөйлесей… Мынаны жын ұрған шығар. Ойнайтын кезді тапқан екенсің сен де…

Жомарттың сөйлемегеніне телефон кінәлі болып қалған сияқты. Үстелдің үстіне тарс еткізіп қоя салды. Сол-ақ екен қайта безектеп қоя берді. Жомарт бұл жолы да сөйлемесе күйеуінің жүйкесі сыр беретінін түсінген Айша телефонды өзі алды.

– Иә! Тыңдап тұрмын…

Бұл жолы да үнсіздік. Жо-жоқ, арғы жағынан біреудің қиналған әлсіз дауысы шығатын сияқты.

– Тілек, біреудің дауысы шығатын сияқты. Тыңдап көрші…

– Не дейді ол?

– Тыныштық емес сияқты. Ыңыранған адамның дауысы шығады…

– Не деп былжырап кеттің? Әкелші бері! Әлөу! Жомарт…

Расында тыныштық емес сияқты. Кім екені белгісіз, бірдеңе айтқысы келетін секілді. Айтқаны анық естілмейді. Тілек тек өзінің атын атағанын ғана түсіне алды.

Жүрегі сезген екен. Бір жамандық боларын сезген. Жомарттың не айтып жеткізе алмай жатқанын білу үшін қоймаға құстай ұшып жеткен. Өртеніп жатыр. Өрт сөндірушілер жалынмен алысып-ақ жүр. Бірақ оны ауыздықтауға шамасы келер емес. Олардың қолынан келмегенді өзі тындыратындай Тілек жалынға қарай ұмтыла түседі. Айқайлайды. Далбасалап құм да шашып қояды. Қойма емес, өзі өртеніп жатқандай шыңғырып та жіберді.

Иә, сырты өртенбесе де, іші күйіп барады. Бар жиған-тергені көз алдында күлге айналуда. Соны көріп тұрып ешқандай әрекет жасай алмағанына қынжылып, өкіріп те жіберді. Киімін шешіп ұрғылады, топырақ шашты, бірақ қызыл жалын аяныш білдірген жоқ. Өрт сөндірушілерге де бағынғысы келмей, барынша жеткен жерін жалмап қалуға тырысатындай.

Тілектің көз алдына осыдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға оралды. Барлық тауарын өтірік ұрлатып, оған Жомартты кінәлі етіп шығарды емес пе? Сонда не жетпеді десеңші. Көп жұрттан жақсы өмір сүруге жағдай жетіп тұрды емес пе? Сонда да іштарлыққа салынып, досынан дүниені артық көрді. Соңында арамдықпен келген дүние өзіне де бұйырмай, тілсіз жаудың құрбанына айналды.

Айтпақшы, Жомарт қайда? Бағаналы бері дүниесін ойлап есі шыққан Тілек Жомартқа келгенін ұмытып кеткен екен. Енді ғана есіне түсіп, іздестіре бастады. Адам дегенді қойсаңшы, бір кездегі жасаған арамдығын біліп қойып, қойманы өртеп жіберген сол шығар деген арам ойы бір сәт соған сендіргендей де болды. Ал енді ішкі түйсігі дұшпандық жасаған жанның Жомарт екенін сезіп тұр.

Жедел жәрдем әлі ешкімді әкетпепті. Жалынды қызықтаған жұрттың арасында да Жомарт жоқ. «Өрттің ішінде қалып қойды ма?» деген ой басына сап ете қалды. Бірақ өз ойына сенгісі жоқ. Дереу нөмірін тере бастады. Қосулы екен, бірақ алмайды. Қойманы айналып іздей бастады. Қоңырау соғуын тоқтатар емес. Телефонының шырылын естуге үмітті. Кенет құлағына таныс үн естілді. Иә, әлсіз жеткен Жомарттың телефонының үні. Бірақ қойма жақтан емес, арт жағынан шығатын сияқты. Теріс бұрылып, арыққа қарай жүріп еді, дыбыс күшейе түсті. Арыққа жеткенде телефонның жарығын байқады. Ал оны ұстаған Жомарт ессіз жатыр. Үсті-басы қан-жоса. Әбден таяқ жеген. Бет-ауызы адам танымастай болып ісіп кеткен. Қиналып, қырылдап әзер тыныс алуда.

