ЖЕТІСАЙДЫҢ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында кәсіпкерлік саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай аудан әкімі Серік Мамытов өңірдегі бірқатар кәсіпкерлік және өндірістік нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен аудан басшысы Жетісай қаласындағы орталық саябақ аумағында жеке инвестор қаржысы есебінен салынып жатқан заманауи аттракциондар мен балалар ойын алаңшасының құрылыс алаңында болды. Нысанның құрылыс сапасын бақылап, кәсіпкермен пікір алмасты. Балалардың қауіпсіздігіне басымдық беріліп, орнатылатын ойын құрылғыларының техникалық талаптарға сәйкестігі мен рұқсат құжаттарының толық болуы қатаң назарға алынды.

Аудан әкімі мұндай демалыс орындарының халыққа, әсіресе, жасөспірімдер мен балаларға қолайлы орта қалыптастыруда маңызы зор екенін, тұрғындардың сұранысына сай сапалы әрі қауіпсіз нысандар салудың маңыздылығын жеткізді.

Мұнан кейін Серік Үсенұлы Асықата кенті аумағында жүзеге асырылып жатқан өндірістік паркке барды. Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын аймақта бірнеше өндіріс орындары жоспарға сәйкес орналасып, өз жұмыстарын бастаған. Өндірістік парк аудан экономикасын дамытуға, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретін маңызды жобалардың бірі саналады.

Кәсіпкерлермен кездесу барысында аудан басшысы өндіріс орындарын көбейту арқылы, индустриялық аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану арқылы ауданның инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол екенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды