Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және экономикалық байланыстарды тереңдету. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, заманауи технологияларды енгізу және туризм саласын ілгерілету бағыттарына ерекше назар аударылуда. Бұл ретте Қытай Халық Республикасының жетекші компанияларымен, қаржы институттарымен және салалық қауымдастықтарымен ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестік орнату көзделіп отыр.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Азиядағы гүл шаруашылығының ірі орталықтарының бірі және заманауи агротехнологиялар саласында жетекші өңір ретінде танылған Юньнань провинциясының Куньмин қаласында басталды. Түркістан облысының ресми делегациясы бұл қалаға Қазақстан өңірлері ішінде алғашқылардың бірі болып ресми сапармен барды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Коммунистік партиясының комитет секретары және Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс корпорациясы – Yunnan Construction & Investment Holding Group Co., компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзуцзюньмен кездесті. Елімізде LRT салу жобасына қатысқан Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс және инфрақұрылым холдингі инфрақұрылым, құрылыс, жылжымайтын мүлік, индустриялық парктер және логистика салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Келіссөздер барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, мемлекеттік қолдау тетіктері, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері кеңінен айтылды. Түркістан өңірінде жүзеге асырылатын жаңа жобаларды талқыланды.
– Қытай Халық Республикасының ежелден қалыптасқан қонақжайлық дәстүріне сай, біздің делегацияны жоғары деңгейде қабылдағандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы өзара сенім мен тығыз ынтымақтастық екі ел арасындағы өңіраралық және экономикалық байланыстардың дамуына берік негіз болып отыр. Екі ел арасындағы қатынас өзара сенімге, теңдікке және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке негізделген. Бұл байланыс тек экономикамен шектелмей, өңірлік тұрақтылықтың маңызды тірегіне айналып отыр. Мемлекет басшылары арасындағы тұрақты диалог өңірлік тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл әріптестік «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында да жаңа серпін алды. Түркістан облысы – бизнес жүргізуге барынша қолайлы аймақ. Өңірде іске асырылатын инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сіздерді өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту және экономикалық байланыстарды дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Тараптар Түркістан облысы аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, автожол салу және өңірде логистикалық орталық құру жобаларының маңыздылығы айтылды. Қытай тарапы аталған бастамаларға қатысуға қызығушылық танытып, ұзақ мерзімді серіктестікке дайын екенін жеткізді.
Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі бойынша Қытай көшбасшы үштікке кіретін елдердің қатарында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд. АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт – 19 млрд., импорт – 29,7 млрд. АҚШ долларына жетті. Түркістан облысының осы көрсеткіштегі үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 102 млн, импорт – 582,3 млн).
Түркістан облысында 218 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі, сондай-ақ 300-ден астам шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар жұмыс істейді. Өңір арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының негізгі бөлігін қамтамасыз етеді. Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушы қабылдай алады.
Облыс аумағында 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар инвесторлар үшін жеңілдетілген шарттармен өндірістік алаңдар ұсынылатын шағын өнеркәсіптік парктер дамытылуда. Арнайы экономикалық аймақ «TURKISTAN» аясында 35 басым бағыт бойынша жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік қарастырылған. Резиденттер салықтық және кедендік жеңілдіктерге ие.
Тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілік білдіріп, нақты инвестициялық жобаларды бірлесіп пысықтауға уағдаласты. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен стратегиялық серіктестік өңірлік экономикалық интеграцияны тереңдетуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасап отыр.
Yunnan Construction Investment Group (YCIH) – Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс және инфрақұрылым холдингі. Бұл компания Қазақстандағы Астана LRT (Light Rail Transit) жобасына қатысқан негізгі қытай мердігерлерінің бірі болып табылады. Мемлекеттік холдинг (SOE) Қытайдағы ең ірі құрылыс топтарының қатарына кіреді және «Бір белдеу – бір жол» (Belt and Road Initiative) жобаларына белсенді қатысады.
Компанияның негізгі қызмет бағыттары: автомобиль және теміржол құрылысы, қалалық инфрақұрылым (метро, LRT, көпірлер), энергетика және су жүйелері, ғимарат және өнеркәсіптік құрылыс. Компания Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» стратегиясы аясында көптеген елдерде жұмыс істейді. Қызметкерлер саны 30 000-нан асады.
Түркістан облысы Қазақстан өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан Юньнань провинциясындағы Куньмин қаласымен тікелей байланыс орнатуға жол ашып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, жылыжай технологиялары, гүл шаруашылығы, логистика және экспорт бағыттары бойынша жаңа мүмкіндіктер қарастырылуда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және кәсіпкерлер делегациясы Куньминге арнайы жұмыс сапарымен келіп, екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және аграрлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған келіссөздер жүргізді.
Қытайдың оңтүстік-батысындағы Куньмин қаласы әлемге «Гүлдер астанасы» әрі «Мәңгілік көктем елі» деген атпен танымал. Сонымен қатар бұл қала туризмнің ғана емес, ауыл шаруашылығы мен гүл индустриясының да әлемдік орталықтарының бірі. Соңғы жылдары Куньмин кофе мәдениетінің де халықаралық орталығына айналып келеді. Осындай стратегиялық маңызы зор қалада Түркістан облысының ресми және бизнес делегациясының болуы – өңірдің халықаралық байланыстарын кеңейтудегі маңызды тарихи қадамдардың бірі.
Түркістан облысы табиғи-климаттық әлеуеті жағынан Қазақстандағы ең ірі аграрлық өңірлердің бірі болса, Куньмин мен Юньнань провинциясы Қытайдың ауыл шаруашылығы инновациялары мен экспорттық өндірісінің маңызды орталығы саналады. Сондықтан екі өңірдің әріптестігі жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, заманауи технологияларды тартуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін ұлғайтуға серпін береді.
Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялар тарту және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.