Тілек ауруханада Жомарттың жанында отыр. Бағана есін жиған кездегі оның айтқан сөздері жүрегін тілгілеп өтті. Әлі өзін қоярға жер таппай, қинала түсуде. Өзегін өртеген өкініш шыдатпай барады. Көз жасына ерік беріп, егіліп те алды. Көзін ашқан кезде ештеңе айтпай-ақ қоюды өтінсе де, қырылдап жатып кешірім сұраған. «Тілек, кешір мені. Тағы да сеніміңді ақтай алмадым. Кезінде қойманы тонатып алып едім, бүгін қойманы өртемек болғандарды тоқтата алмадым. Бірақ тырыстым. Қателігімді кешіріп, жұмысқа қабылдап, білдірген сеніміңді ақтау үшін аянып қалған жоқпын. Екеумен жалғыз алыстым. Олардың үшеу екенін білмеппін. Сыртымнан келіп соққы жасады. Қоймаға өрт қойған соң да тепкілеп, арыққа лақтырып кетті. Кешір досым, жанымды аямай алыссам да қойманы аман алып қалуға қауқарсыз болып шықтым. Кешір. Далада қаңғырып қалсам да үйімді сатып, қарызымнан құтыламын досым».

«Жомарт, сөйлеп шаршама. Оған сен кінәлі емессің» деген Тілек қойманы өзі тонатқанын айтқысы келді. Бірақ батылы барған жоқ. Оның үстіне, өзі жанын беруге дайын болған досының сатқындығы білсе, мынадай халде жатқан адамға ауыр соққы болып тие ме деп те ойлаған. Тек ол тағы да есінен танған кезде ақтарылды.

– Жомарт. Атыңа лайық жомарт жансың, досым. Сендей досты бағалай білмеген мен не деген сорлы едім. Өмір сүру үшін алысып, қиналып жатсың. Сені осындай жағдайға жеткізген менің сараңдығым, арамдығым. Осындай пасық адамның сау жүріп, сендей адал жанды қинап қойған мына өмір неткен әділетсіз. Төсекке мен таңылуға тиіс едім ғой.  Досына иттік жасаған мен сияқтыларды да жер көтере береді екен-ау. Сен берілме, өмір үшін күрес. Мына өмірде мен секілді санасы сасық адамдардан көрі сен секілді адал жандардың көп болғаны жақсы. О Тәңірім, қомағай қара жерге мені тапсыр! Досымнан қолдың кірін қызғанған мен қазір жанымды да қызғанбаймын. Жомарт, жүрегің сыр берсе менікін ал, өмір сүру үшін күрес. Сенің бұл жалғаннан ерте кетуге құқың жоқ! Естимісің! Кешір! Кешір!..».

Достың қадіріне жете алмады. Кезінде қоймадағы бар затты Қалидың көлігіне тиеп беріп, тоналған кейіп танытты. Пайданы Жомарттан қызғанып, Қалиға тиеп берген барлық тауардың қожайыны болып өзі қалды. Арамдық бойына сіңіп қалыпты-ау. Қойманың өртенгенін де Жомарттан көре жаздаған жоқ па? Егер ол әлгілермен алыспай, жансауғалап қалса, оны кінәлары анық еді-ау… Ақыры Жомарт сол соққыдан қайта есін жия алмай кетті… Тілек оны тек алдап уысына түсірген жоқ, оның пайдасын өзінің иелігіне ғана алып қойған жоқ, оның осал тұсын, аңғалдығын пайдаланып ақыры ажалға беріп тынып еді… Иә, Тілек оны алдамағанда Жомарт Тілектің алдында қарызын өтеу үшін қарауыл болып жүрмес еді ғой. Қарауыл болмағанда осы бәлеге тап болып, дүниеден де озбас еді-ау. Досына опасыздық жасағанын іші сезсе де Тілектің сырттай мойындауға еркектігі , арамдығы жібермейтін еді. Бірақ іштей егілетін, өзіне осындай байлық пен бақыт бұйыртқан Жомартың ажалына іштей өзін жазғыратын… Тек іштей ғана…

Жомарт дүние салғалы бірнеше ай өтсе де Тілек өзіне келе алмады. Бүгінде ол қатты өзгерген. Өмір сүруге деген құлшынысы жоқ. Тек перзенттерінің алдында борышын өтеу үшін ғана жер басып жүргендей. Ішімдікке әуес болып алған. Қазір де кафеде отыр. Ішуге сылтауы бар. Іңкәр қызы босаныпты. Немерелі болғанына қуанған жоқ. Өйткені, оның ақ босағаны аттамай жатып-ақ көтеріп қойғаны жайлы өсек естігені бар. Іштей қызын ақтап, ол сөзге сенгісі келмейтін. Міне енді сол қызы тоғыз айға жетпей босанып, бүгін сол өсектің шын сөз екенін растағандай. Сырадан сімірген сайын өзін әлдекім табалап, құлағына сыбырлап сол өсекті қайта-қайта айтып жатқандай күй кешуде. Өзін әзер ұстап отырғанда біреулер отқа май құя түсті. Дүрілдеп тұрған кезінде адам танымайтын Тілектің бүгінгі кафе жағалаған маскүнемге айналғаны оларға қуаныш сыйлайтын секілді. Сыбырласқан сайын айыздары қанып, әңгімелерін одан ары дамыта түсуде.

– Дүниенің соңында жүріп бала-шағасына дұрыс тәрбие беруді білмеген ғой. Біреуі оңған жоқ.

– Үлкен ұлы анау, өзін асырауға шамасы жетпей, тентіреп жүр. Жұмысынан шығып қалып, әкесі алып берген үйін, машинасын сатып күн көріп жүр дейді. Өзі бір барып тұрған болбырақ бала екен.

– Кішкентайы бандит болатын бала сияқты. Мектеп бітірмей жатып біреуді пышақтап полицияға түсті емес пе?

– Иә, қайта қызы пысық екен. Көтеріп қойған соң күйеуге тиіп, туып та алыпты. Онда немересін жуып отырған шығар бүгін…

Тілек бұдан ары шыдай алған жоқ. Сыртынан мазақ етіп күлген екеуге қарай қолындағы сырасын ыдысымен қоса атып ұрды.

– Мынау қайтеді-ей. Өй, әкеңнің, бері келші…

Сарт та сұрт жаға ұстасқан бұлар бас-көз демей бір-біріне жұдырық ала жөнелді. Өзі жарылайын деп терісіне сыймай жүрген Тілек шорт кетті. Шамасына қарамай екеуге қарсы ұмтылған. Екеудің аты екеу, кафедегі адамдар ажыратып үлгергенше бұны соққылап тастады…

Шашылған бөлмелерді жинауға қолы бармай Айша жүр үйге сыймай. Көңілі алай-дүлей. Соңғы кездері Тілекті танымай жүр. Жұмысқа таңертең кетеді, жеті түнде бір-ақ оралады. Не өзі ұйықтамайды, жұртқа да тыныштық бермейді. Өзінің өте нашар адам екенін айтып жылайтын әдет шығарыпты. Бірақ кімге қандай жамандық жасағанын айтпайды. Сау кезінде ондай сөзді сұрап айтқыза алмайды.

Сөйтіп күйеуінің сандырағын неге жоритынын білмей жүрген. Бір күні Қали келді үйге. Өзі қалтасына тиын түссе жаратып қоя беретін болған соң көп тірлікті Тілек соған тапсырған. Сұраған ақшаны санап беріп, сосын журналын біраз парақтады. Кімге қанша зат апарып бергенін, қанша ақша алғанын түртіп отырған. Айшаның көзі тізімге түсті. Барлығының берген ақшалары жазылған екен де, бір қатар бос тұр. Н. Мырзашева деген адамға тауар берген, бірақ ақша алмапты. Содан кейін-ақ ойы бұзыла бастаған. Бүгін жұмысына барған, өзі жоқ екен. Сосын Тілектің де журналын ақтарып көрген. Ол тізімде де Мырзашеваға мырзалық танытыпты. Берілген тауарларына көк тиын қайтарылмаған. Бұл жағдай Айшаның күдігін қоюлата түсті. Енді көкейде сайрап тұрған сан сауалға жауап алу үшін үйге сыймай ары-бері жүрген жайы бар. Оның үстіне, Іңкәр қызы босанып, елге көрінуге беті шыдамай, жұрттан қашып-пысып жүрген жайы бар.

Айша күйеуі үйге келгенше тағатсыздана күтті.Ол келгенде әдеттегідей күлімсіреп емес қабағын шыта есік ашып:

– «Мырзашева» деген кім? – деді басы жоқ, аяғы жоқ сұрақ қойып.

– Клиент.

– Ол қандай клиент ешқашан ақша аудармайтын, төлемейтін? Сенің тапқаныңды тегін жеп жататын? – деп Айша аузына келгенін айтуда еді.

