Түркістан Орталық Азияның гүл хабына айналуы мүмкін. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Қытайдың гүл өсіру саласындағы жетекші өңірі саналатын Юньнань провинциясында Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Лю Цзюньфэнмен кездесті. Кездесу барысында гүл шаруашылығы, логистика, инвестиция және экспорт бағыттарындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Куньмин бүгінде әлемдік гүл индустриясының маңызды орталықтарының бірі болып саналады. Қытайда өсірілетін гүлдердің шамамен 80 пайызы осы өңірде өндіріледі. Мұнда Азиядағы ең ірі гүл саудасы биржасы орналасқан. Қазіргі таңда Куньминде өндірілген гүл өнімдері әлемнің көптеген елдеріне, соның ішінде Қазақстанға экспортталады. Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан өңірінің гүл шаруашылығын дамытуға зор әлеуеті бар екенін айтты.
Облыс басшысы Түркістанның қолайлы географиялық орналасуы, климаттық ерекшеліктері мен еңбек ресурстары гүл өндірісі мен логистикасының өңірлік орталығына айналуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Екі ел арасындағы шекаралық және көлік-логистикалық қолайлылық гүл өнімдерін жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Түркістанда гүл көшеттерін өсіріп, заманауи жылыжай кешендерін дамытып, өңделген өнімдерді Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға толық мүмкіндік бар. Бұл – үлкен нарық әрі зор экономикалық мүмкіндік. Түркістан гүл индустриясының Орталық Азиядағы жаңа орталығына айнала алады. Егер логистикалық хаб пен өндірістік алаңдар Түркістан өңірінде құрылса, біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалады. Біз нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асырып, гүл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге шақырамыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Осыған байланысты облыс әкімі Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасы мен оның мүшелерін Түркістан облысында гүл өндірісі және логистика орталығын құру жобасын бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Түркістан облысы – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетекші өңірлердің бірі. Жылыжай шаруашылығы бойынша республикада бірінші орында тұр. Бүгінде облыстағы жылыжайлардың жалпы аумағы 1007 гектарды құрайды, бұл Қазақстандағы барлық жылыжайлардың 72 пайызына тең. Өңірде дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар банан, лимон, құлпынай секілді субтропикалық дақылдар да табысты өсірілуде. Сонымен бірге голландиялық технологияларды енгізу арқылы раушан гүлдерін өндіру қарқынды дамып келеді.
Айта кетейік, Куньмин гүл индустриясы сауда-өнеркәсіп палатасы 2013 жылы құрылған. Ұйым гүл өсіру, сауда, логистика және электрондық коммерция салаларында жұмыс істейтін 200-ден астам компания мен 500-ге жуық кәсіпкерді біріктіреді. Палата Қытайдағы гүл индустриясын дамытуда маңызды рөл атқарып келеді.
Түркістан мен Куньмин арасындағы әріптестік Қазақстанда гүл шаруашылығының жаңа өндірістік кластерін қалыптастыруға, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және Орталық Азиядағы гүл саудасының жаңа логистикалық бағытын дамытуға серпін бермек.
Түркістан облысының әкімі бастаған ресми және бизнес-делегация Куньмин қаласында орналасқан әлемдегі ең ірі гүл аукциондық орталығында болды. Алып кешен гүл өсіру, сұрыптау, сату және халықаралық нарықтарға жеткізу жұмыстарын бір жерге шоғырландырған заманауи орталық саналады. Мұнда күн сайын миллиондаған гүл саудаланып, Қытайдың әртүрлі өңірлеріне және шетел мемлекеттеріне жөнелтіледі.
Орталықта гүлдердің сан алуан түрін көруге болады. Раушан, лалагүл, қалампыр, хризантема және басқа да көптеген гүлдер арнайы бөлімдерде сатылымға қойылған. Гүлдердің балғындығы мен сапасы жоғары деңгейде сақталады. Сондықтан бұл орын гүл саудасымен айналысатын кәсіпкерлер үшін ғана емес, туристер үшін де қызықты нысан болып табылады. Жыл сайын орталыққа шамамен 15 миллион турист келеді.
Доунань орталығының басты ерекшелігі – электрондық аукцион жүйесі. Аукцион барысында гүлдер арнайы экрандар арқылы сатылымға шығарылады. Бұл жүйе сауда процесін жылдам әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Орталықта гүлдерді сақтау мен тасымалдауға арналған заманауи логистикалық жүйе де жақсы дамыған. Сатылған гүлдер қысқа уақыт ішінде сұрыпталып, арнайы көліктер арқылы елдің әртүрлі өңірлеріне және халықаралық бағыттарға жөнелтіледі. Осылайша өнімнің сапасы сақталып, тұтынушыларға уақытылы жеткізіледі.
Доунань гүл аукциондық орталығына барған келушілер гүл индустриясының жұмысымен танысып қана қоймай, әсем безендірілген гүл композицияларын тамашалай алады. Доунань гүл аукциондық орталығы – гүл өсіру мен саудалаудың озық технологиялары енгізілген бірегей кешен. Орталыққа жасалған сапар делегация мүшелеріне ерекше әсер қалдырып, гүл бизнесінің ауқымы мен мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу нәтижесінде Түркістан облысының делегациясы атынан Сарыағаш ауданында орналасқан «AGRO TUR» шаруа қожалығының басшысы Тұрсын Тасқожаевпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Кәсіпкердің айтуынша, гүл өсіру саласы бойынша Түркістан облысы республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Өңірде өсірілетін гүлдердің сапасы мен сұрыптық ерекшеліктері жоғары деңгейде бағаланады.
– Гүл сатып алу – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейінің көрсеткіші. Бұл бағыттағы бизнесті өңірімізде одан әрі дамытуға зор мүмкіндік бар. Зерттеулерге сүйенсек, елімізде гүл саудасы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі – Түркістан облысы. Бүгін танысқан гүл кешеніндегі өндіріс пен ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жолға қойылғанына көз жеткіздік. Сонымен қатар біздің өңірдің де бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін байқадық. Облыс әкімінің гүл шаруашылығын дамытуға бағытталған орталық хаб құру жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Шаруалар өндіріс пен өсіру жұмыстарына алаңсыз көңіл бөлуі тиіс. Ал өнімді өткізу, логистика және экспорт мәселелерін бір орталықтан үйлестіретін хабтың құрылуы сала кәсіпкерлері үшін үлкен қолдау болып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Тұрсын Тасқожаев.
Түркістан облысы мен Қытайдың гүл индустриясындағы жетекші ұйымдары арасындағы ынтымақтастық өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Гүл өндірісі мен логистикасына бағытталған бірлескен жобалар Түркістанды Орталық Азиядағы ірі гүл саудасы мен экспортының орталығына айналдыруға жол ашады. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын құрып, инвестиция тартуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін бермек. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізу арқылы Түркістан гүл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті өңір ретінде қалыптасып, Қазақстанның гүл индустриясындағы көшбасшылық орнын одан әрі нығайта түседі.