Себебі ол күйеуінен күдіктенетін. Сол күдігі расқа айналып кетеді ме деп қорқып та жүрген. Десе де, шындықтың беті ашылатын тұсы осы секілді, әйелі қысып сөйлеген сайын Тілектің жауаптары бір-бірімен үйлеспей әбіржіп кетті.

-Әкел телефоныңды клиент болса звандаймын! – деп Айша күйеуінің қолынан қалта телефонын жылдамдықпен алып Мырзашеваны іздей бастады.

 Аты жоқ, заты жоқ бейтаныс әйел телефонда да Мырзашева деп сақталыпты. Қысқа-қысқа барған қоңыраудан соң  тұтқаны көтерген әйел:

– Алло, жаным, қалайсың? Тірлігің не болды? Мен сені күттім ғой…- деп сызыла жөнелгені.

Жүрегі мұздап сала берді. Айшаның жүрегіне біреу ине сұғып алғандай. Махаббаты үшін емес, соншама жыл бойы бетіне қараған сенімінің өшкеніне жаны ауырып бара жатқандай.

– Жаның жоқ, жаның емес бұл! – деді Айша ызалы үнмен.

Ар жақтан еш жауап жоқ, тұтқаны тастай салды. Тілектің түрі бұзылып, қасқыр көрген қойдай үрпиіп тұрып қалған.

– Осы ма, тапқан ойнасың? – деді ызалы Айша.

-?

– Неге үндемейсің? Неге?  Бетің күйсін! Бетің! Сенің барыңа да, жоғыңа да шыдап келгенде көрсетпек болғаның осы болса рахмет! Мен жыламаймын, еңіремеймін, мейлі жүрегім жыласа да, өзім жыламаймын! Бірақ жоғал! Кет! Көзіме көрінуші болма! Жоғал! Менің өмірімнен мәңгіге кет! Елуге келгенде көрсетпек болғаның осы болса, рахмет айналайын! Рахмет барлығына! Кет! – деді есікті нұсқай берді.

Басы салбыраған Тілек үйден шығып кетті. Майраның үйіне келді. Мырзашевасы осы Майра болатын. Оның үйінде Тілек көп тұрақтай алмады. Кешегі үлкен сауданың ақшасын былай шашып, олай шашып жүрген Тілек болмағасын әккі әйел оны үйіне көп сыйдырған жоқ. Айшаның қадірін Майра жылы тамақ бермей есікті нұсқағанда ұқты Тілек. Үлкен ұлы Нұрасыл әйелімен ажырасып ақыры Астанаға ол кеткен. Тілектің бар ойы соның ипотекаға алған үйіне бару болатын. Майраның үйінен бір сөмке киімін арқалап сонда келген еді. Есікті ашқан бөтен әйел:

– Бұл үйді бізге Айша апай арендаға берген. Сізді танымаймын да! – деп есікті тарс жапты.

Иә, опасыз күйеуінен пайда жоқ Айша өз күнін өзі көруде еді. Амалы құрыған Тілек араға үш ай салып Айша қуып шыққан пәтердің есігін қайта қаққан. Түрінен түр қалмай үш айда сопиып қалған Тілекті үйге кіргізді. Бірақ түрі тым суық еді Айшаның. Өзінің бұрынғы алшаңдай басып кіретін үйіне тартыншақтай кірген Тілекке қарап Айша:

– Неге келдің? Мырзашеваң бір тепті ме құйрығыңа «ақшасыз сенің маған керегің жоқ» деп? – деді көзі ызғар шаша қарап.

– Балалар қайда? – деді бала-шағасын есіне бүгін алғандай.

– А-а,саған бала-шаға керек пе? Қара басың сыймай жүрсің еш жерге. Бала-шаға керек пе саған? – деген Айшаның жанарынан жас ыршып кетті: –  Тыңда онда керек болса! Нұрасыл арақтың соңында кетті. Сенен аумай. Оны Астанаға ініме жібердім «адам қыл, адам қылмасаң сүйегін берерсің» деп. Ана қызың ана жақта екіншісіне жүкті. «Осынысы ұл болмаса некесіз туған балаңды қосып, қызыңды қосып үйіңе қайтарамын» депті күйеубала. Ерасылың біреудің үйіне ұрлыққа түсіп екі жылға кесіліп кетті. Әкесі сен, сенің тәрбиеңді көрген олар қайда барсын? Бар адамдық тәрбие көргені бала-шағамыздың Куәсар ғана. Сол оқып, әрі жұмыс істеп сорлы қыз мені асырап жүр. Ал сен болсаң… Сен қай бетіңмен келіп отырсың алдыма? Білем барлығын Қали маған айтты… Жомарттың әруағынан ұялмайсың ба? Өмірі ізіңнен қалмай өтетін шығар оның қара сұлбасы сенің. Сен екен ғой сорлының түбіне жеткен. Сен екенсің. Мен білмей қалады дедің бе? Қали бәрін айтты. Қазір мен сенің әр  арамдығыңды, әр қулығыңды жақсы білем. Неге келдің? Неге? Мен кешірер едім-ау. Бірақ кешіре алмаймын. Опасыздығыңды, Жомартқа жасаған иттігіңді, менің адалдығыма жасағаныңды ешбірін ұмыта алмаймын. Кешір Тілек. Кет! Көрінбе көзіме. «Әйелін сатқан еркектің жүзі күйсін, досын сатқан еркектің өзі күйсін» деген. Сен екеуін де сатқан сатқынсың! Жоғал! Кет! – деп өкіріп кеп жіберді.

Иә, оның ызалы, ащы үнінен Тілектің өңі бозарып сала берді. Бәрін білсе де Жомартқа жасағанын әйелі біліп қояр деп ойламап еді. Міне, барлығын да біліп енді алдына жайып салғанда Тілек жер жарылса кіріп кетуге әзір еді. Тек ол кеш ұялды. Ол өз арының алдында да, жарының алдында да тым кеш ұялған еді…

Ол ештеңе айтып ақтала алмады. Онсыз да Жомарттың ажалынан соң ештеңе де оңған жоқ. Бәрі кері кетіп барады. Өзінің де оңбасын іші сезеді. Амалы таусылған Тілек ала дорбасын қайта арқалап үйден шығып бара жатты. Енді бұл үйде өзіне орын жоқ екенін ұқты. Иә, ешқашан орын болмайтынын да ұқты. Осы кеткеннен Тілек қалада қаңғыбасқа айналған. Аузы тынбай Жомартты айта беретін болып қалған Тілекті ауылының адамдары ақыры інісі Жігерге апарып берген. Ол мұны не қылсын? Ақыры әкеден қалған кепе тамның ішін ескі-құсқы заттардан босатты да сонда кіргізе салды. Елден ұялғаннан жасады оны да. Әйтпесе Тілекке емешегі езіліп тұрғаны оның да шамалы еді. Тек жұрттың «ағаң қаңғыбасқа айналып кетіпті» дегенінен ұялғаннан, жұрт өзі араққа тойған құр сүлдерін сүйреп келгенде алып қалған. Амал жоқ алып қалған. Содан бері міне екі жыл өтті. Тілек сол кепе тамда отыр.

Қазір де қызара атқан таңға көз салып қарап отыр. Есіне барлығы түскендей. Көз алды мұнарлана түсті. Тағы да Жомарттың елесі. Бұл жолы қылқындырған жоқ, қорқытқан жоқ, тек қолынан ұстап: «Жүр Тілек, менің жаныма жүр…» деп сүйреп  бара жатты. Жомарт мұны алып кетіп бара жатты. Иә, әр түнде тамағынан қылқындырып келіп жүргені бекер емес екен, ақыры алып кетті…

Тілектің жаназасы. Өмірі інісінің үлкен үйіне кірмеген оның өлі денесі бүгін сол зәулім үйдің есігінен шықты. Ауылда әдетте кім дүние салса да жұрт шулап, жылап-еңіреп жататын. Бұл жолы ешкім дыбыс шығарған жоқ. Тек табытқа салынған мүрдені алып бара жатқан аз ғана топтың соңынан қараған ауыл әйелдері:

– Ойпырмай Жігер деген тасжүрек екен ғой. Жалғыз бауыры, туған бауыры өлгенде көзіне жас аламды ғой…

– Соны айтсайшы…

– Бұл Тілектің қатын бала-шағасы бар еді ғой.. Олар қайда екен?

– Е-е-е, қаңғыбасқа айналған алқаш оларға керек дейсің бе?

– Иә, кімге керек дейсің?.. – десіп бір-бірінен асыра өсектеп жатты…

Осылайша досын сатқан опасыздың өкініші де, соңғы демі де таң алакеуімде бітіп еді… Жаназасы да ешкімді күтпей таң алакеуімде оқылды да кете барды…

НұрСая

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған